Сапарбаев әкімдік институттағы нағыз қайраткер азамат - Құлбек Ергөбек

Сапарбаев әкімдік институттағы нағыз қайраткер азамат - Құлбек Ергөбек

Сонымен Бердібек Сапарбаевты зейнеткерлікке шығардық. Ол әкімдік институттағы «топ менеджер» атанған азамат. Біз әдетте әкім біткенді «қайраткер» атап дабырайтып жатамыз. Б.Сапарбаев әкімдік институттағы шын қайраткер азамат. Қазақстанда 5 облысты басқарды. 11 Премьер-министрмен жұмыс істеді. Екі мәрте Премьер-министрдің орынбасары өресінде еңбек етті. Қайда жүрсе де жаман аты шыққан жоқ. Бұған қарап, Сапарбаев сын көрмеген басшы екен деуге тағы жол жоқ. Сапарбаев сынмен өсті. Бір қызығы оған айтылған сынның көбісі – шындыққа сай емес, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, арзымас сын, аяқтан шалу – жуан пендешілік қана.

    Бес жыл қызметтес, қалған уақытта тілеулес жүріп, Бердібек Сапарбаев қызметін ойша саралап келемін. Кейде сынап, кейде жаңалықты ісіне жаныммен қуанып отырамын. Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған сәтте «жасыңыз келді, әкімдік қызметке бекер келдіңіз»-деп құттықтаған басым, бүгін зейнеткерлікке шыққанына қуанып отырмын. Ол қызметкерлік қызметін қорытындылады. Мен оның қызметкерлік жолын саралаймын. 

1. Сапарбаевтың іскерлігіне қазақтың қояр титімдей кінәраты болған жоқ. 

2. Қайда құлаған өңірге жібереді. Ол құлағынан сүйреп жарыққа шығарады. Ең арттағы облысты 5-тікке, тіпті 3-тікке көтереді. Экономиканың бар саласы жарыса қатар дамиды. 

3. Шетел инвесторларын қазақша сөйлетеді. Қазақ азаматтарын жұмысқа тартуды міндеттейді. Халықтың әлеуметтік жағдайына көмектесуді міндеттейді. Шет елдің зауыт басшылары (меншік иелері) қай өңірде де Сапарбаевтан зәрезап. Есесіне, халық жақсы көреді. 

4. Қай өңірде де (Қызылорда, ОҚО, Шығыс, Ақтөбе, Жамбыл) алдымен кәсіпкерлікті жолға қояды. Кәсіпкер әл ауқаты көтерілген соң, оларға: «Енді Сендер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмектесіңдер. Бұл — кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі - дейді оларға. Сөйтіп бұхара халық пен кәсіпкер арасына дәнекер болады. Сол үшін де оны халық жақсы көреді. Кетерінде жылап шығарып салады. 

5.Әкімдік қызметте өңір руханиятына, вице-премьер кезінде қазақ руханиятына ерекше көңіл бөлді. Өзбекәлі Жәнібектен кейін республикада тарихи ескерткіштерге ерекше көңіл аударған, жүрген жерінде музей жасақтауға ден қоятын, қоғам келешегін тәрбиелеуші — мұғалімдерге, олардың жан азығы — кітапхана ісіне, руханият жетекшісі — ақын-жазушы, әнші-күйші, мүсінші, дүйім мәдениет қызметкерін ерекше назарда ұстады. Қысқа мысал:

Қазақстандағы тұңғыш саяси қуғын-сүргін музейін қиын уақытта жоқтан бар жасап, салдырған Сапарбаев. 2000-шы жылы «Мәдениетті қолдау жылын» арқаланып 224 өнер адамына пәтер берген Сапарбаев. Шығысқа қиындықпен Абай ескерткішін орнатқан Сапарбаев. Қиын уақытта Ш. Мұртаза, Т. Молдағали, Ш.Елеукен, Қ. Мырза әлі, Ф. Оңғарсынқызы, Қ.Мұхамбетқалиев т. б. халық деген, қазақ деген қалам иелерін қаржылай қолдағаны және бар. Өңір-өңір жазушылары кітаптарын шығарып, өңірлік журналдарды қаржылай демеген тағы да Сапарбаев. 

6.Әкімдерді, мемқызметкерді, кәсіпкерді қатты қысып ұстайтын ол аяғына керзі етік киіп алып, бұқараның үйіне шақырусыз кіріп барып, халін біліп, қара шәйін бірге ішіп жүре береді. Қасында сот, прокурор, ІІД басшысы бірге жүретін сәттер жиі. Аудан әкімі міндетті түрде. Бірақ, олардың аяғында керзі етік емес, әрине... Бәрін көзімен көреді. Жоқ-жітікке қолма-қол көмектеседі.Содан ғой, өңірден кетерде Сапарбаевты жұрттың жылап шығарып салатыны. Екі сәтке куәмін. Қызылордадан кетерде Әбдіхалықова ныспылы кейуана: «Қарағым, Бердібек, Сен біздің бәріміздің, әрбіріміздің үйіміздегі бір сенім артқан, сенетін, сүйенетін бір-бір баламыз сияқты едің. Сенің төбеңді тилбизердан (теледидар) көргенде «Е, ел аман, жұрт тыныш екен ғой..»-деп шүкіршілік ететін едік»-деп көзіне жас алғанына куәмін кейуананың. 

    Шымкенттен (ОҚО) аттанарда қарт генерал Қалменовтің: «Бұрынғы секретарлар, сәл кейінгі әкімдерден бұл сиырдың бүйрегіндей бөлініп қалған, әрі жемқор билік жайлаған өңірден атына бір ауыз сөз, артына шөп (өсек-аяң) ілестірмей, жолың таза, қолың таза кетіп бара жатқан тұңғыш бірінші басшысың, қарағым»-деп толқығанына куәмін. 

ШҚО, Ақтөбеден жұрттың жылап қоштасып, қимай шығарып салғанын ф/б-дан көрген боларсыздар. 

7.«Оңтүстікке әкім болу — жалаңаш к.. н кірпішешеннің үстіне отырғанмен пара-пар» (Қалтай Мұхамеджанов) саналған ОҚО-да бірнеше ісіне куәмін: 

   а). Жарық, жылу, газ жоқ... Жұрт 8-ші қабаттан етін турап, картобын салып, жерге жаяу түсіп, ілдебай жер ошаққа көшедегі ағашты сындырып жағып, тамағын пісіріп алып, 8-ші қабаттағы суық пәтеріне белі майысып қазанын көтеріп шығып бара жататын қиын сәт. Көзіміз көрді. Өзіміз де бастан кештік. Өзбекстанмен келісіп, жарығын, газын жағып, жылуын (ТЭЦ) беріп, түн-түнекте отырған шымкенттіктерді күн-күнеске шығарған Сапарбаев еді. 

   ә). Оңтүстіктің оңтүстігі- Мырзашөлге Ташкентті басып өту мұң бір кез болды. Қате демаркация, делемитациядан Сырдария көпірі (өз жерімізде) Өзбекстанға өтіп кетті. Жол жабылды. Сырдың екі беті бір-біріне қатыса алмай аңырады. Өзі күйсіз халық. Сонда Сапарбаев сандаған млрд. қаржы тілейтін көпірді аз уақытта, аз ғана қаржыға ұйымдастырып салды. Жұрттан алғыс алды. Таңданбай көріңіз. 

   б). Байтал түгілі, бас қайғы заман. Түркістанның 1500 жылдығы айтылады да жайына қала береді. Шаңға оранған қала шаң жұтып қала береді. Ол кезде облыс бюджеті қазіргі бір аудан бюджетінен қайда аз. Қаражолдан қаражат шығаратын Сапарбаев «Түркістан - түрік дүниесіне ашылар есігіміз»-деп жүріп, алдымен ішке (ҚР), сосын түрік дүниесіне сауын айта жүріп, Түркістанның 1500 жылдық тойын халықаралық өреде өткізе алды. (Н. Назарбаев та Түркістан қорына бір күндік жалақысын аударған еді.) Түркістан тойы - руханият тойы. Көре алмастар «Түркістан тойға дайын емес»-деп Сапарбаевты Президентке жамандап, сол кезгі Премьер министр Қ. К. Тоқаев арнайы келіп, бәрін аралап көріп, «Түркістан тойға дайын»-деген дәйекті, әділ хабарламасынан соң «әупірім-тәңірмен» өтіп еді Түркістан тойы. Сөйтіп, болмашы қаржыға қазақ халқын мәртебесі халықаралық өреге көтерген тарихи той өтіп еді. Әрине, Сапарбаевтың ілкімділігінің арқасында. 

   в) Бұрынғы әкімдер жекеге сатып жіберген қаншама өндіріс ошақтарын, мәдениет ғимараттарын, электр желілерін мемлекетке қайтарып алып, халыққа беремін деп те шаршады Сапарбаев. Өйткені, ол жекешеленудің арғы жағында тығылып отырған меншік иелері Назарбаевтың айналасында жүр еді. Осыған да бара алған Сапарбаев! 

     Жә, тоқтайын. Мен бар болғаны «Алғадай азамат» (Ә. Кекілбайұлы) атанған іскер әкім, халықшыл әкім жайында ойтамызық қана тастауды ойлап едім. Қайда кетіп қалдым осы? Жо-жоқ, тоқтай тұрыңыз, Сапарбаев соңғы қызмет орны Жамбыл облысының әкімі райында не істей қойды?

      Ақтөбе жұртшылығы толқып, зорға жіберген Сапарбаев аз уақыттық вице-Премьерліктен «дұнған» дауына араласты. Арашашы болып келген Вицені Қ. К. Тоқаев араның ұясындай дуылдаған да гуілдеген өңірге әкім етіп тағайындады да жіберді. Біз былай құттықтадық су жаңа, әрі кәнігі іскер әкімді: «Беке, жасыңыз келді. Әкімдікке неге келісесіз? Өзіңіз үшін өмір сүрмейсіз бе, қалған аз ғана ғұмырды?» Құттықтауымыздың түрі... Алған жауабымыз: «Басыңа қаншасыншы размер бас киім киесің? Билік ауысып жатыр. Шамасы, менің төрт облыста әкім болған іс-тәжірибем керек болған шығар. Президент сенім артқанда, мен барғым келмей тайсақтасам, ол қалай болады? Жаңа басшыға жәрдем беру - азаматтық парыз емес пе? Әрине, облысты бір көтеріп берсем, содан кейін, абыроймен кету - бар ойым!» Енді келіп Сапарбаев ісін саралаймын. Сапарбаев аз уақытта Жамбыл облысында: 

    1.Сапарбаев келгелі облыс табиғи апаттар, ұлтаралық қақтығыс, қоймадағы қару-жарақ жарылысы секілді тосын бұрқақ, буырқаныстардан көз ашпады. Сапарбаевқа қатысы болмаса да, өңір басшысы жауапты. 

   2.Келе кадр ауыстырды. Біраз басшы кетті бөстегін көтеріп. (Соның ішінде менің «бауыздау құдам» да кетті. Төрт немере сыйлаған келінімнің жүзіне қарай алмай қалдым.) Бұл - амалсыз шара. 

    3. Асқар Мырзахметов кезіндегі, кейінгі жаңа жобалар жүзеге асып, кәсіпкерлік жолға түсіп жүріп кетті. 

    4. Сабақтастырып айтсақ, пандемияға қарамай, өндіріс орындары еңсе көтерді. Вакцина зауыты, өзге де өндіріс ошақтары іске кірісті. Теледен «таяуда енді 4 зауыт ашамыз»-деп алақанын ысып сөйледі әкім. Іске сәт-дедік біз.

   5.Тараз совет кезінде тері, жүн-жұрқа зауытының отаны болған. Бүгін неге болмайды?-деп Сапарбаев шет ел инвесторларының ізінде жүр деп есітігемін. 

   6.Талас-Тараз — тарихи жер-деп білетін әкім өңірдің шығысы мен орталығынан тарихи туризмді, оңтүстік батысынан табиғатпен астасқан туризмді дамытсақ деп алақанға түкіретіні және бар. Мұның бәрі біздің сырт байқауымыз. Аздап ақ-адал араласатыным да бар. 

   7.«Жамбыл» журналы 17 млн. қарызға отырған еді. Несіпбектей (Дәуітаев) көрнекті жазушы ағаға деген құрметпен әкімге құлаққағыс жасадық.«Жамбыл жылында (175) «Жамбыл» журналын батпаққа батырғанымыз ұят»-деп, қарыздан алып шықты һәм жылдық сыбағасын дұрыс шешіпті. 

     Әлеуметтік желіде (фейзбук) «Жамбыл жайында Москва, Санкт Петербург архивтерінен жинап алған жинағымның» барын оқып, көмекке келетінін айтып қуантқаны бар. Жақсы шырай танытқанын арқаланып, Мәлік Отарбаевтай жақсы жазушы, ақ жүректі азаматты айтып, қызметке қойғыза алмадым. (Сол өңірдің тумасы. Түркістанда орынбасарлықтан шетін шеттетілді деп білемін.) Бұрын әр жылдары Қ. Мұхаметқали, Ш. Елеукенов, М. Ақдәулетов, Ұ. Есдәулет жайында жақсы пікір туғызғаным бар еді. Мәлік жайында да жақсы пікір ұялатумен шектелдім. 

    8. ОҚО-да «ДТ», «ҚТ» көп залал келтіріп еді азаматқа. Нақақтан-нақақ. Халық өз пайдасын білмейді. Жә, тағы... Енді көне Тараз, жаңа Жамбыл жерінде «ДТ» — «Ошақтының» көзге көрінбес таласын уайымдап жүрді. Бері салғанда ұлт ынтымағы, әрі салғанда дүйім Түрік тұтастығын мұрат тұтатын, «Баба Қорқыт - түрік атасы» атап, «Фараби - ортағасырлық ренессанс тұлғасы» -деп, «Алтай - түрік жұртының алтын бесігі» атап, халықаралық конференция өткізумен халқын, жұртын түрік халықтары ынтымақ-бірлігіне бастаумен жүрген айжүзді азамат үшін өз ұлтымыздың ішіндегі кішкентай сызат, жарықшақтың өзі азамат жүрегіне үлкен салмақ тә. Сапарбаев үшін «Бар қазақ менің жалғызым!» (С.Адай). Ол қай өңірде басшылық жасаса да осы бір ұстанымнан ешқашан айныған емес. 

   Қайда барса, сол өңірдің азаматын өсірді.

   Өңірден қызмет ауыстырып кетерінде орнына орынбасарын қалдырып кету де Бердібек Сапарбаевқа тән үрдіс! Қызылорда, Шымкентте солай болған. Міне, Таразда да өз орнына орынбасарын қалдырып, зейнеткерлікке шықты.

   Қайраткер болмақ қызметтен емес. Қайраткерлік ел-жұрт, мемлекет деген іргелі ойдан. Бердібек Сапарбаев зейнеткерлікке шықты. Тән демалар, қайраткерлік ойға демалыс жоқ!

Құлбек Ергөбек, 

Қазақ үні