Партиялар бәсекелестік ортада жұмыс істейді

Партиялар бәсекелестік ортада жұмыс істейді

Партиялар бұдан былай бәсекелестік ортада жұмыс істей алады. Елдегі саяси реформаларға қатысты бұл пікірді сенатор Мұрат Бақтиярұлы білдірді.

 «Партия құруға ниетті белсенді азаматтар партияны тіркеуге мүмкіндік алады. Екіншіден, сайлауға қатысты заңға өзгертулер енгізіледі. Ал Президенттің құзыретіне тоқталсақ, Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігінің біразынан бас тартты. Оның ішінде Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Бұл үлкен мәселе деп білемін, көптеген мемлекеттерде бұл қадамдар ескерілген. Мемлекет басшысының партиядан тыс болуы партиялық алаңда бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Осыған дейін Президент партияның төрағасы болса, әкімдер жергілікті жерлердегі филиалдардың төрағасы. Саяси жүйеде монополизм орын алған еді. Енді кез келген партия бәсекелестік ортада жұмыс істей алады», - деді М. Бақтиярұлы. Сонымен қатар сенатор, Жолдауда қамтылған пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылар мүддесінің ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табуына пікір білдірді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Депутаттың пайымынша, бұл өз кезегінде жақсы үрдіс болады.

З.АБАЖАН

qazaquni.kz