«Ақжолдықтар» киелі Түркістанда ауызашар берді (фото)
2022 ж. 08 сәуір
1124
0
«Ақ жол» демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абзал Салықбаев «ақжолдықтар» атынан ауызашар берді.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасиетті Рамазан айында киелі Түркістанда ауызашар беру партияның дәстүрлі шарасына айналған.
Ауызашарға «Ақ жол» төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағандыдан ақжолдықтар келіп қатысты. Сонымен қатар, жергілікті мешіттің қауымы да шақырылды.
Ниет еткендер алдымен Арстанбаб пен Қожа Ахмет Яссауи әулиелердің және Әзірет Сұлтан кесенелерінде жерлеген қазақ хандары мен батырларының рухына зиярат қып, Құран бағыштады.
Имамның уағызынан соң партия басшысы Азат Тұрлыбекұлы сөз сөйлеп, бас қосқан азаматтарды Тәуелсіздікті сақтап, елдің ауызбіршілігін нығайтуға шақырып, ағайынның бір-біріне ашық һәм әділ болуына үндеді.
- Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі - Халық. Сол үшін, Жаратқанның алдында таза боламыз десек, ең алдымен, Ел алдында таза болуымыз керек, - дедім партияластарыма.
Қазіргі кезде мемлекетіміз тағдыры шешіліп жатқан өзгерістердің үстінде тұр. Бұл сынақ кезі оңай болмаса да, рухымызды түсірмей, өз күшімізге, халқымыздың қарым-қабілетіне сеніп, ел жағдайын жақсарту жолында әрекет етуіміз керек, - деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, Азат Перуашев Түркістанның “Керуен-сарайын” аралап, елдің жай-күйін біліп қайтты. Сарайдағы саудагерлер “Бізді қорғайтын ақжолдықтар келді” деп, «Ақ жол» төрағасымен бірге суретке түсуді өтінді.