Қайырымдылық қалтаға емес, ниетке қарайды

Қайырымдылық қалтаға емес, ниетке қарайды

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын Нұрлыбек Иманбаев автолотереядан ұтып алған «Hyunday Accent» көлігінің қаржысын қайырымдылық мақсатына жұмсады.

       Нұрлыбек Иманбав өткен жылдың соңында ғаламтор арқылы жүргізілген лотерей ойынынан құны 7 млн. 519 мың теңге тұратын автокөлік ұтып алған болатын. Артық ақша ешкімге ауырлық етпейді, дегенмен Иманбаевтар отбасы өзара ақылдаса келе, ұтқан қаржыны түгелдей қайырымдылыққа жұмсамақ болып шешеді. Олар Алматыдағы лотереяны ұйымдастырушылардан ұтысты ақшалай беруді сұрайды. Ұтысты жария етуге қарсы болғанырымен, жаңалық бүкіл елге тарап кетіпті. Иманаевтар отбасы ұтып алған қаржының бір бөлігін Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Дәулет Жұпарбеков, Мейірхан Бітімнің отбасына, екінші бөлігін Оралда тұратын 5 жасар қыздың еміне аударған. Одан кейінгі қалған бөлігін қайырымдылық қорына жіберіп, туған жері Бисен ауылындағы мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетпекші.

           Ұтыс иесі Нұрлыбек Машанұлының өзіңде автокөлік жоқ екен. Соған қарамастан қолға келіп түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсауды жөн көрген. «Екі аяғым бар, көлікке аса мұқтаж емеспін. Ең бастысы, басымыз аман, деніміз сау болсын. Жалпы, қайырымдылық істеріне бұдан бұрын да араласып келемін. Мақсатымыз – түрлі қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу, балаларымызды соған тәрбиелеу. Өзім Бисен ауылында туып-өсіп, Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде, кейін Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша білім алдым. 2006-2009 жылдары сол колледжде дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болдым. 2009 жылдан бері шекара қызметінде келісімшартпен жұмыс істеймін. Сержантпын, Шоңайда ел шекарасын күзетемін. Зайыбым Дина М.Мәметова атындағы орта мектепте бастауыш сыныпта және ағылшын тілі пәні бойынша дәріс береді. Екі ұлым, бір қызым осы мектепте білім алып жүр» - дейді қайырымды жан ағынан дарыла.

Шекарашы болу – екінің біріне бұйырмаған мәртебелі қызмет екені белгілі. Жауапкершілігі мол міндет. Ол үшін рухың биік, күш-қуатың зор болуы қажет. Нұрлыбек Машанұлы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен үзбей айналысатынын айтады. Балаларын да спортқа баулып, тәрбиелеп келеді. Олардың алды бүгіннің өзінде спорттық табыстарға жете бастағанын мақтан тұтады. Ия, қайырымдылықта шек жоқ деген рас екен. Қалтасы қалың байлардың өздері бір теңгесін беруге қимайтынын білеміз. Қайырымдылық қалтадан емес, адамның ниетінен туындайтынын осыдан-ақ көруге болатын шығар.

qazaquni.kz