Алғысқа бөленген Асхат

Алғысқа бөленген Асхат

Шымкен және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты Сауран ауданының пробация қызметі бөлімшесінің аға инспекторы әділет майоры Асқар Дайрабаев Сауран аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтың құжаттарын рәсімдеуге барғанда, екі аяғы ауырып қиналып тұрған ананың құжаттарын рәсімдеу үшін тиісті мекемелерге өзінің көлігімен алып барып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, алғысқа бөленді.

Түркістан облысы, Түркістан қаласының тұрғыны Гүлнар Ибадуллаева аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Асқар Дайрабаевқа өзінің Instagram парақшасы арқылы алғыс білдірді. Ол өзінің хатында былай деп жазған:

«Мен негізі жолы болғыш жандардың қатарынанмын. Ия рас айтамын. Адамның бойында ардың болғаны қандай керемет! Адамгершіліктен аттамай өмір сүру қандай ғажап. Біздің қоғамда осындай адамгершілік принципінен айнымайтындар көп пе? Көпте шығар.... Менің мақсатым өмірде, қоғамда осындай жандардың азғана болсада жақсылық жасағаны туралы танып білсе екен деп және үлгі алса екен деген оймен пост салып қоямын. Адамгершіліктен аттамауы адамзат өркениетінің және адами болмыстың құндылығын асқақтату. Адамның адамгершілік мінезінен құнды ештеңе жоқ. Ол кез - келген байлықтан артық десем менің артық айтпағаным шығар. Сауран ауданында Пробация бөлімі жұмыс жасайды. Пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы әділет майоры Дайрабаев Асқар Жамалдинұлына аналық алғысымды айтамын. Мені діттеген мекемеге жету үшін бүгінгі екінші рет маған кездескен азамат міне осы. Адамгершілігі жоғары, өн бойына рухани адамгершілік қасиетті ұялатқан жан деп түйдім. Жаңа қызметіңіз, жаңа ауданда Сізге сәттілігімен келсін!», - деп пост жазған екен блогер Гүлнар Өстемірқызы.

Гүлнар ханым өзінің екі аяғының ауыратынан қарамай, қайрымдылық іспен айналысады екен. Өзіне хабарласып көмек сұраған жандарға қуаныш сыйлауға тырысады. «Міне, Асқар баламның арқасында біраз уақыттан бері жасай алмай жүрген құжаттарды жасап алдым. Себебі, мен екі аяғымнан көп жүре алмаймын. Халыққа қызмет көрсету орталығында аяғымды баса алмай қиналып тұрғанымды көріп, полиция формасын киген азамат келіп жағдайымды сұрады. Бір көмек сұраған мүгедек жанның құжаттарымен жүрген едім. Себебі, әрбір құжатқа қол қойдырту үшін, сол іспен айныласатын мекемеге бару керек. Мен баратын үш мекеме үш жақта. Оларға баруға аяқ шіркін жарамайды. Мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген шарапатымның арқасында, Алла маған да адамгершілігі мол жандарды жолықтырады.

Асқарға екі дүниенің бақытын тілеймін. Жаңа ауданымыздың жұмысын көркейтуге өз үлесін қосуына тілектеспін», - деп аналық алғысын білдірді Гүлнар Ибадуллаева.

Адамгершілігі мол полицеймен кездесіп, оқиғаның қалай болғанын білдік.

- Әрине, қиындыққа тап болған әрбір адамға қолымнан келгенше көмек беруге дайынмын. Бұл әрбір адамның басты міндеті. Екі аяғын баса алмай, қиналып тұрған ананы көргенде қарап тұра алмадым. Себебі, менің де анам бар. Анам да екі аяғы ауырып көп жүре алмайды. Ата-анам бала кезімізден «көмек сұраған адамнан теріс айналма, керсінше қолыңнан келгенше қиналмай қол ұшын бер» деп айтып отыратын. Бұл менің ата-анамның бірген тәрбиесі, - деді Асқар Жамалдінұлы.

Ол 2006 жылы заңгер мамандығы бойынша дипломын алып Созақ аудандық полиция инспекциясына инспектор болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін Алматы қаласы, Бостандық аудандық полиция инспекциясына аға инспектор болып ауысады. Ал, 2016 жылы Түркістан қалалық полиция инспекциясы бастығының орынбасары болып тағайындалады. 2018 жылы Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты Түркістан қалалық пробация қызметінің аға инспекторы қызметін атқарады. 2022 жылы жаңадан ашылған Сауран аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы лауазымын атқарып келеді.

Асқар ішкі істер органында еңбек етіп жүргеніне он бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде көптеген істерді атқаруда. Қазіргі таңда, Сауран аудандық пробация қызметінің жұмысын жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Өзінің қызметі жайында әңгіме қозғаған кезде сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол «мемлекетіміздің азаматы» деген аттан айырылмайтынын тілге тиек етті Асқар.

Аға инспектор пробация қызметінде тұрған сотталғандардың қоғамнан өз орнын табу үшін жасаған еңбегі де зор екен. Осы кезге дейін біршама тіркеуде тұрған азаматтың өзінің кәсібін ашып, табыс көзін табуына мұрындық болды. Енді, бірі тұрақты жұмысқа орналасып, адал еңбегімен нан тауып келеді. Жаңғдайы төмен және көпбалы отбасыларға азық-түлік және қажетті заттарын алып беруде. Сонымен қатар, жаза басып қателікке бой алдырған жастардың уақытын тиімді пайдалануы үшін спорттық шараларға қатыстырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға машықтандыруда.