Көктемгі су басу қатерінен қашан құтыламыз?
2022 ж. 11 сәуір
855
0
Жер бетіндегі адамзат атаулы көктемнің келгеніне қуанса, біз керісінше су астында қаламыз ба деген қорқыныш-үреймен жүргенімізге талай жылдар болды. Елді мекендерді көктемгі еріген қар суы басып қалуы тұрақты науқанға айналды.
Табиғаттың бұл дүлейіне қарсы тұрады деген төтеншеліктердің де салы суға кетіп, тасқынның бетін қайтаруға үнемі дәрменсіз болып шығады. Бір кезде төтеншеліктердің төресі болған Владимир Божконың «Мен Құдай емеспін, мынадай тасқынға ешкім тосқауыл бола алмайды» дегені әлі есімізде. Одан кейін министр лауазымын иемденген Юрий Ильин де алдындағы әріптесінен асып кете қоймағанын байқап жүрміз. Жылына бюджеттен қыруар қаржы алатын бұл саланың жұмысы көңіл көншітпейді, нақты нәтиже жоқ.
Биыл еліміз бойынша қыс онша қатты болған жоқ, қар да жылдағы мөлшерден аспады. Соған қарамастан күн жылысымен бірқатар аймақтарда елді мекендерді су басып, жұрттың үрейін ұшырды. Тасқын су Батыс Қазақстан облысының жұртын да әбігерге салды. Жергілікті билік пен төтеншеліктер ахуал бақылауда дегенімен, мұнда 140 үйді су басып, 150-ден аса мал қырылған. Шамамен 800 отбасы баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Әсіресе Жақсыбай ауылындағы тұрғын үйлерді, ауланы, қора-қопсыны толық су басты. Тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін қауіпсіз жерге қайықпен көшірілді. Өңірдің оңтүстік бөлігіндегі Жәнібек, Шыңғырлы, Қаратөбе, Тасқала, Бөрілі,Теректі аудандарында төтенше жағдай жариялауға тура келді. Арнайы комиссия төтенше жағдай келтірген шығынды есептеп, содан кейін өтемақы беру мәселесі қаралады. Кейінгі деректерге қарағанда жалпы саны 168 бас мал қырылған. Бірақ оның шығынын қайтару да оңай емес. Өйткені өлген мал сақтандырылған болуға тиіс. Ең бастысы адам шығыны жоқ.
Биылғы тасқын судан ең көп зардап шеккен Ақтөбе аймағы.
Облыста жеті ауылмен қатынас үзіліп, жолдарды су шайып кеткен. Қандыағаш қаласына баратын көпірді де тасқын бұзып, облыс орталығына қатынау тоқтады. Ақтөбенің өзінде 100-ден аса үй су астында қалып, тұрғындар мектепті паналауға мәжбүр. Қаладағы Песчанка өзені арнасынан асып, жағасындағы қос көшедегі үйлерді су басты. Ылғалдан дүние-мүліктері түгел бүлініп, техникалары істен шыққан. Өзен жағасындағы үйлерден бөлек, қаладағы бірнеше ықшамаудан мен саяжайлар суға кетті. Ондағы тұрғындар төрт мектептегі эвакуация орталығын паналап отыр. «Үйін су басқан ақтөбеліктерді қолдаусыз қалдырмаймыз», - дейді шаһар басшысы. Аудандардағы да жағдай мәз емес. Жолын су шайған жеті ауыл аралда қалғандай күй кешіп отыр. Ол жақпен қатынас тасқынның беті қайтқан соң ғана ретке келтірілмекші.
Аймақтағы басшылар күннің күрт жылынып, тасқыннан қауіп боларын алдын ала білген. Бірақ неге қамданбаған? Осы іске жауапты облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бірнеше күннен бері су басқан ауылдарға мүлдем бармаған, тұрғындармен кездеспеген. «Су тасқынынан осылай үлкен қауіп болады деген болжам болды. Тұрғындармен әлі кездескен жоқпын. Бүгін бірінші күн. Оны да жоспарлап, осы ай, осы жеті, осы аптада баруға тиістімін» -дейді телеарналардың біріне берген сұхбатында аймақ басшысының орынбасары. Тасқынның алдын алуға облыс бюджетінен 250 миллион теңге қарастырылыпты. Қызыл судың кесерінен зардап шегіп отырған Байғанин мен Ойыл аудандарына бір тиын бөлінбепті.
Ойыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілгендіктен Екпетал ауылынан 205 адам 7 шақырым жердегі Ойыл ауылына көшірілген. Сондай-ақ, 236 ірі қара малы, 453 ұсақ мал қауіпсіз жерге шығарылды.
Қазір Ақтөбеде су басқан 100-ден аса үйді комиссия тексеріп жатыр. Әкімдіктегілер тасқыннан зардап шеккендерге ең алдымен құрылыс материалдарымен көмек беретінін айтады. «Аймақта төтенше жағдай жарияланбағандықтан, тұрғындардың бас-басына ұстата қоятын ақша жоқ» - дейді әкімдіктегілдер. Комиссия жалпы шығынды анықтап, бағалаушылардың қортындысынан соң ғана бюджеттің қосымша қорынан қаржы қарастырылмақшы.
Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Осы күнге дейін 124 аула мен үйлерге қызыл су кіріп үлгерген. Тас жолдардағы 18 учаскені тасқын шайып кеткен. Су қоймаларына келіп жатқан су деңгейі жылдағыдан аз. Әсіресе жиі қауіп төндіретін Самарқанд су қоймасынан төмен орналасқан елдімекендерге тасқын жүру қаупі байқалмайды. Мамандар даладағы қардың көлемі үрей туғызарлықтай емес, дегенмен қардың еріген суы сай-саланы толтырып жатыр. Күннің күрт жылуынан оның көлемі күрт артса, қызыл су жүріп кетуі әбден мүмкін. Олардың жолында 158 елдімекен тұрғанын ескерсек бұл үлкен қауіп болмақшы. «Барлығы біз ойлағандай болмауы да мүмкін. Тасқынға қарсы дайындық пысықтаулы. Дегенмен далада көп көлемде жиналған қызыл су жерге сіңбей жүріп кетсе, жағдай басқаша болады. Өзендердің көпшілігінде су деңгейі көтеріліп тұр» - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.
Айдаланы айтпағанда Қарағанды қаласының өзіне де қатер төнген сияқты. Жазықтан аққан тасқын көшелерді басып, тұрғын үйлерге де кіріп жатыр. Тасқын судан үш көпқабатты үйдің тұрғындарын эвакуациялауға тура келген. Оқушылар мектепке жете алмай қашықтан оқуға мәжбүр.
Қарағандының шетіндегі Молдавская көшесі маңынан өтетін Көкпекті өзені бөгетті бұзып, 10 шақты баспананы шайып кете жаздады. Қызыл су көтерген мұз кесектері алдымен қора-қопсыны ұрған. Мал жанымен тым-тырақай қашқан 10 шақты үй тұрғындары туыстарын паналапты. Бөгет сыр бере бастағанда-ақ құтқарушыларға хабарлаған. Тұрғындардың айтуынша құтқаруға келген төтеншеліктердің қолдарында не күрек, не айыр жоқ, тіпті қажетті материал да болмаған. Қонаққа келгендей болған төтеншеліктер құралды халықтан сұраған. Қайта әскерилер келіп көмектескен.
Қаладағы Бұқпа өзенінің бойына салынған көпқабатты жаңа үйлер тұрғындары да түнді қанақүй мен жақындарында өткізіпті. Жертөлеге су толған соң жоғарғы кернеулі электр сымдарынан өрт шығу қаупі пайда болғандықтан жарық сөндірілген. Әзірге бұл үйлердің жертөлесінен су сорылып, айналасына бөгет қаланып жатыр.
Енді биліктегілер өзеннің үстіне салынған үйдің заңға сәйкестігі мен тұруға жарамдылығын тексермек. «Негізі үш үй де қауіпті жерде тұр. Бұл 2012 жылға дейін су қорғау аймақтары деген болмаған. Соған дейін алған жерлер ғой. Сосын сатқан. Басқа кісілер алған да, басқаға сатқан. Сатып алған кісі осы жерге үй салған. Су кеткеннен кейін сараптама ұйымын шақырамыз. Жай-күйін қарасын, болмаса сүріледі. Сонымен қатар баспана салуға рұқсат берген және құрылысты қадағалағандар жауапқа алынады. Өйткені тексеру қорытындысы полицияға беріледі» - дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.
Бұл биылғы көктемде үш қана аймақта орын алған төтенше жағдай.
Еліміздің өзге де аймақтарында мұндай қауіп-қатер жоқ емес. Жылдағы көретініміз осы.
Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу қажеттігі жөнінде мәселе көтерді. «БҚО мен Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан адамдар жеке мүліктерін жоғалтып, үйлер мен әлеуметтік нысандар құлады, автожолдар шайылып кетті, бірқатар ауылдар қатынассыз қалды. Кейбір жағдайларда жергілікті органдардың кінәсі бар екені байқалады, бірақ адамдар үлкен шығынға ұшырауда. Үкімет резервінен зардап шеккен халыққа қажетті көмекті қарастыруларыңызды сұраймыз», - деді Азат Перуашев.
Халық қалаулысы дұрыс айтады, халыққа көмектесу қажет. Ол үшін өте қомақты қаражат керек. Бұл жылдар бойы қайталанып келе жатқан жағдай. Осы жылдарда шыққан шығынға қатердің алдын алатындай, су жүйелерін жөнге келтіретіндей мүмкіндік болмады ма? Шынын айтқанда біз қатердің себебімен емес, салдарымен ғана күресіп, мемлекет қаржысын босқа шашып жатырмыз.
Елімізде өзен де көп, өзен жағасын жайлаған елді мекендер де жетерлік. Сол ауылдардың көбісі ғасырлар бойы тұрса да су басып көрген емес. Оны тұрғызғандар жоғары білім түгіл, хат танымайтын ата-бабаларымыз. Хат танымаса да ауылды су баспайтын жерге орналастырған, жердің жағдайын жіті ескере білген. Қазіргі кезде біздің құрылыс, сәулет, жер басқармасы, әкімдік секілді мемлекеттік орындарда кілең жоғары білімді мамандар қызмет етеді. Сөйте тұра олар тұрғызған үйлерді су басып жатады. Бұл нені көрсетеді? Жауапкершіліктің, бақылаудың жоқтығын, жемқорлықтың жайлағанын көрсетеді. Әйтпесе су қорғау аумағына көпқабатты үй тұрғызуға рұқсатты неге береді? Қарағанды қаласының әкімі осыған қатысты адамдарды жауапқа тартамыз дейді. Дұрыс. Бірақ алдымен сол әкімдердің өздерін жауапқа тарту керек емес пе? Себебі қала аумағындағы барлық істерге алдымен солар жауапты. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қарап, оған қатысты заң қабылдап, жауапкершілікті барынша қатайту қажет. Өйткені бұл адамдардың өміріне қатер төндіреді және мемлекеттің қаржысын желге ұшырады. Сонда ғана көктемдегі су басу деген «созылмалы сырқаттан» сауығатын боламыз.
Зейнолла АБАЖАН