Ұлт денсаулығы – ұлттың баға жетпес байлығы

Ұлт денсаулығы – ұлттың баға жетпес байлығы

Денсаулық – бұл әр адамның және бүкіл қоғамның баға жетпес байлығы. Ұлт денсаулығы – мемлекеттің күші! Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Ұлы ойшыл Сократқа кезінде мынадай сұрақ қойыпты: «Адамға өмірде не қымбат, байлық па, даңқ па?». Сонда Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей ауру патшадан бақыттырақ»,- деп жауап берген екен. Яғни, адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек. Адам азбаса, ұлт тозбайды. 

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының жарғысында: «Денсаулық – физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі»,- деп көрсетілген. Яғни, тек он екі мүшесі сау болып қана қоймай, адамдар, сонымен қатар, еңбек етуге қабілетті, қоғаммен араласа алатындай болу тиіс. Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің ең басты байлығы – адам және оның өмірі, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.

Біздің халқымыз ежелден денсаулыққа аса мән беріп, бірінші орынға қойған. «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Денсаулығымыз жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан қайта дамытуға айрықша көңіл бөліне бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда.

Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады:

Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру.

Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету.

Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар.


Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді. Дені сау адамды қалыптастырудың, оның денсаулығын одан әрі сақтаудың міндетті шарты – дене шынықтыру және спорт. Қазақстан Президенті жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың, сондай-ақ, жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін де, халықтың дене шынықтырумен және спортпен белсенді шұғылдануы үшін де барлық қажетті жағдайларды жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты қолдау әрқашан мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан Қазақстанда спорттық мансап үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған. Бүкіл ел бойынша стадиондар, спорт мектептері, бассейндер және басқа да жүздеген спорт нысандары бар. Еліміздің барлық спорт нысандары тек мақтаныш үшін емес, ең алдымен адамдарға қызмет етеді және барлығына қолжетімді.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қабылдануы да тегін емес, себебі қазіргі коронавирустық пандемия әсерінен туындаған экономикалық залал, еліміздің қиын кезеңге аяқ басуының белгісі болып табылады. Осындай қиын-қыстау кезеңде ұлттың денсаулығын көтеру ел экономикасын дамытуға байланысты. Егер елдердің табыс деңгейі мен өлім арасындағы корреляцияны қарастыратын болсақ, онда байланыс тікелей байқалады: ел неғұрлым бай болса, өлім деңгейі соғұрлым төмен және өмір сүру ұзақтығы жоғары болады. Дамыған елдерден айырмашылығы, дамушы экономикаларда, әсіресе, кедей елдерде экономикалық дағдарыстар мен құлдырау кезінде өлім-жітімнің өсуі жиі байқалады. Бұл құбылысты түсіндіретін бірнеше механизмдер бар. Біріншіден, әдетте, дағдарыстар дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерге көбірек соққы береді. Оларда ЖІӨ көбірек төмендейді, ал халықтың табысы мен өмір сүру стандарттары әлсірейді, кедейлік жоғарылайды. Екіншіден, әлеуметтік қорғау мен медициналық қамтамасыз етудің төмен деңгейіне, сондай-ақ несиелік шектеулерге, халықтың кедей топтарының экономикалық күйзелістерді бәсеңдету мүмкіндігіне кедергі келтіретін жинақтарының болмауына байланысты халықтың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін: нәтижесінде – тамақтану сапасының нашарлауы, профилактикалық медициналық қызметтерге төмен назар аудару, сондай-ақ халықтың кедей топтарының дәрі-дәрмектерге және медициналық қызметтерге ақы төлеуге қаражатының жетіспеуі мәселелері туындайды.

Мұның бәрі дағдарыс кезеңінде өлімнің өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, кадрлардың жетіспеушілігінен медициналық көмектің нашарлауы және денсаулық сақтау жүйесіне мемлекеттік шығындардың төмендеуі, әсіресе ауыр экономикалық құлдырау кезінде, құлдырау мен дағдарыс кезінде өлімнің өсуіне әкеледі. Ал, қабылданған ұлттық жоба төрт түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп осындай әлеуметтік-экономикалық салдарлардың алдын алуға септігін тигізеді.

Ұлттық жобаның бірінші бағытын жүзеге асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен толықтай қамтамасыз етіледі. Кем дегенде 40 денсаулық сақтау нысанын және 2 ғылыми орталықты жаңғырту жоспарланған. Тегін медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмектің жалпы көлемінде амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көлемін кеңейту қарастырылған. Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринигтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге (18%-дан 60%-ға) дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Халыққа сапалы қызмет көрсету көбінесе біліктілікке және қажетті мамандардың болуына байланысты. Сондықтан ұлттық жобаның бірінші бағыты аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентуралық білім беру гранттарының санын арттыру, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлер санын көбейту көзделген.

Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік жіне сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданады. 

Ұлттық жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалар ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде отыз жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған.

Ал, Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы салауатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.

Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: "Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек",- деген екен. Сол секілді, барлық үлкен ұлы істер жеке адамның, ұйымның, елдің қолымен жасалады. Ұлттың, ұйымның кішкене ғана бірігіп жасаған ісі мемлекет тарихында үлкен орын алуы мүмкін. Сондықтан өзім қызмет ететін ҚазҰУ-де «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына байланысты Ректорымыз Түймебаев Жансейіт Қансейтұлы жастарға сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік-рухани – адамгершілік пен салауатты өмір салтына тәрбиелеу ісін қайта жаңғыртуға ерекше назар аударуда. Өйткені, ғылым мен техниканың күн санап қарыштап дамуы, экологиялық зардаптардың белең алуы, ой еңбегі мен дене еңбегінің ара қатынасының алшақтауы, әр түрлі зиянды әдеттерге (шылым тарту, алкоголь ішімдігі, есірткі пайдалану, т.б) қарсы салауатты өмір салтын қалыптастыратын тегеурінді күш – бұл спорт. Спортпен шұғылданған жастардың денсаулығы мықты, әлді, төзімді, икемді, эмоционалдық жағынан тұрақты болады.

Университетте оқытушылар мен студенттерге спорттың көптеген түрімен айналысуға мамандандырылған көп функционалды жаттығу кешендері мен жаттықтырушы мамандардың қызметтері көрсетіледі. Жалпы, спорт кешенінің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай 7250 ш.м. аумақта тұрады. Сондай-ақ, 22 спорт түрі бойынша кез келген деңгей мен дәрежедегі жарыстарды қабылдайды және қамтамасыз етеді. Университет басшылығы тарапынан білім мен кәсіби спортты сабақтастырып, қатар алып жүрген студенттерімізді қолдап отырады. Олардың ұлттық, халықаралық спорттағы жетістіктері де баршылық.

Қорытындылай келгенде, салауаттылығымыз, біліміміз және ғылымымыз дамудың іргетасы болуымен қатар, еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы. Салауаттылық, білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі денсаулық пен білімділікте екенін ұлы Абай жақсы айтқан. Ол: «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма»,- дейді. Иә, бүгінгі таңда ұлы ақынынмыздың өсиетімен егемен еліміз дарынды балаларын әлемнің іргелі оқу орындарына заманауи білім мен ғылымды меңгеруге қомақты инвестиция жұмсап, ұлттық адами капиталдың әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп жатыр. Бұл баршамызды қуантатын үрдіс. 

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Э.ғ.к., доцент м.а. Ж.Т.Бейсенбаев, И.О.Құлиев