Горбачевтан сұқбат алған жалғыз қазақ журналисі еді…

Горбачевтан сұқбат алған жалғыз қазақ журналисі еді…

Киелі Отырардан суық хабар жетті…

Белгілі журналист Алмас Ақылбек жүріп келе жатып, жүректен кетіпті… Сап-сау жүрген секілді еді сырт көзге…

Алла алдынан жарылқасын! 

Үш-төрт айдай бұрын композитор Қалдыбек Құрманәлінің тойында кездесіп едік. Баяғыда марқұм жазушы досымыз Есжан Айнабеков таныстырып еді… Иә, сол кезде Шымкентте республикалық “Жігер” фестивалына облыстан іріктеу өтетін. Сонда көрдім алғаш рет, 1987 жылдары болуы керек. Ұзақ толғау оқығанда тағы бір досы, сазсырнай жасаушы Кендебай болуы керек, сол қосылып, өлеңін сахналық қойылымға айналдырып жіберген еді…  

Өзі Есжан екеуі бір ауылдан болуы керек. Қалдыбек досы екеуі қатар жүретін бір кездері жұп жазбай. “Шәмші” журналын шығаруға зор үлес қосты.

“Жас Алашта” жапырып жазып жүрді. Өзі өлеңдерін жатқа оқитын Мұқтар Шаханов ағасына “оққағар” болып жүрген кезі де бар. Кеңес Одағының тұңғыш та, соңғы президенті Горбачевтан сұқбат алған тұңғыш та соңғы қазақ журналисі болса керек Алмас бауырымыз.


“Оңтүстік Қазақстан” газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып істеді. Жазуы жақсы еді! 

Біздің “Қазақ үні” газетімізге де мақала жіберіп қоятын. Бір кезде Шымкентте кездесіп қалып, бірнеше күн бірге сейіл құрғанымыз бар еді… Алматыға келгенде де кейде үйге іздеп келіп жүретін… Зор кеудесіне сай көңілі де кең, нар қазақ еді!

Қасиетті Рамазан айында қайтпас сапарға аттанды…

Қасиетті жерге қойылды… Алыс сапарға аттандырудың бар ауыртпашылығы мен жауапкершілігін көтерген, қашанда досқа адал, осындай қиындық туғанда бірден кірісіп кететін Қалдыбек Құрманәліге Алла разы болсын!

Алмас бауырымыздың алды пейіш, арты кеніш болғай! Ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр бергей! Отбасы мен туған-туыстарының қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз.

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні