Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант өндірушілерімен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант өндірушілерімен кездесті

Ағымдағы жылдың 29 наурызында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне (Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстары) жұмыс сапары аясында Алматы облысының қант және қант қызылшасын өндірушілермен кездесті. Кездесу Көксу қант зауыты базасында өтті, онда министрге қайта өңдеу желісі көрсетіліп, жаңғырту жұмыстары және өндірісті ұлғайту жоспарлары туралы айтылды.

 Қант қызылшасын өндірушілермен кездесу кезінде Ербол Қарашөкеев қант саласын дамыту үшін министрлік егіс алқаптарын ұлғайтуды ынталандыратынын, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым, тыңайтқыштар мен гербицидтер, техника сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу көзделгенін айтты. Сондай-ақ, саланы технологиялық қайта жарақтандыру үшін инвестициялық субсидиялар мен айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті кредит берілетінін атап өтті.

 АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, қолда бар қант зауыттарын жаңғырту және отандық қантпен қамтамасыз етілу деңгейін 80% дейін арттыру жоспарланып отыр. 

Салада бірқатар жекелеген проблемалық мәселелер бар, атап айтқанда өңдеуге арналған шикізаттың жетіспеушілігі, оның ішінде сатып алу құнының төмендігі, ауыспалы егісті сақтаудың проблемалары, техникалық жарақтандырудың әлсіздігі, су ресурстарының жеткіліксіздігі және т. б.

Аталған мәселені жан-жақты шешу үшін министрлік Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қант және қант қызылшасын өндіру тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. 

Өз кезегінде өндірушілер тауарлық-материалдық құндылықтар бағасының өсуіне, отандық шикізат өндірісінің көлемін ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты сұрақ қойды.

 Кездесу қорытындысы бойынша қант және қант қызылшасын өндірушілер өздерінің нақты ұсыныстарын дайындауға келісті. Министрлік оны мұқият қарап, қажет болған жағдайда қант және қант қызылшасын өндіру тұжырымдамасының жобасына енгізетін болады. 

Ведомство басшысы «Хильниченко және К» командиттік серіктестігінде болып, диірменді, сүт-тауар фермасын және қайта өңдеу цехтарын аралап көрді. Сонымен бірге фермерлермен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелерін, саланы дамытуды, министрліктің араласуын талап ететін ағымдағы жүйелі проблемаларды талқылады. 

Министрдің оңтүстік өңірлерге жасалған үш күндік жұмыс сапарының қорытындысы Үкіметке жеткізіліп, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мұқият талданып, дайындалатын болады.