АНАЛАР АРМАНЫ – ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ ӨСІРУ

АНАЛАР АРМАНЫ – ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ ӨСІРУ

«Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді» - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған жақындағы жолдауында. Жолдаудың осы бір жолдарынан түсіне білген адам көп нәрсені аңғарса керек...

         Әрбір ұлт өз отанының дамып, өз мемлекетінің қуатты болуын қалайтыны айдай анық ақиқат. Адам баласы үшін туған жерінен, туған елінен артық ештеңе жоқ. Осы мақсатта оның әрбір азаматы аянбай еңбек етіп, елінің гүлденуіне өз үлесін қосады. Мәселе қосар үлестің үлкен-кішілігінде емес, соған деген шынай ниетте, түптеп келгенде отанына деген сүйіспеншілікте болса керек. Өйткені әрбір адамның, әрбір ұйымның мүмкіндігі әртүрлі. Әрбір адамның тамшыдай ғана қосқан үлесі ел көлемінде теңіздей телегей табысқа айналады. Жолдауда көрсетілгендей, бұл ортақ істе еліміздегі қоғамдық ұйымдардың да атқарар рөлі өте маңызды. Бүгінгі әңгімеміз сондай бір қоғамдық қор жайында болмақшы.

      Алматы қаласындағы Алатау ауданында орналасқан «Аналарға көмек» атты қоғамдық қор ресми түрде 2018 жылы тіркелген болатын. Бұл коммерциялық емес, бірыңғай қоғамдық қор болып табылады. Қоғамдық ұйымның негізгі мақсаты – көпбалалы отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету. Оның қатарында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және әкесіз, қиын жағдайда қалған толық емес отбасылар да бар. Қоғамдық қор өз қызметін мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес саласындағы кәсіпорындармен бірлесіп жүргізеді. Қоғам жұмысы негізінен осы Алатау ауданы тұрғындарын қамтиды. Өйткені бұл жаңадан ашылған ауданда тұрмысы төмен отбасылары жиі кездеседі. Ауданда бұрынғы облыс құрамында болған ауылдар көптеп саналады. Қазірдің өзінде «Аналарға көмек» қоғамдық қорында жоғарыда аталған санаттағы екі жарымнан аса отбасы тіркелген. Олардың арасында көмекке мұқтаж қаланың өзге аудан тұрғындары да бар.

    Қоғамда саналы, салауатты өмір салтын қалыптастырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жауапкершілігі мол жұмыс екені белгілі. Оған да күш-жігер, қыруар уақыт пен қаржы қажет. Сондықтан демеушілердің көмегін іздестіруге тура келеді. Тіпті өзге де Тараз сияқты алыс қалалардан демеушілік көрсетіп жатқан кәсіпкерлер бар. Ал ең бастысы осы игі іске деген таза ниет пен құштарлық керек екені анық.

     – Бұрындар мені ауылдан ағылып келіп, қалада өз орнын таба алмай адасқан қазақ қыздарының тағдыры қатты алаңдататын-ды. Баспанасыз, тұрақты жұмысы жоқ қарапайым ауыл қыздарының жағдайын естігенде еңсем түсіп, оларға қалай көмектесуге болады деген ой мазалайтын. Бірде әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге қатысты жиналысқа қатыстым. Онда көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын естіп, тұрмыстық жағдайларының тым ауыр екенін білгенде, күнделікті азық-түлік алуға ақшалары жетпейтінін өз көзіммен көргенде оларға аз да болса қолдау көрсететін ұйым құруға бекіндім. Мен өзім де көпбалалы анамын, төрт бала тәрбиелеп отырмын. Бұл ниетімізді Құдай қолдады ма, ісіміз о басынан сәтті басталды. Оны өзім де күтпеген едім. Құжаттарды рәсімдеу, одан кейінгі қызметте де айтарлықтай кедергі болған жоқ, - дейді «Аналарға көмек» қоғамдық қорының жетекшісі

Гүлдәурен Абдоллақызы Бақбергенова. – Бастамамызға қолдау көрсеткен Алатау ауданы әкімдігіне алғысымыз зор. Баспана жалдап қиналып жүргенімізді естіген әкімдік «Әйгерім» ықшамауданынан төрт бөлмелі шағыт ғимарат бөліп берді. Табиғат аясына балаларда серуенге шығарғанда автобус көлігін бөліп, тағы да басқа жағдайларда қол ұшын береді. Сондай көмектің арқасында балалар аналарымен бірге сонау табиғаты тұнған Көлсайға дейін барып демалып қайтты. Жұмыс барысында үнемі демеп отырған азаматтарға, көпбалалы аналардың жағдайын түсінген кәсіпорын жетекшілеріне де дән ризамыз.

       Бітер істің басына, жақсы келер қасына демекші, Гүлжазира Нарғозиева, Гүлзипа Амантаева, Мақпал Текеева, Сапаргүл Серғалиева, Гүлжан Алинова секілді құрамында санаулы ғана қызметкерлері бар ұйым алғашқы күннен бастап жұмысқа қызу кіріскен-ді. Бірінші жылдың өзінде балаларға арнап жаңажылдық мереке өткізіп, әйелдер күні мерекесіне орай «Ақсай-нан» кәсіпорны көмегімен 50 отбасына азық-түлік себетін сыйлады. Ораза айында 68 отбасына азық-түлік, құрбан айт кезінде 70 отбасына ет жеткізіп берді. Маусым айында Баларды қорғау күні Алатау ауданы әкімдігімен бірігіп мерекелік шара өткізіп, бүлдіршіндерге түрлі сыйлықтар тапсырылды. Шілде айында 100 баланы «Family» паркіне, тамыз айында 50 баланы «Немо» дельфинарийіне апарып қыдыртты. Балаларды мектепке дайындау кезінде де «Аналарға көмек» қоры қарап қалған жоқ. Жиырма қыз балаға мектеп формасын , 50 отбасына оқу құралдарын сыйлады. Оған қоса 200 отбасына азық-түлік пен кеңселік құралдар, оқушы сөмкесін, бүлдіршіндерге түрлі ойыншықтар таратты. Сол сияқты қарттар мен балалар үйіне де көмек көрсетіліп тұрады. Бұл алғашқы жылдың өзінде демеушілік бағытындағы атқарылған істердің бір парасы ғана. Игі істе тәжірибе жинақтаған ұжым келер жылдарда да осы қарқыннан төмендеген жоқ. Керісінше көрсетілетін көмектің саны мен сапасы жыл сайын арта түсті.

      «Аналарға көмек» қорының атқарар жұмысы ауқымды және әртарапты деуге болады. Бір ғана материалдық демеушілік отбасы мәселесін толық шешпейтіні айтпаса да түсінікті. Күнделікті тұрмыста неше түрлі қиындықтар кездесіп, оны еңсеру отбасына мүмкін болмайтын тұйыққа тірелетіні де бар ғой. Әсіресе қазіргі нарықтық экономика тұсында қолайлы жұмыс табудың өзі үлкен мәселе. Жалақысы дұрыс жұмыс табыла қалса да мамандығы сәйкес келмей қабылданбай қалатын жағдайлар жиі ұшырайды. Оны да түсінуге болады, қай кәсіпорын болса да алдымен шеберлігі жоғары маманды алғысы келеді, өндіріс соны талап етеді. Сондықтан адамдарға қосымша басқа мамандықты игеруге тура келеді. Сол себепті қоғамдық қор түрлі мамандықты игеретін курстар ашып, аналарды оқытуға кіріскен-ді. Былтырғы жылдың өзінде аспаздықты 64 әйел, тігін шеберлігін 24 ана, тоқыма өнерін 20 адам игеріп шығып, мамандықтарына сәйкес сертификаттар алды. Оларды мүмкіндігінше жұмысқа орналастыру жұмыстары да жүргізіледі. Қордың көмегімен 2017-2021 жылға арналған халықты жұмыспен қамту «Еңбек» бағдарламасы бойынша 15 ана және басқа бағдарламалар аясында олардың 37 отбасы мүшелері тұрақты жұмысқа орналастырылды.

      Жұмысқа орналасуда аналар үшін тағы бір қосымша қиындықтар бар. Жұмыс табылып тұрғанның өзінде аналар балаларын үйде жалғыз тастап кете алмайды. Ал толық емес отбасылары үшін тіптен қиын. Бұл мәселені де қоғамдық қоры өз мүмкіндіктеріне орай шешуде. Осындай жағдайда толық емес жұмыс уақытын пайдалану ұтымды. Мысалы, аспаз мамандар той немесе ас беруге қызмет етіп екі-үш сағатта отбасын асырауға ақша таба алады. Ал тігіншілер мен тоқымашылар үйде балаларының қасында отырып іс тігіп жұмыс істеуіне болады. Оларға тапсырыс алуға қордың қызметкерлері көмек көрсетеді. Оған қоса демеушілердің көмегімен тігінші аналарға алты заманауи «JANOME» (RS2019s) маркалы тігін машиналары тегін берілді. Бір айта кетерлігі тігіншілер пандемия жайлаған кезде бетперделер тігіп, тегін таратты. Жасалған жақсылықтың қашан да қайтарымы болады деген осы шығар.

     Өмір болған соң отбасында неше түрлі кикілжіңдер орын алатыны белгілі. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінбеуі, жоқшылықтың салдарынан туындайтын жанжалдар да жоқ емес. Ерлер тарапынан әйелдерге қол жұмсап, күш көрсету де орын алатын кездері болады. Былтырдың өзінде 30 ана осындай арыздарымен қоғамдық қорға келген-ді. Мұндайда психологтың көмегі аса қажет. Психолог маман өз кеңестерін беріп, отбасындағы жағдайды реттеуге көмектеседі.

    Отбасылық мәселені реттеу кезінде қордың заңгерінің де көмегіне жүгінуге тура келеді. Әсіресе бүгіндер ажырасып кеткен әкелердің балаларына алимент төлегісі келмей қашып жүретін фактілері баршылық. Соның бәрін заң арқылы қалпына келтіру қажет. Ондайда көптеген құжаттарды жинастырып сотқа жүгініп, тиісті шешім шығарылады. Одан кейін қашқын әке балаларына алимент төлеуге міндеттеледі. Оның төлену, төленбеуі тұрақты бақылауға алынады.

      Бүкіл қоғамға етене таныс несие атты мәселе көпбалалы отбасыларын да айналып өткен жоқ. Банктерге берешегін уақытында төлей алмай қарызға белшесінен батқан отбасылар да аз емес. Төлем уақытында түспегендіктен банктер адамдардың есепшотын бұғаулап тастайтын безбүйректігі жалпыға мәлім. Соның кесірінен отбасын асырап отырғандар жалақысын да ала алмай қалады. Қордың заңгері іске араласып, банкпен заңдық тұрғыдан келісіп, несиелерін төлеудің отбасына тиімді жолдарына қол жеткізді.Өткен жылы осы тектес 150 арыз түсіп, оның 103 ісі оң шешілді. Кейбір несиелерді төлеу мерзімі шегеріліп, енді біреулерінің айлық төлеу мөлшері отбасының жағдайына қарай төмендетілді.

      «Аналарға көмек» қоры балалармен де түрлі жұмыстар жүргізеді. Ол үшін көптеген үйірмелер ашылған. Оқушылар сабақтан бос уақытында түрлі өнерге, спортқа машықтанады. Қазір қолөнер үйірмесіне 15, сурет үйірмесіне 10 бала тұрақты қатысады. Мектепке дейінгі білім берумен 16 бала қамтылған. Жақында балалар өз қолдарымен жасаған шұлық, сөмке сияқты заттарын қарттар үйіндегі қарияларға сыйға тартты.

    Қоғамдық қор мүмкіндігінше көпбалалы аналардың кез келген мәселесін шешуге тырысады. Айталық, қала бойынша баспана кезегіне қою мен балабақшадан орын алуға да барынша ықпал етеді. Байқап отырғандарыңыздай бір ғана шағын қордың атқарып жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Ал еліміз бойынша қаншама осындай игі істер атқарылып жатыр, қуанарлық жағдай.

      Әрбір ананың арманы – адамзат өмірін жалғастыратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу екені ежелден белгілі. Бұл– өмірге ұрпақ әкелетін ана атаулыға табиғаттың өзі берген, дәлірек айтсақ Құдайдың өзі сыйлаған баға жетпес ерекше қабілеті мен қасиеті. Өкінішке орай өмірде кездесетін келеңсіздіктер мен кейбір тұрмыстық және тағы басқа қиындықтар ана арманын іске асыруға кедергі келтіретіні бар. Қоғамның міндеті сол аналарға қиындықты еңсеруге көмектесу. Өйткені аналарсыз мына тіршілік тоқтайды. Бұл біздің азаматтық парызымыз!

Зейнолла АБАЖАН