ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ
2022 ж. 11 сәуір
1071
0
Қазір біреудің жақсылығын айтсаң, жағымпаз атандыратын, мінін айтсаң, бәлеқор дейтін, үндемесең, «құлдық санадағы пендеге» айналдырып шыға келетіндердің «дәурені» жүріп жатқан «бір қызық» заман боп тұр. Бұған жел беріп, су бүркетіндердің дені, әлбетте, әлеуметтік желідегі желбуаз пікірлі, боссөзді желбіржекен жандар. Бірақ мен өз басым «осыныма ел не дейді екен?», «жұрт қалай қарайды?» деп жан-жағына жалтақтайтын адамның сұрпынан емеспін. Содан да шығар, наурыздың он алтысында, сәрсенбі күні сағат 11.00-де телеарналарымыздан тікелей берілген мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдауын көріп, тыңдап отырып, осы бір ғана тақырыпқа бір мезетте бір ғана фейсбук парақшаларымның беттерінде бас-аяғы 30 шақты пост арнап тастаппын. Бұл нені білдіреді. Бұл ¬– Жолдаудың әр жолынан, Президенттің әр сөзінен алған әдемі әсерімнің ізін суытпай айналамдағы жақын-жуықтарыммен бөліскенім деген сөз.
Шынын айту керек, Қ.Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауынан көп жаңалық, көп өзгеріс күткеніміз рас. Қоғамға келелі өзгерістердің қажет болғанын, халықтың әсіресе, нақты қай бағыттың түбегейлі өзгеруін қалайтынын, және ол жаңа бағытқа қай жолмен жүрсе дөп түсетінін нұсқай алатын бағдарды бір көрсетсе мемлекет басшысының өзі көрсете алатынына кәміл иландық. Өйткені бұл сенім, жасыратыны жоқ, ол кісіге жұрт тарапынан тарих тақтасына қаралы, қанды әріппен таңбаланған «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі шешуші рөлді бір өзі атқарғанда ұяланылып үлгерген-тін.
Сондықтан да, "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдаудың, алдымен, "Бәрекелді!" дегізіп, дүйім елді елең еткізген тұстарына тоқталғанымызды жөн көріп отырмыз.
Президент өз Жолдауында Алматы агломерациясына қатысты түйіткілді мәселелердің көптігін айтқан. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай еместігін айтты. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысының екіге бөлінетіндігін және бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылатындығын жеткізді. Енді Алматы облысының орталығы Қапшағайда, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасатын болады. "Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады", – деді ол. Сондай-ақ, Қапшағай қаласының атын Қонаевтың есіміне ауыстыруға келісетінін жеткізген Президенттің сөзінен заманымыздың ұлы тұлғасы Д.А.Қонаевтың есімі расымен де енді мықтап ұлықталар ұтымды уақыттың келгені бірден байқалды. Оның үстіне биыл ол кісінің туғанына 110 жыл да толып отыр. Бұдан неше ондаған жылдар бұрыннан бері қозғалып келе жатқан бұл ұсыныстың жүзеге асырылуы нағыз осы мерейлі сәтке тұспа-тұс келген тұжырым болды. "Игіліктің ерте-кеші жоқ". Ұлы қайраткерді өз биігіне қондырар сәттің кешігіп болса да пайда болғаны – әділеттіліктің салтанат құрғаны деп түсінуіміз керек. "Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Д.Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын", – деген Президенттің сөзіне шәпкесін көкке ата қуанғандар қаншалықты көп болса, "Казинолы Қапшағайға емес, астанаға беру керек атын" деп қиыстан бұра тартушылар да шығып қалып жатты. Қашан да соңын сабырмен күтетін біздер болсақ, алдымен Қапшағайға аты берілсе, сосын, Қонаевтың есімін алған әсем қаланың атына заты да сай болуы керек делініп, құмар ойындардың ордасына айналған қалашықтың кесиет кесірлі кейпі тарылып, таулы жұпары заңғар тазалықпен рухтандырылып, бірте-бірте әдебиет пен өнердің рухани қазығы шоғырландырылатын мәдениет ортасына айналатын шығар деп, көңіл көншітіп отырмыз.
Күллі Алаш жұртын дүр сілкіндіріп қуантқан жаңалықтың енді бірі Семей аймағында Абай облысын құру туралы идея болды. Қаншама жылдардан бері жетімдік көрген жасық баладай күй кешіп жаутаңдаған, Шығыс Қазақстан, Өскеменге жалтақтап келе жатқан Семей қаласының облыс орталығына айналатынын, және ол орталықтың ұлы Абай хакімнің есімін егеленетінін алғаш естігендегі эмоциямызды дәл сол күнгідегідей көз алдарыңызға елестете алмаспыз. Дегенімен де, бұл жаңалықтың көкейімізді әлі күнге шейін сәулелендіріп тұрғанын қалай бүкпекпіз. Жезқазған қаласы да қайтадан облыс орталығына айналып, Ұлытау облысы атанатын болды. Өмірге келетін жаңа аймақтың "Ұлытау" деген киелі атауының өзі қандай шіркін! "Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз", – деген Президенттің сөзі сөз-ақ!
Бұл шешімдердің арғы жағында үлкен әлеуметтік тақырыптар тұр. Ең жоқ дегенде жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықтың жүрімі қысқарады. Қаржылық дағдарыстардың түйіні тарқатылады. Азық-түліктің проблемалары азаяды. Оның ар жағында, осының нәтижесінде - баспана, отбасы, демографиялық өсім, көші-қон, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтар, тағы да басқа көптеген әлеуметтік саясат мәселелері жолға дұрыс қойылмай ма.
Айтпақшы, сөзіміздің басын әлеуметтік желімен байланыстыра өріп едік қой. Президенттің елімізде бірнеше облыс пен облыс орталықтарының құрылатындығы туралы жоғарыдағы хабарын сүйіншілей жөнелген фейсбук пен инстаграм желілері әлі ашылып та үлгермеген сол аймақтар мен өңірлерге кімдердің басшы болып баруы мүмкін екеніне де жасалған болжамдарды "өтірікті шындай, шынды тыңдай" гулетіп таратып үлгергенде, аңғал көңілдер бір-бірін құттықтасып, әкімдікке "үміткерлерлерге" ақжол тілесе бастаған.
Мысалы, Семей өңіріне Нұртай Сабильяновты да, Берік Уәлиді де, Ақберен Елгезекті де, т.б.-ды фейкпен әкім қып "отырғызып" қойған, ақкөңіл халайық, әрине, оларды, тұлға ретінде бағалайтындықтан, сол лауазымға лайық көргендеріне ризамыз. Екі ортада олардың сол өңірдің тумалары екенін біліп алдық.
"Алайда, біздің осылай "ойластырғанымыз" дұрыс па? Қателіктер мен кемшіліктердің бәрі осылай пайымдаудан шығады: Абай облысына немесе Семейге әкім болуы мүмкін деген болжамдарды сол өлкенің тумаларына ғана теліп, әкімдік орынтаққа семейліктер ғана отырады деп есептеу өрескелдік емес пе. Жезқазғандықтар мен алматылықтар жайлы да бұлай өлшеу – өресіздік деп білеміз. Жүзге бөлініп, жершілдікке тартқаннан ауызымыз күйетін уақыт болды емес пе?!.
Руды, ата тек, шежірені тек қана қыз берісіп, қыз алысқанда ғана гендік қанымыздың тазалығы үшін ғана сақтасақ болмай ма?!. Қалған уақытта бәріміз Қазақ деген бір атаның баласы, Алаштың Ғұннан, Сақтан тараған ортақ ұрпағы емеспіз бе?!.
Неге жаңадан ашылып жатқан облыс, аймақ, қалалар орталықтарын басқаруға басқа өңірдің адамдарын да "қойып" көрмеске! Біздің қазақта талай-талай жігіттер бар емес пе нарқасқа! Әр өңірде де азаматтар табылады біртуар, жігіттердің де төрелері шығады іздесек! "Байтал шауып бәйге алмас" деп сыңаржақтықпен өзеуремесек, қазақтың небір қыздары да бар сенім артар. Желсөзді құйындай ұйтқыта айдайтын желідегі "дейді-дейділік" қой, әзірге, ...әйтпесе, сіз бен бізден әкімдікке кімді қояйын деп кім сұрап жатыр.
Дегенмен, жақсы сөз жібере берейік, жарым ырысқа айнала берсін дейтін шығарсыздар.
Тек, жерге (руға) бөліп, "қызмет" "таратқанды" қойыңдар, Ағайын!
Өзіміз санамызға дерт боп жабысқан жемқорлық пен сыбайластықтан көз ашып, құтыла алмай жатқанда, бұлай ету жарамайды! Қазақты құртатын – жершілдік!" деп жаздық өз парақшамызға...
Тұтасынан алғанда дамудың жаңа сатысын саралап берген Жолдауда көкейге қонатын көп бастама көтерілді. Қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған бұл бастамаларына "асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық", "қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар" деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілердің де болғанын ашық айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының енді біреулердің геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді "горбачевтік қайта құрудағы" сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптеріне қарамастан елге түбегейлі реформалар енгізу үшін тәуекелге бел байлағанына еріксіз тәнті боласыз. Президент:
- Қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін және мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететін "Елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын" ұсынды;
- Билік институттарының тепе-теңдігінің оңтайлы болуын қамамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізетін жаңа жүйені - басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшуді мәлім етті;
Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру үшін "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" қағидатын басшылыққа алатынын қатаң ескерткен мемлекет басшысы "Президенттің өкілеттігі туралы", "Өкілді билік тармағын қайта құру", "Сайлау жүйесін жетілдіру", "Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту", "Сайлау үдерісін жаңғырту", "Құқық қорғау институттарын күшейту", "БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту", "Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру", "Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру", "Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы" он негізгі басымдықты қамтитын бастаманың атын атап, түсін түстеп берді.
- Өз міндетін табысты атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды, ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратын Ұлттық құрылтай құрылмақ;
- ҚР Президенті ешқандай партия мүшесі болмайтын болды;
- Ассамблея депутаттарының саны 9-дан 5-ке қысқарды; Партия кұруға керекті қолдың саны 5 мыңға түсті, яғни партия құруға бес мың адам саны жеткілікті болады деген сөз;
- Байқаушылардың мерейі үстем болатын болды - Президенттің айтуынша, алдағы таяу күндерде Сайлау рәсімдері жетілдіріледі. "Демократия тарихы – сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы деген сөз",-деген Тоқаев жергілікті және мемлекеттік басқарудағы өкілдіктердің жұмысы бірте-бірте сайлау арқылы, халықтық таңдау арқылы іске асырыла бастағанынан дәлелдер келтірді. Жариялылық деген осы. Ашықтық пен айқындылыққа негізделсе, атқарушы органдардың ісінде кем-кетік мүлде болмауы тиіс.
- Президенттің туыстары ешқандай жоғары мемлекеттік билікті иеленбейтін болды;
- Конституциялық сот құрылады - Жолдауда аталған мәселенің бірі - осы, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге Коституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік беру. Бұл деген сөз, расымен де, әділ әрі құқықтық мемлекеттің пайда болуына жасалатын маңызды қадам. Себебі, біздің қоғамдағы ең қымбат фактор – адам капиталы. Ал әрбір азаматының мүддесін панасына алып, әрбір азаматының құқығын қорғауға тырысатын мемлекет нағыз өркениетті, кемелденген мемлекет санатына қосылмақ.
-БАҚ-қа түбегейлі еркіндік берілетін болды – Ақпарат көздерінен алуан ақпарат күндіз-түні, қысы-жазы, үздіксіз, үзіліссіз үдеп, толассыз жауындай төпелеп жауып тұрған шағында қарапайым жұртта шынайы ақпарға зәрулік пайда болады. Осы кезде, олардың сүйенері отандық бұқаралық ақпарат құралдары болмақ. Президенттің БАҚ жайлы жоғарыда айтылған сөзін, атқарушы билік өкілдерінің тарапынан туындайтын цензорлық көзқарастың аса зиянды әрекеттерін меңзегені және сондай тірлікке үзілді-қарсылы тыйым салынатынына кепілдік бергені деп түсіндік.
- Жоғары аудиторлық палата құрылады; Республикалық бюджеттің сапалы орындалуына Парламент өзінің қатаң бақылауын күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды Қасым-Жомарт Кемелұлы.
- Жазалар қатаңдатылады; Зорлық-зомбылыққа қарсы жазалар қатаң күшейтілетін болды. Президент Парламент пен Үкіметке қатал тапсырма берді. «Менің азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға ерекше назар аударатынымды білесіздер. 2020 жылы біздің еліміз өлім жазасының күшін жоюды көздейтін азаматтық-саяси құқықтар туралы екінші факультативті хаттамаға қосылды. Өткен жылы мен осы саланы ұзақ мерзімді және кешенді дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы әрі қарайғы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен басқа да бірқатар прогрессивті бастамалар іске асырылды. Алайда, құқық қорғау проблематикасы үнемі жетілдіруді талап етеді», – деген Қ.К.Тоқаев өлім жазасын жою шешімін түпкілікті бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу керектігін өте орынды айтты. Себебі, әділдік үстем болатын құрылымда қоғам міндетті түрде принципті ғана емес, өзінен-өзі парасаттылық сипатқа еге болатыны да айдан анық. Тек енді алдан бұл іске жауаптыларды осы жұмыстарды жүзеге дұрыстап асыру функциясы күтеді.
- Конституцияның 30-дан астам бабы өзеретін болды; Сондай-ақ жыл соңына дейін 20-дан астам жаңа заң қабылданатын болады. Президенттің сөзінде келтірілген бұл ой бір қарағанға өзекті боп көрінбеуі мүмкін. Өйткені, көпшілігіміз заман өзгерген сайын заңдардың өзгерістер мен түзетулерге жиі ұшырай беруін бұрынғы ой-пікірлерімізде де сынға алатынбыз.
Заң деген Тәуке ханның "Жеті жарғысындай" бұлжымас қағидатқа айналмай ма дейтінбіз іштей қынжыла. Бірақ осы жолы аздап өзгерту енгізбесе болмайды, өйткені Ата Заңымызда бұрынғы уақыттардың сарқыншағындай солқылдақ тұстар бар-тын. Жаңара бастаған Қазақстанға бұлжымай жүзеге асырылатын Ата Заң қажет! Бәлкім сосын, 300 жылда бес-ақ өзгеріс енгізілген АҚШ-тікі сияқты мызғымас Конституцияға айналар.
ҚР Президентінің өз Жолдауының соңында дүйім елді елең еткізген соны бір сөзі болды: "Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын!"
"Міне, азамат! Бұл сөз бұрын-соңды неге басқамыздың ойымызға келмеген?.." деген таңданысымызды жасыра алмаған ризашылық толы эмоциямыз әлеуметтік желінің аппақ парағына ақ жауындай себелеген. Бұған дейін ылғи "Бүгінше шыдайық, ертеңгі күніміз жақсы болар", "болашағымыз жарқын болады, келешекте бақытты ғұмыр кешеміз" деп жылт еткен үміттің жалынсыз отына жылынып, сенімсіз сенімнің болар-болмас жарығын қалқалап, қанағатшылдық пен тәубешілдіктің авансымен өмір кешіп те келе жатқан едік қой. Неткен төзімді едік. Төзімділік әрине кемшілік емес. "Не деген көнбіспіз" деуіміз керек шығар. Көнбістік деген, бұл енді - нағыз құлдық психологияның апогейі емес пе.
"Шықпа жаным, шықпамен" күн көрген қазағым, ертең деп, келер күнге емексімей, бүгіннен бастап бақытқа кенелсек, қанеки, шіркін!..
Халыққа қажетті реформаларды жасауды өзінің президенттік басты міндеті санаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы әрбір сөзі сын-қатерлі күндердегі барлық ауыртпашылықты өз мойнымен мойымай көтеруге бел буғанын айғақтап тұрғандай. Алда сан тараулы соқтықпалы соқпақсыз жолдар. Енді одан елді оңға да, солға да шайқалтпай, қылкөпірдей қауіптерден аман-есен алып шығу - осы кісінің жауапкершілігінде.
"Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық". Өз Жолдауында осы сөздің астын сыза, баса айтқан Президент қас-қағым сәтте көз алдымызға қаралы қаңтардың қасіретті суретін әкеліп, содан бері де әлі күнге дейін әрі-сәрі күйде жүрген желсөзділердің ақыл-есін жиып бергендей күйге түсірді. Тар жол, тайғақ кешу бастан өткен тап сол кездерде "Билік құламайды!" деп табандылық танытқан Тоқаев жоғарыда біз сөз еткен Жолдауы арқылы бұрынғыдан да биіктеп кетпесе, еш төмендеген жоқ. Бұдан екі-үш жыл бұрын денсаулықтың қадірін ұққанбыз. Бұдан екі-үш ай бұрын бейбіт өмірдің қадірін түсіндік. Демек, Президенттің Халқымызға жолдаған сөзімен келіспеске әддіңіз жоқ. Қазақстанды жаңартамыз, қоғамдық құрылымды жаңғыртамыз десек, алдымен осы айтылғандарды қапысыз жүзеге асыруға жұмыла атсалысуымыз қажет. Онсыз қасаңданып қалған ескі қағидаттар мен қатып қалған шандыр жүйені түп-тамырымен өзгеріске түсіру қиын болмақ.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі,
Талас аудандық мәслихатының депутаты,
ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі.
Жамбыл облысы