Желіде Ақсудағы бірінші сынып оқушысының тегін түскі асының суреті талқыланып жатыр
2022 ж. 08 сәуір
1278
0
Желіде Павлодар облысы Ақсудағы мектеп асханаларының біріндегі бірінші сынып оқушысының тегін түскі асының суреті талқыланып жатыр. Қазнет қолданушыларын оқушы ыдысындағы бір қасық мөлшеріндегі қызылша салаты таңғалдырды. Ақсу білім беру бөлімінің қызметкері мәселе үлкен ыдыста екенін айтып, мектеп асханасын жалға алушыларға салатқа арналған ыдыстар сатып алуды ұсынған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Instagram-да компот, сорпа және ыдыстағы салат түсірілген сурет қолданушылар арасында түрлі пікір туындатқан. Кейбіреулер мектеп асханасын жалға алушыларды балалар тамағын үнемдеуге тырысқаны үшін айыптаса, ал енді біреулер бірінші сынып оқушысының ыдысындағы қайнатылған қызылша жеткілікті екенін және бала одан артық жемейтінін жазған. Кейбір пікір білдіруші жазбаға мысқылмен қараған.
"Ыдысқа салып не керек, қасықпен беру керек еді", "Ыдысты босқа бүлдірді", "Көп салат салған, ыдыс үлкен", "Мейрамханадағыдай", "Ас қасыққа қанша сыйды, сонша салған", - деп жазды Желі қолданушылары.
Ақсу білім беру бөлімі өкілі мектеп мәзірі барлық талапқа сай екенін мәлімдеді. Сол күні балаларға кеспе, арпа, тауықтан дайындалған ыстық тамақ және қайнатылған қызылша салаты берілген.
"Суретте 1-4 сынып оқушыларына арналған түскі ас көрсетілген. Мектепте тегін тамақтанатын 1-4 сынып оқушылары үшін бекітілген мәзір бар. Білім бөлімінің бастығы ретінде өзім әкімшілік пен асхана жалға алушысымен бірге салаттардың мөлшерін тексердім, мәселе жоқ. Мәзір сақталады. Салаттың мөлшері - 60 грамм. Суретте салат негізгі тағамдарға арналған ыдысқа салынған. Асхананы жалға алушыға салаттарға арналған арнайы ыдыс сатып алу ұсынылды", - деп түсіндірді Ақсу білім бөлімінің басшысы Талғат Смағұлов.
Сонымен қатар, желі қолданушылар басқа оқу орындарында да тамақ мөлшері аз екенін айтқан. Оқушылардың ата-аналары да рацион мен тамақ сапасына шағымданды.
Айта кетейік, Павлодар облысында 45 мың бастауыш сынып оқушысының әрқайсына тегін түскі ас беру үшін бюджеттен 315 теңге жұмсалады. Жақын арада бұл сома бір балаға 450 теңгеге дейін көтеріледі. Бірақ мектеп асханаларын жалға алушылар бұл төмен екенін айтты. Олар жеткізушілер бірқатар өнім бағасын көтергенін жеткізді.