ӘКІМНІҢ ДЕ ӘКІМІ БАР! - Дәурен Қуат

ӘКІМНІҢ ДЕ ӘКІМІ БАР! - Дәурен Қуат

Әдетте біз қандай да бір әкім-қараның аты атала қалса, жирылып шыға келеміз. Жиырылып шыға келуімізге себеп тудыратын іс-әрекеттері мен кісәпірліктері көп болған соң да сөйтетін шығармыз... Бірақ, әкімнің де әкімі бар. Мысалы, Бердібек Мәшбекұлы... Ұзақ жыл мемлекеттік түрлі деңгейдегі лауазымды қызметтерді атқарған Бекең үнемі игілікті істердің басынан көрініп жүрді. Ұлтжанды, халықшыл азамат екенін әркез әйгілеумен болды. 

Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барғанында асқақ Алтай тауларының қалаға жақын бір асуына «Қазақстан» деп жазып, көк туымызды тіктеген осы кісі. Туды құлатпақ болған қаскүнем вандалдарды тиып, әкімшілік ғимаратының алдында серейіп тұрған Лениннің ескерткішін құлатып, орнына Абайдың алып ескерткішін тұрғызған да Бекең. Сол кезде оңтүстік өңірлерде тығыз отырған елді шығысқа шақырып, жер беріп, үлкен істі үнсіз бастап берген де Бердібек Мәшбекұлы. Оған дейін Шығысымыздағы шекаралық аймақты қымтап ұстау, халықтың қарасын молайтып, елдімекендердің әлеуетін арттыру деген ой ешкімнің миына кіріп-шықпаған болатын. Шығыстың, солтүстіктің бірер азматы ШҚО-да әкім болды. Соның бәрі десек те болады кержақтардың аузы қалай қарай қисаяды екен деп, қалтылдап қарап отырды. Ұлттық, мемлекеттік нышандағы бір іске батылдары жеткен жоқ. Мүмкін оларға батылдық қана емес, азаматтық ұстаным, отаншылдық сезім жетпеген шығар. 

Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалғанында, қазақ жұмысшыларына қытайдың әнұранын айтқызып құтырған СНПС «Ақтөбемұнайгаздың» ханзу басшыларын шақырып алып: «Қазақстанда мемлекеттік тіл қай тіл, білесіңдер ме?» – деп өткір сұрақ қойған да Бердібек Сапарбаев.

«Туған жерге туың тік» акциясын бастап берген де Сапарбаев. Бердібек Мәшбекұлының облыстық деңгейде көтерген бастамалары кейін республикалық сипат алып жатты. Өз басым Бекеңді халықшыл, бұқарашыл, мемлекетшіл тұлға деп білемін. 

Бүгінге дейін бұл кісімен жүзбе-жүз бір-ақ рет жолығыппын. Қайбір жылы ШҚО-да жазғұтырым қар еріп, сел басқанда, Ерлан Саиров екеуміз елдің жағдайын көріп-білейік деп, Өскемен барғанымызда, кәдімігідей қуанып қалғаны бар. 

Иә, ол да ескі жүйеге қызмет етті. Бірақ өзінше, өзгеше қызмет етті!

Дәурен Қуат, 

Қазақ үні