Аудан әкімі Коммунистік көшесіне Рахымжан Қошқарбаевтың атын беруге қарсы шықты

Аудан әкімі Коммунистік көшесіне Рахымжан Қошқарбаевтың атын беруге қарсы шықты

«Ұлтқа қарсы жұмыс істейтіндердің атасына нәлет!»

М.Шаханов

...Бір қазақ бір ауданның құлағын ұстапты дейді. Ұстаған бойда шопырын жіберіп, аулынан әкесін алдырыпты, кабинетін көрсетіпті. Сосын әкесіне қораздана, шекесінен қарап тұрып: «Әке, сіз маған адам болмайсың» деп ұрса беруші едіңіз, ал, мен, міне, білдей әкім болдым!» деп мақтаныпты. Сонда әкесі кең кабинетке сыймай тұрған ұлына: «Ақымақ, түкке түсінбепсің, мен саған әкім болмайсың деген жоқпын, мен саған адам болмайсың дегенмін!» деп, шығып кетіпті.

Көкшетаудағы Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев деген әкім - аудан орталығы Щучинск кентінен Едом (?) көшесіне Бауыржан Момышұлының, Коммунистік көшесіне Рахымжан Қошқарбаевтың, Трудовая көшесіне Талғат Бигелдиновтің аты берілуіне қарсы шығып, көнбей қойыпты: «Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды. Қазір қоғамдық-саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық пайда бола ма? Бұл қазір көтеретін мәселе емес» деп оттапты. «Ұрының аты өзіне сай болады» дейді ғой, қасында оның сөзін «есть важнее дела, чем переименоваине улиц» деп қоштап, Щучинск қаласының әкімі Ерлан Қаппаров отыр). https://azattyq-ruhy.kz/society/34765-burabaida-audan-kim-kazak-batyrlaryna-koshe-atauyn-beruge-karsy-boldy. 

Бес күн бұрын осы оқиға жайлы оқығанымда өз көзіме өзім сенбедім. Тіпті, есеңгіреп, табан астында не жазарымды білмедім. Оның үстіне сонау Астанадан құда түсіп, жиен ұлға келіншек әкеліп, беташар-той өткізу қабаттасып кетті. Бәрібір, сыртым күліп жүргенмен, ішкі дүнием ұлып жүрді. Себебі, бұл үш батыр да жай ғана батыр емес, әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған ЕРЕН жандар – Бауыржанның Мәскеуді қорғағандағы даналығы мен батырлығы шет елдердегі әскери академияларда арнайы курс болып оқытылады, ал, Рахымжан Берлинді қоршаған 1,5 млн.әскердің ішінен Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен адам, Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған.

Айтпай кетуге болмайтын нәрсе, Бауыржан мен Рахымжанның ерлігін Кеңес Одағының шовинистік орыс билігі лайықты бағаламаған. Берлинді қоршаған 1-Белорус майданының қолбасшысы Г.Жуков соңғы шабуылдың алдында «Рейхстагқа Ту тіккен адамға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі» деп жариялап тұрып, Рахымжанға шабуыл алдында өз қолымен Туды тапсырған полк командирі Шатилов Жуковқа телефон соғып, «аға сержант Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Булатов Рейхстагқа Ту тікті» деп сүйінші сұрағанда Жуков: «Е..мать, каких ты азиатов суешь мне!» деп айқай салса; 1950 жылдары Жұмабек Тәшенов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары ретінде Баукеңе Батыр атағын беру туралы мәселе көтергенде маршал И.Конев «только через мой труп!» деп отырып алған.

Кеңес өкіметі осыну ерлердің ері - екі ЕРЕНДІ өздерінің көзі тірісінде бір қорласа (Ресейдегі Г.Булатов Рейхстагқа Ту тіккендігіне лайық Жұлдызы болмаған соң ауылдастарына шын батыр екенін дәлелдей алмаған қорлыққа күйініп, ішімдікке салынып өлген), Тәуелсіз Қазақстандағы аудан әкімі енді, оларға Т.Бигелдиновты қоса, олардың әруағын қорлап отыр. Өткенде Қостанайда, өзінің көзі тірісінде-ақ «қазақтың Рухани көсемі» атанған Ақаңа мемориалдық кешен салуға қарсы шыққан Ескендирова, Өтебаева деген депутатсымақтардың қылығы анау. 

Бұрынғы қазақ бұндайларды елден аластар еді - ол кезде елден қуылу (отаншыл қазақ рудың өзін елге теңеп, танысқанда «елің не? деп сұрайды) ең ауыр жаза еді - бүгінгі билік тізгінін ұстағандар Мұздыбаевты ел түгіл жұмысынан қуатынына да үміт аз. 

Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні