Оккупанттар әйелдердің құлағындағы сырғаға дейін жұлып әкеткен – Зеленский
2022 ж. 08 сәуір
937
0
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі соғысты тоқтатуға қауқарсыз. Бұл жайында Украина президенті Владимир Зеленский айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның пікірінше, Ресейді ұйым қатарынан шығару қажет, мұны жүзеге асыру мүмкін болмаса агрессорға қарсы күресіп, бейбітшілік жолында қан төгуге тура келеді, ал егер бұған да батылы бармаса ендеше, БҰҰ-ны таратып тынған жөн.
Ұйымның Қауіпсіздік кеңесіне кіретін мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Украина президенті БҰҰ-ның жұмысына көңіл толмастық білдірді. Соғыс басталғалы екі айдан астам уақыт өтсе де ұйымға мүше мемлекеттер агрессорды тежей алмай отыр. Путиннің сес көрсетіп, соғысты тоқтатуға қауқарсыз.
«Қантөгісті тоқтатуға дәрмені жетпесе, мұндай құрылымның қаншалықты қажеті бар? БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңесін реформалайтын кез келді. Осы күнге дейін үнсіздік сақтап келдіңіздер. Үнсіздік үйдей бәледен құтқармайды! Қауіпсіздік кеңесі бар ма, қайда өзі? Әлемдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға кепілдік берілген құрылым Ресейдің алдында әлжуаздық танытты», – дейді Зеленский.
Оның атап өткеніндей, Қауіпсіздік кеңесі Украинада бейбітшілік орнатуға бүкіл күш-жігерін сарп етіп, батыл қадамға баруы қажет.
Украина президенті кеңес мүшелеріне келесідей ақыл-кеңес берді.
Алғашқысы, әлем алдында «агрессор әрі басқыншы мемлекет» атанған Ресейді Қауіпсіздік кеңесінен шығару. Мұндай жағдайда Кремль кеңестің шешімдерін бұғаттай алатын пәрменінен айырылып, құзіреті шектеледі.
Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің «еркелігін» көтере берсе, ертең күллі өркениетке қауіп төнеді.
Егер мұндай қадамға баруға батылы бармаса, ендеше БҰҰ-ны таратып тыну қажет, Кремльге сөзі өтпейтін, шалажансар ұйым Украинаға қол ұшын созып жарытпайды.
Зеленский Буча қаласындағы айуандыққа Ресейді айыптады. Украинаның шығысындағы бірқатар елді-мекенді басып алған оккупанттар жергілікті халықты күштеп Ресей территориясына көшіріп жатқанын мәлімдеді.
«Бучадағы жантүршіктірер көріністер Кремль қылмысының бергі жағы ғана. Ресей армиясы басып алған өзге де аймақтағы ахуал бұдан да ауыр», – дейді Зеленский.
Оның пікірінше, бүгінгі Ресей орта ғасырлардың өлшемімен ойлайтын ел. Путин украин халқының тіл-аузын байлап, айтқанына көніп, айдауына жүретін құлға айналдырғысы келеді…», – деді Украина президенті.
…
БҰҰ-да сөз сөйлеген Зеленскийдің баяндамасы
«Бучада олар жасамаған қылмыс қалған жоқ. Қаланың кез-келген бұрышында агрессордың ізі жатыр. Ресей армиясы үлкенге де, кішіге де оқ жаудырған, бір үйдің адамдарын бүтіндей қырып салған, іздерін жасырығысы келіп, өлтірген адамдарды өртеп жіберуге әрекет қылған.
Көшеден өтіп бара жатқан тұрғындарды шетінен ата берген, олардың үйіне басып кіріп, әбден азаптаған. Тұрғындардың үйін танкімен таптап, үйдегі қыз-келіншектерді балалардың көзінше зорлаған.
Олар өзінің соңынан қираған, үйіндісі ғана қалған мемлекетті қалдырып барады.
Агрессордың кесірінен биыл азық-түлік тапшылығы туындайды, бұл өз кезегінде Қара құрлық пен Азия тұрғындарын аштыққа ұрындырып, мұның соңы саяси хаосқа ұласады.
Әлем Ресей армиясының Бучадаға айуандығы мен қаскөйлігіне куә. Олар Украинаның өзге өңірлерінде бұдан зорғы сұмдық әрекеттерге барды, алдағы күндері бұған да көзіміз жетеді.
Кремль мұны мойындамайды, қалай жауап қатарын сіз бен біз жақсы білеміз. Донбасстың үстінен ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын қағып түсіргенде де қалай «ақталғаны» естеріңізде болар. Сириядағы айуандығын да мойындамай өтті. Олар өзіне шаң жуытпаудың хас шебері.
Бучадағы қырғынды көре тұра «мұның бәрі қолдан жасалған, жалған кадр» деуге арланбады.
БҰҰ-ның басты мақсаты – бейбітшілікті сақтау, соғысты болдырмау. Ұйым жарғысының бірінші бабы бұзылды. Осы баптың бұзылғанын көре тұра, біле тұра Ресейдің қылмыстық әрекетіне көз жұма қарауда.
Бүгінгі Ресей басшылығы орта ғасырлардың өлшемімен ойлайды. Олардың ақыл-есі бөгде елге басып кіру, оның жерін тартып алып, халқын құл қылу.
Путин украиндықтардың тіл-аузын байлап, айтқанына көндіріп, айдауына жүретін құлға айналдырғысы келеді. Агрессор армиясы елді-мекендердің астаң-кестеңін шығарып, қарапайым халықтың жиған-тергенін сыпырып-сүйіріп, қыз-келіншектердің құлағындағы сырғасына дейін жұлып әкетіп, Ресейге жөнелтіп жатыр.
Міне, осындай озбыр, астамшыл, қарақшы санадағы мемлекет Қауіпсіздік кеңесінде вето қоятын мәртебеге ие. Ресейдің қылмысы әлем деңгейінде әшкере болып, басқыншы мемлекет ұйым тарапынан тиісті жазасын алуы керек.
Егер қазіргі ахуал асқынып, күрделене түссе, мемлекеттер тек қарудың күшіне сенетін болады. Олар өз қауіпсіздігін әскери техника мен қару-жарақтың есебінен қамтамасыз етуге көшеді. Мұндай жағдайда БҰҰ-ны жапқаннан өзге жол жоқ.
Құрметті кеңес мүшелері, сіздер БҰҰ-ны жабуға дайынсыздар ма? Егер мұндай қадамға баруға үзілді-кесілді қарсы болсаңыз, қазірден бастап іске көшу қажет. Кеңесті толық түрлендіріп, Ресейді вето қоятын құқықтан айырыңыздар!
Бөгде елдің бейбіт тұрғындарына оқ атуға бұйрық бергендер Нюрнбергтегі секілді трибунал алдында жауап береді!
Әл-әзір БҰҰ-ның жұмыс жүйесін жаңарту керекпіз. Өз тарапымнан, Киевте осыған байланысты мәжіліс өткізіп, әлемдік қауіпсіздік жүйесін реформалауды талқылауды ұсынамын. Халықаралық құқық басқыншыларға тосқауыл қоятын маңызды тірек, айбарлы күшке айналуы тиіс.
Осы конференцияда мемлекеттердің шекарасына, территориялық тұтастығына тұмсық тығатын агрессорларды ауыздықтау туралы мәселе көтереміз.
Құрметті кеңес мүшелері, сіздердің алдарыңызда екі жол бар, екеуі де сіздердің ерік-жігерлеріңізге байланысты.
Алғашқысы, соғыстың себепкері – Ресейдің ықпалын азайту. Мәскеу өз агрессиясымен байланысты шешімді блоктап отыр. Кремльді вето қоятын құқықтан айырып, басқыншылық саясатын айыптау. Міне, сол кезде біз де, өз тарапымыздан бейбітшілік орнатуға барымызды салатын боламыз.
Кейінгісі – кеңестің мұндай қадамға бару дәрмені жетпесе, бізге, украин халқына жаны ашымай-ақ қойсын. Сөзден іске көшуге қауқарсыз болсаңыздар, бізден аулақ жүріңіздер. Бізге соғысып өлгеннен өзге жол жоқ! Отан үшін отқа түсеміз, түсіп те жатырмыз. Кейінгі ұрпақтың алдында жүзіміз жарық болады».
Ресей бет бақтырар емес…
Кремль Бучадағы қанды қырғынға қатысы барын мойындар емес.
Ресейдің БҰҰ-жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя дәл осы отырыста Зеленскийдің сөзін теріске шығарып, Бучадағы қырғынға Ресей әскерінің қатысы жоғын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресейді айыптамас бұрын, алдымен бұған негіз боларлық бұлтартпас дәлел ұсыну қажет.
«Ресей армиясы Бучаны босатқан кезде қала көшелері тегіс таза еді. Өлген адамдардың денесі тұс-тұста шашылып жатқан жоқ. Мұндағы сәйкессіздікті кеңес мүшелері байқамауы мүмкін емес», – деді ол.
Ресейдің тергеу комитеті Бучадағы қуғын-сүргінге қатысты «жалған ақпарат тарату және Ресей армиясына күйе жағу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғапты.
Қорғаныс министрлігі Ресей армиясының бұған қатысы бары туралы ақпаратты «фейк» деп атап, «бұл украин ұлтшылдарының қолымен жасалған қылмыс» деп мәлімдеп үлгерді.
Әзірлеген Думан БЫҚАЙ