Біз Президент жолдауын тыңдауға ескі дәуірде кіріп, Жаңа дәуірде шықтық! - Қазыбек Иса

Біз Президент жолдауын тыңдауға ескі дәуірде кіріп, Жаңа дәуірде шықтық! - Қазыбек Иса

ПРЕЗИДЕНТ ЕШҚАНДАЙ ПАРТИЯ МҮШЕСІ БОЛМАЙДЫ

Иә, біз бүгін парламентте Президент жолдауын тыңдауға ескі дәуірде кіріп, Жаңа дәуірде шықтық!

Мемлекет басшысы мәлімдеген “Жаңа Қазақстанды” құруға нақты қадам бастық деп нық сеніммен айта аламыз.

Бұдан былай Президент ешқандай партия мүшесі болмайды.  

ӘКІМДЕР ПАРТИЯҒА ЕМЕС, ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Әкімдер мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқаруға тыйым салынады. 

ПАРТИЯДА ЖОҚТАР ДА ПАРЛАМЕНТКЕ САЙЛАНА АЛАДЫ

Парламентке енді ешқандай партияда жоқ халық өкілдері де сайлана алады. Әр аймақтан Мәжіліске бір-бір өкіл сайлана алады. Парламент сайлауы 70 пайыз пропорционалдық, 30 пайыз мажоритарлық жүйемен сайланады.

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ӨКІЛЕТТІГІ КҮШЕЙЕДІ

Парламенттің өкілеттігі күшейеді.

Заңды енді Сенат емес, Мәжіліс өзі қабылдай береді. Сенат келіседі немесе келіспейді.

ПАРТИЯ ҚҰРУ 4 есе ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Партия құру үшін бұрынғы межеден 4 есе аз 5 мың мүше жеткілікті болады.

Бұл парламенттегі партиялар санын көбейтеді.

Конституциялық сот қайта құрылады.

ЕЛІМІЗГЕ ҮШ ОБЛЫС ҚОСЫЛДЫ

Орталығы Семей қаласы болатын Абай облысы құтты болсын!

Орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы құтты болсын!

Орталығы Талдықорған қаласы болатын Жетісу облысы және орталығы Қапшағай қаласы болатын жаңа Алматы облысы құтты болсын!

“АҚ ЖОЛ” БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ІСКЕ АСАДЫ

Президент жолдауында “Ақ жол” партиясының “ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС КЕРЕК” атты сайлауалды саяси бағдарламасындағы ұсыныстарымыздың басым бөлігі орындалып жатқанына қуандық.

Мысалы, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, Президенттің партияда болмауы, әкімдердің партия филиалдарын басқармауы және Семейді қайта облыс етіп ашу немесе жеке статус беру туралы партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев парламентте талай көтерген болатын.

Біз үш-төрт жыл бұрын Семей қаласына Абайдың атын беру керек деп жазғанымызда көпшілігі қолдағанмен, қарсы шыққандар да болып еді. Міне, енді қала түгілі облысқа берілді Ұлы Абайдың аты.

Парламентте халық мүддесін қорғап келе жатқан “Ақ жол” партиясы саяси бағдарламасының басым бөлігі Президент Жолдауында қолдау тауып, іске асып жатқаны үшін халыққа да, құрылғанына бүгін 20 жыл толып жатқан партиямызға да зор тарту деп білеміз.

Иә, бұл ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС!

Ендеше, Жаңа дәуірді жасауға бәріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз!

“Жаңа Қазақстанға” Ақ жол!

Қазыбек ИСА, 

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары.