«Ақ жол»: Отандық дәрі-дәрмек компаниялары қолдауға мұқтаж

«Ақ жол»: Отандық дәрі-дәрмек компаниялары қолдауға мұқтаж

Мәжіліс депутаты Айгүл Жұмабаев ҚР Денсаулық сақтау министріне "Ақ жол" фракциясы атынан депутаттық сауал жолдап, отандық дәрі-дәрмек компанияларын қолдау мәселесін көтерді.

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі депсауалдық толық мәтінін ұсынады.

***

«Ақ жол» партиясына қазақстандық фармкомпаниялар осы саланы дамыту жөнінде және мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2011 жылы қол қойылған «СК-Фармациямен» ұзақ мерзімді шарттарды ұзарту мәселесі бойынша жүгінді.

Бұл келісім шарттар отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі құралдарының біріне айналды. Олардың арқасында зауыттар өндірісін кеңейтіп, ассортиментін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Мысалы, тек бір «Дольче» компаниясынын өзі ауылдағы 350-ден астам адамға жұмыс беріп отыр.

Осы жылы аталған шарттардың мерзімі аяқталады. Егер СК «Фармация» шарттарға жалпы конкурс өткізілетін болса, онда нарыққа көрші елдерден шетелдік өндірушілер келуі ықтимал. Мұның бәрі, сала өкілдерінің пікірінше, өндірістің күрт төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына, тіпті зауыттардың жабылу қаупіне алып келеді.

Тағы бір маңызды мәселе — форс-мажорды танудың жетілмеген тетігі. Пандемия кезінде импорттық шикізатты жеткізу жағдайы нашарлады, кедендік және логистикалық проблемалар болды. Осы себептерге байланысты өндірістік цикл мен мерзімдер бұзылды. Форс-мажор салдарынан мерзімнің бұзылуы орын алды деген сот шешімдері болса да, «СК-Фармация» кәсіпорындарға қомақты айыппұл салып, банк кепілдігін өндіріп алған.

Мемлекеттік тапсырыс үшін алдын ала төлем тетігінің болмауы да – үлкен проблема. Шетелдік өнім берушілер шикізат үшін 100 % алдын ала төлемді талап етеді, ал бос қаражаттың жоқтығына байланысты біздің кәсіпорындар кредит алуға мәжбүр, бұл өнімнің қымбаттауына алып келеді.

Естеріңізге сала кетейік, отандық тауар өндірушілерді қолдау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте де дәрі-дәрмектерді, медициналық бұйымдарды сатып алудың басты қағидаттарының бірі болып белгіленген.

Мемлекет басшысы да фармацевтикалық өнеркәсіпті ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы деп атап, оны дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр.

2020 жылдың соңында Отандық фармацевтикалық индустрияны дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспары қабылданды. Ішкі фармацевтикалық нарық кем дегенде 50 % отандық дәрі-дәрмектерден тұрады, ал дәрі-дәрмек экспорты 3 есе – 174 млн долларға дейін артады деп жоспарлануда. Қазір фармацевтикалық компаниялардың қуаттылығы 40-50 %-ға ғана жүктелген, ал елде бізге қажет дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың 16 %-ы ғана өндіріледі.

Осыған байланысты, фармацевтикалық индустрияны дамыту жоспарын іске асыру және қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін:

1. Ұзақ мерзімді шарттарды ұзарту тәртібі мен тетігін көздейтін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына (Үкіметтің № 375 қаулысымен бекітілген) тиісті нормалар енгізу;

2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрліктері үшін мемлекеттік резервтерді толықтыру мүмкіндігін беру арқылы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау.

3. Арнайы экономикалық аймақ мәртебесі бар фармацевтикалық кластер құрып, онда отандық зауыттарды, ғылыми-зерттеу институттарын, зертханаларды, медициналық жоғары оқу орындарын біріктіру;

4. Банктік кепілдіктерді және төлемдік қамтамасыз етуді ұстап қалу негіздерін қайта қарау, сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен өнім жеткізу шарттарына тауарларды бергені үшін алдын ала төлем жасау және объективті мән-жайларға байланысты міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбының мөлшерін азайту бөлігінде өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары