ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
2022 ж. 25 ақпан
920
0

Азат Перуашев пен Қазыбек Иса жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып қайтты
«Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, партияның Ұлттық кеңесі кеңесшісі Асан Қошмамбетов және партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Мұханбетәлі Шалқарбековтер Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды.
Депутаттар “Жаңа Жамбыл фосфор зауытында” болып, өндіріспен танысып, ұжыммен үлкен әңгіме-дүкен құрды. Кәсіпорын басшылығы отандық тауар өндірушілерге тұрақты қолдау көрсетіп отырған парламенттегі «Ақ жол» фракциясына алғысын білдірді. Атап айтқанда, ақжолдықтардың КСО компаниясының кірме теміржол желілерін заңсыз монополиялауына және Бәсекелестікті дамыту агенттігі қабылдаған шараларға қатысты сауалдарынан кейін зауыт өз аумағында, түсініксіз жағдайда монополистің қолына өтіп кеткен теміржол желісін қайтару рәсімдерін қайта бастауды жоспарлап отыр.
Еңбек ұжымымен тілдесу көптеген мәселелерді қамтыды. Өндірістегі еңбек жағдайлары ауыр және қауіпті (1 және 2 тізімдер деп аталатын), сондай-ақ әйелдердің зейнеткерлік жасын қысқарту тақырыптары көтерілді. Тұрғындар несиенің жоғары пайызына, барлық тұтыну тауарларының қымбаттауына, қолжетімсіз баспанаға, мемлекеттік тілдің өзінің заңды мәртебесін иеленуіне, емделуге квота алудағы бюрократияға, білім сапасының төмендігіне, жұмысқа, тіпті тазалықшы қызметіне де орналасудағы жемқорлық пен бопсалаушылыққа шағымданды. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты негізді талаптар қойылды. Онда аударымдарды қадағалап отыру, емхананы немесе дәрігерді өз еркінше таңдау мүмкін емес. Пікір білдірушілер ауылдардан келетін жастарға жатақхана қажеттігін; отбасы табысына байланысты балалар жәрдемақысының әділетсіздігін көрсетті. Аз қамтылған азаматтардың емделу және тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі шегіндегі шектеулерсіз БЖЗҚ-дан жинақтарын алуға мүмкіндік беру туралы ұсыныстар айтылды.
Осы мәселелерге қатысты Азат Перуашев өз көзқарасыммен бөлісті, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту бойынша «Ақ жол» фракциясының Ұлттық банкпен қандай талқылаулары болғанын және фракция дауыс беру кезінде әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайтуды қолдамағанын, сол себепті заң жобасын ұсынған Григорий Марченкомен қызу пікір алмасқанын да айтып өтті. 2021 жылғы 10 қарашадағы 1 және 2-ші зейнетақы тізімдерін қайтару туралы фракцияның депутаттық сауалына тоқталып, «Ақ жол» фракциясының Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендету қажеттігі туралы бірнеше рет жолдаған сауалдарын, атқарылып жатқан жұмыстар, 2021 жылдың желтоқсан айында жүргізілген жұмыс және микрокредиттер бойынша борыштық қысымды шектеу бойынша заңда қабылданған ұсыныстары; жеке банкроттық туралы заң жобасы және т.б. туралы айтты.
Ең қызу пікірталас қаңтар оқиғасына қатысты болды.
ҰРЛАНҒАН 2 мыңнан астам ҚАРУ ӘЛІ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ!
- Шабуыл жасаушылардың іс-әрекеттерінің сипаты, егер олардың жоспарлары жүзеге асқанда, бәлкім, бүгінде Қазақстанда азаматтық соғыс тұтанып, елдің өзі әртүрлі бандиттік топтардың «ықпалды аймақтарына» бөлінген болар еді деп айтуға мүмкіндік береді – Президент сұхбатында бұл жағдайды сириялық сценариймен салыстыруы кездейсоқ емес.
Оның үстіне ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі белгісіз біреулердің қолында. Бұл қару көлемі бейбіт ауылдар мен қалаларға жаңа шабуылдар ұйымдастыруға жетеді. Сондықтан бүгінде осы қарулар мен оның ұрыларын іздеп жүрген мемлекет пен құқық қорғау органдарына қолдау көрсету аса маңызды, - деді өз сөзінде Азат Тұрлыбекұлы кездесу аясында.
Зауыт жұмысшылары жағдайды бұлай бағалаумен, мемлекетті нығайту қажет деген пікірмен келісті.
Сонымен бірге ұжым ұсталған тәртіпсіздікке қатысушылардың тағдырына алаңдаушылық білдірді, олардың арасында көптеген жастар бар, оларды азаптау және қорлау туралы хабарламалар айтылды.
Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясының сауалдарын келтіре отырып, кісі өлтіру мен өрт қоюды ұйымдастырушылар мен үйлестірушілерді жауапқа тартып, арандап қалған жастарға адамгершілік танытып, жазықсыздарды босату керектігін талап еткендерін жеткізді.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БАСЫМДЫҒЫ ЗАҢМЕН ШЕШІЛУІ ТИІС!
Зауыт қызметкерлері Шахтыбай, Гүлжанат және тб елді толғандырып жүрген бірнеше сұрақты қойды.
1.Мемлекеттік тіл өзінің заңды мәртебесін иеленуі тиіс. Қазақ тілі өзге тілдерден басым болуы керек.
2.Үштілділік өте қиын, баланың миын ашытып жібереді.
3.Білім сапасы төмен. Біз неге мектепте оқытып жатқан баламызды тағы да қаржы шығарып, мұғалім жалдап, қосымша дайындыққа береміз?!
4.Балалардың тәрбиесі мен денсаулығы мықты болуы үшін еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерін дамытуымыз керек.
5.Әйелдерге зейнетақы жасын кеміту керек.
Жайлы жерде істеп, жақсы қызметінен кеткісі келмеген жүздеген әйелдің мүддесі үшін қиын жұмыстарда істейтін миллиондаған әйелдер жапа шегуі керек пе?
6.Отбасы институтын дамыту керек.
7.Әр азаматқа 10 сотық телімі берілуі тиіс.
8.Телеарналарда жағымсыз, агрессиялық хабарларды азайту керек.
Азат Перуашев жер теліміне байланыств сұраққа: “2015 жылы үкімет әр азаматқа тиесілі 10 сотық жер телімін беруді заңнан алып тастауды ұсынды. Бірінші оқылымда заң жобасынан түсіп қалды. Тек “Ақ жол” фракциясы ғана қарсы болды. “Нұр отан” мен Коммунистер фракциясы қолдап шықты. Біздің қарсы болуымызды халық қолдап, әр адамға 10 сотық жер беру заңымыздың екінші оқылымында қайта қосылып, сақталып қалды”-деп жауап берді.
Ал мемлекеттік тіл мен үш тілділік және білім туралы сұрақтарға Қазыбек Иса жауап берді.
-2012 жылы “Ақ жол” мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру туралы заң жобасын ұсынған. Бірақ Қазақ тілін қолдау туралы заң жобасына Қазақ үкіметі қарсы шығып, қабылданбай қалды.
2018 жылы да мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауал жасадық.
Былтыр 3 ақпанда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп депутаттық сауал жасадық.
Жақында Ресейдің Қазақстандағы Елшісінің А.Н.Бородавкин сұхбатының соңында Қазақстандағы қазақ тілінің мүшкіл халін әйгілеп берді.
«Қазақстанда бәрі орысша сөйлейді. Тіпті көбі жаңылмай және грамматикалық қателерсіз қолданып жүр. Орыс тілінің ресми мәртебесі Қазақстан Конституциясында бекітілген. Бұған ешкім өзгеріс енгізгелі жатқан жоқ. Оның үстіне орыс тілін білу Қазақстанда артықшылық ретінде қарастырылады. Мысалы, орыс тілін білмейтіндерінің білікті жұмысқа тұруы қиын», – деді ол.
Ресей елшісі шынын айтар болсақ, ащы шындықты ашып айтты.
1.Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, еліміздегі жағдай Кеңес империясының отары кезіндегімізден түк те өзгермегені, қайта тіл мәселесінде кері кеткенін;
2. Әлемдегі әрбір отарлық құлдықтан құтылған елдер жасайтын отарсыздану, ұлттық идеологияны ұстану жолында біздің елде 30 жылда түк те істелмегені;
3.Біздің биліктің 30 жыл бойы “Тәуелсіз ел ретінде ұлттық мүддемізді қорғауда, мемлекеттік тілді дамытуда бәрін қатырып жатырмыз” деп 100 пайыз өтірік айтып келгенін әшкерелеп берді.
Яғни, “Қазақстанда бәрі орысша сөйлейді”-деген сөз - “Қазақ Елі Рухани Тәуелсіздік алмаған, бәрі тек қағаз жүзінде ғана” деген сөз!
Негізі Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, бізде орыс тілін білу билік лауазымдары мен мемлекеттік қызметтерге тұру үшін артықшылықтар болмауы тиіс еді. Бізде 30 жылда өсіп-өнген, өмірге келген жастар бір кезде өзін отарлап алған елдің тілін - Ресей тілін білмеуі тиіс-тұғын…. Керісінше, қазақ тілін білмейтініне не деуге болады? Мейлі қанша тіл білсе де өз еркі, бірақ ең бірінші өзінің ана тілін - мемлекеттік тілді білуі тиіс қой! Міне, сонда “Шын Тәуелсіздік алғанбыз” деп мақтануға болады. Шын тәуелсіздік алған туыс елдер Өзбекстан, Әзңрбайжан, Түркіменстан, анау Балтық бойы елдері Литва, Латыш, Эстония, Кап тауындағы Грузия, Армения елдерінде, Украина болса да, солай, оларда мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін біледі бәрі. Бізде де мемлекеттік тіл - қазақ тілі мен ағылшын тілін білуге тиіспіз. Бір кездегі отарлаушы ел Ресей тілін білуге тиісті емеспіз. Орыс тілін мемлекет қаржысына, балабақшалар мен мектептерде, ЖОО-ларда міндетті оқытумен емес, әркім өз қалауынша, өз қаржысына үйренуі керек!
Отыз жыл бойы зарлап келе жатқан зарымыз, енді кеше ғана қаңтар қырғынында көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шыққан қазақ жастарының ереуілінен кейін туған “Жаңа Қазақстан” анық, шындығында да жаңа дәуірге аяқ басу болса, іс жүзіне асады деп сенеміз!
“Жаңа Қазақстан” ескі Қазақстанның саяси һәм рухани қателігін қайталамауы үшін, тек Мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс! Бір тіл болғанда ғана -Бір ел, Бір мүдде болатынын білу үшін аса көрегендіктің қажеті жоқ енді. Басқаны қайдам, Ұлттық идеологияда босқа өткен бір дәуір -Отыз жылғы қылмысқа тең қателігіміз көрсетіп берген жоқ па бәрін!
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең басты өзекті мәселе болып тұр.
“Қазақ үні” ұлттық порталында 2020 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануын талап етіп жазылған Ашық хатқа бір жарым айда 126 мыңнан астам адам қол қойды.
Кең байтақ жерінде өзі аз қазақтың әрқайсысын сақтау үшін, Қазақтың мәселесін Қазақ билігі өзі шешуі тиіс!
Мемлекеттік тілді міндеттеу - Мемлекеттің міндеті!
Ал үштілділік балаларға қиын деп дұрыс айтасыздар. Мысалы, Жапонияда шет тілдерді тек бастауыш сыныпты бітіргесін ғана оқиды.
Үштілділік әлі өз тілін игере аомай жатқан баланың миын атала қылып, дүбәра ету. Министр Сағадиевтің кезінде оған бөлінген миллиардтаған ақша далаға шашылғанмен бірдей болды.
Бізде білім саласының оңбай тұрғаны -30 жылда 17 министр ауысты. Әр министрге екі жылдан да келмейді екен. Сонда қандай жұмыс болады?!.
Сенбiнiң соңында өңiр кәсiпкерлерiнiң түйткiлдi мәселелерін қозғаған тартысты жиын өтті.
Жиын барысында есеп берудің бюрократизациясы мен артықтығы, патенттік салық салуға көшу қажеттілігі; суару суының тапшылығы, қымбатшылық және көктемгі егіс алдындағы дизель отынының тапшылығы. Тыңайтқыштардың (тіпті жергілікті тыңайтқыштардың) қымбаттығы мен тапшылығы, мемлекеттің ауыл шаруашылығы мәселелеріне немқұрайлы қарауы туралы мәселелер көтерілді.
Жексенбі күні Жамбыл облысының Сарысу және Талас аудандарында, дәлірек айтсақ, олардың аудан орталықтары Жаңатас және Қаратау шағын қалаларында болып қайтты.
Алдымен депутаттар Жаңатастағы «ҚазФосфат» ЖШС жұмысшыларымен жан-жақты әңгімелесті.
Ұжым өкілдері 1 және 2-тізбелер бойынша зейнеткерлік жасты қайтару, жалақының аймақтық коэффициенттері мәселесін алға тартты. Аудандық ауруханада компьютерлік томография аппаратының жоқтығы, сол себепті Таразға барып-келу 300 шақырымды құрайды, бұл науқас адамдар үшін әрі қымбат, әрі қиын екеніне шағымданды.
Бірқатар сауалдарға қазіргі Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев жауап берді. Томографқа қатысты ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізілуде, мәселе оң шешімін табады деген үміт бар екенін айтты.
Кеншілермен жүздескеннен кейін депутаттар Жаңатас қаласының сауда орындарын аралап, шағын және орта бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кәсіпкерлер «Ақ жол» ҚДП фракциясының қағазбастылық пен есеп берушіліктің орнына патенттік салық салуға көшу туралы ұсынысын қызу қолдайтындықтарын білдірді.
Базардағы кiсiлер қоғамдық жұмыстарға (еңбек биржасы арқылы) 1 қаңтардан бастап жалақының кенеттен 85 мыңнан 65 мың теңгеге төмендегенiне шағымданды. Қала әкімі 1 қаңтардан бастап бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен бөліну тоқтатылғанын, ал жергілікті бюджет мұндай көрсеткіштерді көтере алмайтынын түсіндірді.
Азат Перуашев бюджетті көктемгі нақтылау бойынша ұсыныс дайындауды сұрады. Осы арада партияның Ұлттық кеңес кеңесшісі Асан Қошмамбетов көмек сұраған көп балалы анаға айлық жалақысын бірден тапсырды.