Әлемдік мұра биігіндегі Қазақ елі
2022 ж. 28 наурыз
2191
0
Бүгінде ЮНЕСКО сөзін жиі естиміз. Әрине, белгілі бір ұйым екенін саналы түрде ұғамыз, алайда қандай бағытта жұмыс жасайтынын білеміз бе? ЮНЕСКО - БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі дүниежүзіндегі мәдени және табиғи мұраларды қорғау ұйымы. 1945 жылы қараша айының 16-сында құрылып, 1972 жылы дүниежүзілік мәдени мұраларды қорғау жөнінде қарар қабылданған. Штаб-пәтері Францияның астанасы Париж қаласында орналасқан. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылдың мамыр айының 22-сінде мүше болып қабылданып, сол уақыттан бері белсенді әріптестікке ерекше ден қойған.
ЮНЕСКО мүшелігінің елімізге тиімділігі неде? Бізге мәлімі бүгінгі таңда табиғи зардаптарға орай, адамдардың кеселінен жоғалу алдында тұрған не қауіпті жағдай төніп тұрған аса бағалы тарихи ескерткіштер мен мәдени ошақ көздерін қайта қалыпқа келтіруде және әлемдік құндылықтар көзі іспетті мұраларымызды қалыпты қатарға қосу үшін еліміз осы ұйыммен бірлесе белсене жұмыс жасай алатындығы қуантады. Еліміздің қарқынды дамуы мен кемел келешегі үшін ұлттық тарихымызды, мәуелі мәдениетімізді, таңғажайып тарихи ескерткіштерімізді естен шығармауға тиіспіз. Десек те, табиғи апаттар салдарынан жойылу алды қаупінде тұрған қайталанбас мәдени ошақтарымызды «реинкарнациялануға» тікелей осы ұйым қолдау білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген нысандары ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енгізілді. 2003 жылы бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген Қазақстандағы тұңғыш нысан - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Бұл жөнінде 2003 жылы маусым айының 23-інде Париж қаласында ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында айтылған-ды. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері – Қазақстандағы және Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне алғашқы болып енген табиғи нысан. Бұл шешім 2008 жылдың шілде айының 7-сінде Квебекте (Канада) өткен Әлемдік мұра комитетінің 32-сессиясында қабылданған-ды. Тамыры тереңде жатқан тарихы Қажымұқан балуаннан бастау алған қазақ күресі де ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне 2016 жылы желтоқсан айының 2-сінде енген-ді. Қазақтын жиын-тойы, басқосулары бұл спорт түрінің сайысынсыз өтпейтін; Құрманғазы атамыздан бастау алған домбыраның қоңыр дауысты әуездері де материалдық емес мәдени мұра тізімі қатарында. 2014 жылы қараша айының 27-сінде қабылданған қарарда: «Домбырамен орындалатын күйлерін орындау өнері қазақ халқының ынтымақтастық жолында маңызды рөлін атқарып, халықтағы өзіндік ерекшелік және бірлік сезімдерін қалыптастырады» делінген-ді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегеніміздің нақ өзі. Иә, қасиетті домбыраның құлақтан кіріп, бойды алған әсем әуені әлемдік мәдени мұра қатарынан неге көрінбеске; Ер жігіттің жеті қазынасының бірі – ат. Ер қанаты да - ат. Ендеше бұл қасиетті жануардың асауын тұсаулап қолға үйрететін атбегілеріміздің де әдет-ғұрыпы 2018 жылы қараша айының 26-сы мен желтоқсан айының 1-і аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен ұйымның 13-сессиясы барысында мақұлданып, қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілген-ді; 2016 жылы желтоқсан айында ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени материалдық емес құндылықтарының көрнекілік тізіміне жаңа элемент енді, ол - Қазақстанға тән саятшылық. Бұл – жыртқыш құстарды аңға салу дәстүрі, қазақ халқындағы өте ерте замандардан келе жатқан спорттық өнер; Біржан сал мен Сүйінбайдан басталатын қазақтың нағыз өнері, суырыпсалма ақындардың айтысы мәдени мұра қатарына 2015 жылы желтоқсан айында кірген-ді; Біздің арғы тегіміз - көшпелі қазақ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көшкен кезде киіз үй халқымыздың қара шаңырағы болған. Тек баспана ретінде ғана емес, әр нышаны бір жақсылықты, ырымдық ұғымды білдіреді. Бұл қасиетті қара шаңырағымыз – киіз үй де 2014 жылы қараша айында материалдық емес мәдени мұра санатына енген-ді; Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра қатарына ұлттық мейрамымыз Наурыз да енгізілген-ді. Жаңа жылымыздың үш күн бойы 21-23 наурыз аралығында тойланатындығы бекіген-ді; Ұлттық ойынымыз асық ату да ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра қатарына 2016 жылы енген. Міне, осыншама ұлттық мәдени байлығымыз әлемдік мұралар, әлемдік құндылықтар сапынан көрінуде. Әрине, бұның өзі - ЮНЕСКО мен еліміздің тығыз қарым-қатынаста екенінің айқын айғағы.
Қысқасы, еліміздің болашағы үшін, келешекте әлемдік деңгейдегі танымал өркениетті елдер сапынан лайықты орнықты орын алу үшін ЮНЕСКО іспетті халықаралық беделді ұйымдармен бейбіт келісімде бірлесе жұмыс жасап, елімізді әлемдік деңгейге көтеруге көп болып тер төге беруге тиіспіз. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы қарсаңында ұлттық 10 нысанның әлемдік мұралар санынан көрінуі мол күш-жігердің, тынымсыз еңбектің арқасы екені даусыз. Десек те, ұлттық құндылықтар сапындағы қайталанбас бірегей елдік жәдігерлеріміздің санын еселей түсу, сөйтіп ұлттық құндылықтарымыздың адамзаттық құндылықтар сапынан танылуы жолында ойлы тер төгуіміз – келер жаңа ұрпақ алдындағы парызымыз.
Қалжан Тарихова, Айберген Нұралы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары
Данат Жанатаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
qazaquni.kz