Қоғамдық кеңес қызметі дамытылады

Қоғамдық кеңес қызметі дамытылады

 Елімізде Қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру туралы Ұлттық баяндама дайындалады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті.

            Оның айтуынша Президент, Парламент, саяси партиялар, сот және құқық қорғау органдарының негізгі құзыреті қайта қаралады. Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республикаға өту міндеті тұр. Қазір елімізде 102 кеңес құрылған. Одан бөлек, тағы 111 кеңес құру қаралып жатыр. Жаңа кеңестерді құруда үкіметтік емес ұйым, партия және азаматтық институттардың өкілдері кеңінен тартылуда. Биыл алғаш рет Қазақстанда қоғамдық кеңес қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірленбекші. Қоғамдық кеңестердің жұмысына талдау жасалып, оның болашақ дамуы зерделенбек.

«Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын жоспарлауды мемлекеттік тапсырыс жүйесі арқылы жүзеге асыру қаралады. Келелі мәселелерді шешуде құзырлы органдармен бірге қоғам белсенділері тартылады. Әр шешім бойынша тиянақты талдау жасалады. Одан бөлек, Парламент қабырғасында қоғамдық бақылау туралы заңнама талқыланып жатыр. Ол заң мемлекет пен азаматтар арасында жаңа принципті қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді вице-министр.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz