ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ЖҮЗ ОТБАСЫНА ЖӘРДЕМДЕСТІ
2022 ж. 04 сәуір
787
0
Дана халқымыздың «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөзі бар. Бұл адамзат бойындағы ең бір ерекше қасиет болса керек. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегін айғақтайды.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың да айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса», – деген қазақтың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып келеді.
Елімізде қымбатшылық белең алғалы бері де Төлеби ауданында түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп жатқан жомарт жандар саны күн санап артып келеді. Жақсылыққа жаны құмар осындай азаматтар мен азаматшалар ауданда тұратын аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға, жалғыз басты аналарға қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін үлестіруде.
Осындай игі амалдарға мұрындық болып, көмек көрсетіп отырған жомарт жандардың жақсылығын айтпау кету айып болар. Рамазан айының қарсаңында игілікті істен аудандық кәсіпкер Фарида Қабылбекова шет қалған жоқ. Қайырымдылық – қадірлі іс! Осы ұстанымға берік төлебилік кәсіпкер жүз отбасына көмек қолын созды.
«Жүректен жүрекке» атты қайрымдылық шараның халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған бөлігіне көмек қолын созу арқылы қиын-қыстау кезеңде мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпау болып табылады.
Жүз отбасының қуанышына себепкер болған кәсіпкер, әлеуметтік аз қамтылған алпыс үйелменді азық-түлік себетімен қамтамасыз етті. Ал, қырық отбасының денсаулығына байланысты, медициналық сақтандыруға төлем жасауға қаржылай қолдау көрсетті.
Денсаулығына байланысты үйінен келе алмаған отбасылардың үйлеріне жеке-жеке барып, ақшалай сыяпатымен бірге азық-түлікті апарып берді. Сонымен қатар, Төлеби аудандық пробация қызметі есебінде тұратын жағдайы төмен бес отбасыға да азық-түлік берілді. «Кең болсаң, кем болмайсын» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек.
– Өзім осы Төлеби ауданыда туып-өстім. Осы ауданның ауасын жұтып, суын ішіп, асыр-салып ойнаған ауданымның тұрғындарының жағдайына бей-жай қарап отыра алмадым. Қазіргі қымбатшылық кезеңде көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты аналарға аз да болса көмек қолын берейін деген ой келді. Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған жандарға да азық-түлік себетін тараттым. Сотты болғанда қылмысқа жетіспеушіліктен барады емес пе?! Оларды да қоғамнан шететпей қолдау көрсетіп, өмірде өз орындарын табуына жәрдемдескеніміз жөн, – дейді кәсіпкер.
– Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі, олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар, – деді Төлеби аудандық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы әділет майоры Б.Сарыпбеков.
«Елге қызмет – баршаға міндет» демекші, қолында бар қазынасын халықпен бөлісіп, бес күндік тіршілікте тек сауап жинаған жаны жомарт жанға аудан тұрғындары мен пробация қызметінің есебінде тұрғандар алғысын жаудырып, қандай құрметке болса да лайық екенін жеткізді. Көмек алған отбасылар қайырымдық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдіріп, ақ жаулықты аналар ақ батасын беріп, алғыс айтты.
– Мен аудан кәсіпкерінің тарапынан жасалған күтпеген қайрымдылық үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі қымбатшылық кезеңде жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналарды ұмытпаған жөн. Әрине, мен өзімнің жасаған қателігімен қатты өкінемін. Жұмыссыз отырған адам отбасын асырау үшін түрлі әрекетке барады екен. Қазір өзімнің жасаған қателігіме қатты өкінемін. Төлеби аудандық пробация қызметінің инспекторлары менің түзелуіме өз септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар, ауданда ұйымдастырылып отырған осындай қайрымдылық шарадан қалдырмай қолдау көрсетіп жүрегіне алғыс айтамын, – деді істі болған әйел.
Раушан НАРБЕК,
Түркістан облысы.