БІЗДІҢ ҰРПАҚ ӘДІЛ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРУІ ТИІС
2022 ж. 22 ақпан
1244
0
ЕЛІМІЗГЕ АДАЛ ЕҢБЕК ЕТЕЙІК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатынан өзімді мазалап жүрген сауалдарыма толыққанды жауап алдым. Шын мәнінде «қаңтар қасіреті» бәріміздің жанымызға батты. Әлеуметтік талаптардың арты дүрбелеңге ұласып кетті. Бейбіт тұрғындардың наразылығын арам пиғылды қаскөйлердің пайдаланып кеткені өте өкінішті болды.
Президент сұхбатында «біз өз тағдырымызды өзіміз шешуіміз керек» деді. Расында да, қоғамдағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Қазақстан – өз жеріміз, өз Отанымыз. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады. Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға айтқан өсиеті қандай, еңбекқор болуға шақырды. «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық» деді. Бұдан артық қандай өсиет болуы мүмкін? Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатыр. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның арты әсте жақсылыққа апармайды. Оқы, білім ал, білігіңді көрсет, сөйтіп, адал еңбегіңмен өсіп-өн, осының өзі үлкен бақыт емес пе?
Сынау, мінеу әркімнің қолынан келеді. Сондықтан оған әуес болмайық. Жаңа Қазақстанды құруға ниеттеніп жатқан Мемлекет басшысына бәріміз қолдау көрсетейік. Президенттің бастамаларын құптайық. Саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалар бір айдың, тіпті бір жылдың шаруасы емес. Олар жан-жақты талдауды қажет ететін күрделі процестер. Осы реформаларға әркім өз ісін адал атқарып-ақ үлесін қоса алады. Жылтыр сөз, бос мақтаннан бойды аулақ салайық. Сонда ғана біз өркениетті, азаматтық қоғамға бір саты жақындай түсеміз.
Тілеутай ӘБІЛДИН,
Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы
кафедрасының қауымдастырылған профессоры
ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН КӨТЕРЕЙІК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында «қасіретті қаңтар» оқиғасының себеп-салдарына және алдағы уақытта елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға қатысты сауалдарға жауап берді.
Президент бұл оқиғаға толыққанды баға беру уақытты талап ететінін, бұл іс тыңғылықты тексеріс жүргеннен кейін ғана мүмкін екенін баса айтты. Мемлекет басшысы оқиғаның астарына мемлекеттік төңкеріске талпыныс деп қарап, оның ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіруді мақсат еткен нағыз кәсіби қарақшылардың әрекеті екенін ескертті. Өздерінің әлеуметтік талаптарына басымдық беріп, алаңға шыққан бейбіт шерушілерді тыңғылықты түрде дайындалған лаңкестік топтар елімізде төңкеріс жасау үшін өз мүдделеріне пайдаланып кеткенін жеткізді. Арнайы дайындалған лаңкестік бүлікшілердің басты көздеген мақсаты еліміздің ең ірі екі қаласын басып алу арқылы билікке қол жеткізу екеніне көз жеткіздік.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда еліміздегі әлеуметтік жағдайдың төмен екенін айта отырып, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында реформалар жүргізу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ сұхбат барысында Президент мемлекеттің басқару аппаратындағы шенеуніктерді ауыстыру мәселесінде асығыстық танытпайтынын жеткізді. Наурыз айының ортасында халыққа жолдау жасайтынын мәлімдеді. Ең бастысы, жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік туатынын айтып, кеңес берді. Мемлекет басшысы сұхбат соңында әр іс заң аясында жүру қажет екенін ескерте отырып, әсіресе жастарға тәртіп пен заң үйлесімділік тапқан кезде егемен мемлекет екенімізді халықаралық деңгейде мойындатуға қол жеткіземіз деп түсіндірді.
Күлжан ЖАНАТАЕВА,
шығыстану факультеті
ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы
БІЗДІҢ ҰРПАҚ ӘДІЛ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРУІ ТИІС
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатын мұқият тыңдадым. «Қаңтар қасіретінен» кейін «Хабар» арнасының тілшісімен екеуара әңгімесін де тыңдаған едім. Екі сұхбат та өте әсерлі болды, көптің көңіліндегі күпті сұрақтарға жауап алдық.
Қазір, шынында да, өте қарбалас заман. Ақпараттық технология қарыштап дамуда. Экономикада бәсекелестік өте күшті. Ғылым мен білім саласындағы небір тың жаңалықтар адамзаттың өмір сүру дағдысын өзгертіп жатыр. Осындай әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан алға қарай дамуы тиіс. Оған қоғам болып үлес қосуымыз керек. Әркім өзінің жұмысын ыждағаттылықпен істейтін болса, біз дамимыз. Мемлекет басшысы осы сұхбатында ел мен жер тағдырына қатысты бірнеше мәселе көтерді. Оның ішінде ел тұтастығы, тәуелсіздік, тіл, аймақтық шекара т.б. өзекті тақырыптар болды. Президент дұрыс айтады, расында да, қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ. Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі, тағдыры өз қолымызда. Сондықтан тілдің дамуына әркім өз үлесін бос сөз, даңғазамен емес, іс жүзінде көрсетуі керек. Біз сонда ғана нақты нәтижеге жетеміз.
Президент қоғамдағы, біз бой алдыра бастаған «дерттерді» қадап айтты. Өкінішке қарай, арамызда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге бейім үлкен де, жас та баршылық. Мұндай жаман әдеттен арылғанымыз жөн. Өйткені мұндай психологиямен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру жөніндегі идеясын өз басым құптаймын. Біздің ұрпақ әділ қоғамда, өркениетті елде өмір сүруі керек. Ол үшін тек адал еңбек еткен абзал. Еңбек еткен адам жаман өмір сүрмейтіні белгілі.
Ел ішінде «қаңтар қасіретінен» кейін талай алыпқашпа әңгіменің шыққаны рас. Президент осындай күмәнді ойларға нүкте қойды. Ол өз сөзінде: «Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз. Ал егемен деген қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз деп ойлануға тиіспіз», – деді. Сондықтан қауесет пен бос сөзге сенбей, елдің келешегі үшін тер төккеніміз абзал.
Қанат ТӨЛЕНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Математика кафедрасының аға оқытушысы