“АҚ ЖОЛ” АЙТСА, АҒАТ АЙТПАЙДЫ! - Абай облысы ашылды! - Қазыбек Иса

“АҚ ЖОЛ” АЙТСА, АҒАТ АЙТПАЙДЫ! - Абай облысы ашылды! - Қазыбек Иса

Президент Жолдауында “Ақ жол” партиясы бағдарламасының басым бөлігі өмірге жолдама алды

Айтса, айтты дейсіздер…

Біз 2020 жылы 16 қазанда “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталындағы “СЕМЕЙГЕ АБАЙДЫҢ АТЫН БЕРУ КЕРЕК немесе облысты қайта ашу қажет” атты мақаламызда: “Алаш ұстаз тұтқан Абайдың 175 жылдығында Семейдей өз қаласына немесе облысқа ұлы ақынның атын берсек. Немесе “Ақ жол” басшысы Азат Перуашев парламентте көтеріп келе жатқандай, республикалық статус беріп немесе облысты қайта ашсақ, ешкімнің дауы жоқ шығар дейміз.”-деп жазған екенбіз.

Ал Азат Перуашев аталмыш депутаттық сауалын 2019 жылы 18 желтоқсанда жасады.

Осы 2020 жылғы 16 қазаннан кейін тура 2022 жылы 16 наурызда, яғни 1 жыл 5 ай өткенде, тура “Ақ жол” партиясының құрылғанына 20 жыл толған күні Президент Жолдауында бұрынғы облыс та қайта ашылды, қала түгілі, мақаламызда айтқандай облысқа Абайдың аты да берілді.

Ақжолдықтар айтса, ақын айтса, ағат айтпайды!

Бүгін Фейсбук парақшамды қарасам, облыстың қайта ашылуы мен Семей қаласына немесе облысқа Абай атын беруді жұрттың 95 пайызы қолдаған екен!..

Бір қызығы, Семейге Абай атын беруге өзі шығыстың тумасы, белгілі жазушы мен Семейде тұратын танымал журналист жатып тұрып қарсы болған екен.

Ал ақын Айтуар Өтегенов:

“Ұсыныс өте дұрыс жəне уақытында айтылған. Бұл ұсынысты меніңше Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдайды деп ойлаймын. Ол кісінің негізгі ойы да осы болуы керек. Алыстан ойлайтын адам. Жүзеге асыру үшін қолдайық”-деп тура жазыпты. 

Айтуар ағам да, айтса, ағат айтпайды!

Алла жар болсын! Ұлы Абайдың аруағы қолдай берсін! 

Абай облысына Ақ жол!

Сонымен бірге елімізде Ұлытау және Жетісу облыстары ашылды!

Енді Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлылар өмірге келген Торғай облысы да қайта ашылатын күн болар…

Айтқанымыз келіп жатыр ғой, құдайға шүкір, айта берейік. Періштенің құлағына шалынса, Алла тілегімізді қабыл алар!..

Сонымен қатар Президент Жолдауында “Ақ жол” партиясының 2020 жылғы сайлауалды бағдарламасындағы саяси жаңғыру жолындағы бағыттардың басым бөлігі өмірге жолдама алды. 

Атап айтқанда:

1.Супер президенттік республикадан парламенттік республикаға біртіндеп ауысуды бастау;

2.Парламент Мәжілісі билігін күшейту;

3.Сенатты тарату (Сенат билігі әлсіреді-енді заңды тек Мәжіліс қабылдайды);

4.Президенттің ешқандай партияда болмауы;

5.Әкімдердің партия филиалын басқаруға заңмен тыйым салу;

6.Әкімдердің ешқандай партия мүшесі болмауы;

7.Бюджеттің орындалуы туралы парламентке есеп беру;

7.Мәслихат төрағасы қызметін белгілеу;

8.Мәслихаттың рөлін күшейту;

9.Сайлау жүйесін жетілдіру;

10.Бақылаушылар құқын арттыру;

11.”Атамекен” ұлттық палатасы құзыреттерін шектеу және тб ұсыныстар.

Бұл ұсыныстар 2020 жылы “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталында жарияланған “ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ” атты “Ақ жолдың” саяси бағдарламасында тұр. Немесе биыл, 2022 жылы 2 ақпанда өткен Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзіміз жарияланған “ҮКІМЕТТІ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПАРТИЯ ЖАСАҚТАУЫ КЕРЕК”-атты 9 ақпандағы мақаладан оқуға болады.

 “Ақ жол” партиясының еліміздің саяси жүйесін демократияландыру бағытында жасаған өміршең ұсыныстары мен Семей облысын ашу туралы көтерген мәселесін қолдап, қалың қазақтың, ел тілегін орындаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз.

“Ақ жол” айтса, ағат айтпайды!

Жаңа дәуірге Ақ жол!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні