ҮКІМЕТТІ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПАРТИЯ ЖАСАҚТАУЫ КЕРЕК

ҮКІМЕТТІ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПАРТИЯ ЖАСАҚТАУЫ КЕРЕК

Биыл ақпанның 2-ісі күні Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің жүргізуімен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бейресми отырысы болды. Еркін өткен жиында Ұлттық кеңес мүшелерінің көбісі саяси реформа жасауға байланысты өз ойларын айтып, ұсыныстарын жасады.

«Ақ жол» партиясынан қатысқан ҚР Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Дания Еспаева және белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтер де өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. 

Біз төменде Қазыбек Исаның сөйлеген сөзінің толық нұсқасын жариялап отырмыз. 

ҮКІМЕТТІ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПАРТИЯ ЖАСАҚТАУЫ КЕРЕК 

Қаңтардағы қанды қасірет еліміздің саяси жүйесін жаңғырту мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Президент Қ.Тоқаевтың саяси жүйені жаңғырту, парламенттік және партиялық жүйені байыпты реформалау ниетіне қатысты айтар болсақ, «Ақ жол» демократиялық партиясының 2020 жылғы саяси бағдарламасында «Демократия және парламентаризм» атты тарау бар, онда осы бағыттағы нақты тәсілдер қамтылған. 

Атап айтар болсақ, қазіргі барлық олқылықтарды жоятын бірден-бір құрал – мемлекеттік органдарды қоғамға бағындыру, өкілетті органдардың, яғни парламенттің алдында есеп беруі. 

1. «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және мықты президенттік жүйеден Парламенттік Республика жүйесіне біртіндеп көшуді көздейді. 

«Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтің құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құруы керек деп санайды, партия қоғам алдында өзі құрған үкіметінің жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін жауап беретін болады. Дамыған елдер демократиясындағы тәжірибе осындай. Үкімет сонда ғана сенімге ие болады. 

Қазақстанға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен бірге Ұлттық Сенім Үкіметі де керек. 

ӘКІМДЕР ПАРТИЯҒА ЕМЕС, ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ КЕРЕК

ХАЛЫҚ САЙЛАҒАН ӘКІМ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Бұл процесстердің қисынды жалғасы ретінде қала (оның ішінде мегаполистер) және басқа да елді-мекендер әкімдерін халық партия мен азаматтық қоғам өкілдері арасынан тікелей дауыс беру арқылы сайлауы керек. 

● Билік партиясының филиалдарын әкімдер басқаратын тәжірибеден арылу, тіпті оған заң жүзінде тыйым салу керек. Бұл билікті монополияландырудың ең айқын мысалы. Әкімдер жеке партияға емес, шенеуніктердің жеке мүдделеріне емес, халыққа, бүкіл қоғамға қызмет етуі тиіс.

Халыққа есеп беретін, халықтың бақылауындағы Үкімет қана халықтың жағдайын жасайды.

ПАРЛАМЕНТ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ КҮШЕЮІ КЕРЕК 

● Парламент пен мәслихаттардың бақылау функцияларын кеңейтіп, қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын, билік құрамындағы жемқорлық фактілерді бойынша парламенттік тергеулерді жүргізу құқықтарын беру қажет. 

● Мемлекет мүмкіндіктері кез-келген мәселелені шешу кезінде бюджетке байланысты. Бізде мемлекет қаржысының едәуір бөлігі бюджеттен тыс шығындарға жұмсалады және қоғамнан жасырылады. Осындай келеңсіздіктерде заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық дамиды. Сондықтан, ең басты міндет – Парламентке барлық мемлекет қаржысының жұмсалуын бекіту мен бақылауды тапсыру маңызды. 

● Біріншіден, бұл ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджетіне қатысты. Олардың көбі мемлекеттік бюджет қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Оның үстіне шет елдерден де несие алатындары бар. Бұл қаражат қоғамнан жасырын пайдаланылған соң, жемқорлыққа жол ашылады. Сондықтан да оларды кеңейтілген мемлекеттік бюджетке енгізіп, оларды өз шығындары мен жетістіктері туралы қоғамға есеп беруге міндеттеу керек. 

● Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісін бюджетке алу керек. Егер мұндай компаниялар үнемі бюджеттен қыруар ақша сұрайтын болса – олардың мемлекеттік ресурстарды пайдаланып, мемлекетке емес, өз қалталарына жұмыс істеп келгендері белгілі. Ондай компанияларды таратып, олардың орның жеке бизнеске беріп, солар өз қаражатын салып, бюджетке салық төлейтін болса, бұл халық үшін де, мемлекет қазынасы үшін тиімді болады. 

● Екіншіден, азаматтар мен бизнес төлейтін түрлі міндетті «мүшелік», «жинақтаушы», «сақтандыру» және тағы басқа төлемақылар қосымша салыққа айналды. Мысалы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны салымшылардың өзі бақылай алмайды. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына қатысты жанжалдар болып тұрады. Сондықтан бұл қорларды басқаруды, олардың шығындары мен сыйақыларын бақылауды Парламентке беру керек. 

БЮДЖЕТТІ ПАРЛАМЕНТТІК ОППОЗИЦИЯ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК

● Демократиялық елдерде бюджеттік бақылауды парламенттік оппозиция өкілдері басқарады. Оның қисыны анық – сайлауда жеңіске жеткен партия бюджетті бөледі, іске асырады, бірақ, қарсыластары қадағалап отырады. 

● Мемлекет тек естіп қана қоймай, шешуші күшке ие болуы керек. Мәселелерді көтеру және өтініштерді қабылдау жеткіліксіз, қоғам күткен практикалық қадамдарға қол жеткізу әлдеқайда маңызды.

Сонымен бірге, Үкіметтің қарсылығына қарамастан, Парламенттің сайлаушылар мұқтажына керек қаражатты бюджеттен бөлу құқығы болуы өте маңызды.

Бүгінде заңға сәйкес депутаттардың бюджеттік ұсыныстары Үкіметтің келісімінсіз қаралмайды да. Ал, сайлаушылар сенімін министрлерге емес, Парламентке артатыны анық қой... 

Сонымен қатар, парламент пен үкіметтің, мәслихаттар мен әкімдердің өзара іс-қимылын реформаламай, тұтастай алғанда – биліктің өкілді және атқарушы тармақтары арасындағы өкілеттіктердің нақты балансын құрмай парламенттік (және партиялық) жүйені байыпты реформалау мүмкін емес екені анық. 

Парламенттік республика туралы айтатын болсақ, дәл қазір бұл жүйеге өту мәселесі кейінге қалып тұрғанын түсінуіміз керек. Өйткені, қаңтардағы қанды қасірет бүгінде президенттік басқару вертикалын күшейтіп, күш-жігерді жұмылдыруды қажет етіп отыр.

Дегенмен, бұл парламентаризм институттарын күшейту, орталықта да, өңірлерде де атқарушы және өкілетті билік арасындағы қарым-қатынасты қайта қарау қажеттілігін жоққа шығармайды.

Міне, “Ақ жол” партиясының 2020 жылғы сайлау алдындағы бағдарламасының саяси жаңғыру бойынша басты бағыттары.

ҰЛТТЫҚ КОНЦЕПСИЯ ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК 

Қазір ел 30 жыл алданған халық емес. Кеше көшеге шыққандар тек пұл үшін ғана шыққан жоқ – тіл үшін де шықты! Ұлттық мүддені қорғап шықты! Ереуілде жүрген жастардың көбісі ауылдан қалаға келіп, жұмыссыз жүргендер. Жұмыс жоқ болған соң, күнін көретін пұл жоқ. Арызын айтар болса, мекемелерде қазақтар сөйлесетін тіл жоқ. Отыз жыл бойы жалған уәдеге тойған, булыққан халықтың жарылысы деуге де болады.

Сондықтан, ел еңсесін көтеруі үшін ең алдымен халық күтіп отырған - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек.

Қорыта айтқарда ұлттық мүддені қорғау үшін халқы ресми санақтың өзінде 70 пайыздан асқан, негізі 75-80 пайыз деп ойлаймын, мемлекет құраушы қазақтардың талабын орындау үшін, біртұтас ұлт ретінде Ұлттық идеологиялық концепсия қабылдауға тиіспіз.

2017 жылы “Ақ жол” партиясы Ұлттық корцепция қабылдаған болатын. Бүгінде сол тұжырымдаманы үкіметпен, барлық қоғамдық саяси күштердің ұсыныстарын ескере отырып, жаңғыртуға болады.

Ұлт мүддесі қорғалмай, мемлекет іргесі бекімейді.

Қазыбек ИСА, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі,

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары


https://www.facebook.com/100001908576595/posts/7089409851132564/?d=n