ҚАМАУДАН БОСАҒАН ЖІГІТТІҢ АНАСЫ “АҚ ЖОЛҒА” АЛҒЫС АЙТТЫ
2022 ж. 20 ақпан
1662
0

Ақжолдық депутаттар Түркістан облысындағы сапарын Шардара ауданының тұрғындарымен, еңбек ардагерлері, зиялы қауыммен және фермер, кәсіпкерлерімен кездесумен қорытындылады.
Жетісай ауданы ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның туған жері болса, Шардара ауданы үш жасар кезінен ойнап өскен, оқыған, еңбек еткен жері. Өткен жылы ақынға жерлестері Шардара ауданының Құрметті азаматы атағын берген еді. Сондықтан бұл жердегі елмен кездесу ерекше әсерлі болды.
Шардара ауданы әкімі Қайрат Жолдыбай алдымен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашевқа сөз берді. Парламенттегі “Ақ жол” фракциясы жетекшісі қаңтар қасіретінің сабақтарына айрықша тоқталды.
“Айта кетерлігі, кездесулердің барлығында дерлік қаңтар трагедиясы тақырыбы қайта-қайта көтеріледі. Әңгімелесушілер назарына “Біртілек” ауылының тұрғындарымен кездесу туралы жоғарыда айтылған тәсілдерді, одан да бұрын – «Ақ жол» ҚДП-ның осы тақырыптағы екі депутаттық сауалын қайта-қайта айтып, жеткізіп жатырмыз”-деді Азат Тұрлыбекұлы.
Оның үстіне «Ақ жол» депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Исаның Бас прокурорға жазған хаты бойынша қаңтар қырғынында көшеде “жеделжәрдемге” көмектесемін деп жараланып, ауруханадан қамауға алынған Шардаралық Сүндет Түрікпенбай таяуда Алматыдағы СИЗО-18-ден босатылған болатын.
Оның ата-анасы Қазыбек Исадан көмек сұрап, содан кейін Бас прокурорға депутаттық сауал жолданған еді.
Сонымен қатар бұл жігіттің тағдырына қатысты Қазыбек Иса республикалық телеарналарда және “Қазақ үні” ұлттық порталы бастаған көптеген БАҚ-тарда, Фейсбук парақшасында мәселе көтерген болатын. “Мемлекеттік төңкеріс жасағандар түгел анықталып, тегіс жауапқа тартылуы керек. Жазықсыз қамалғандар босатылсын, азаптағандар жазалансын”-деп, парламентте “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын да жариялады.
Ақыры Сүндет қамаудан босап шығып, бүгінде ол үйіне келіп, емделіп жатыр. Сүндеттің апасы Ақтолқын Қожаназарова мен анасы Гүлшат Қамысбаева, әкесі Тоғайбай ұлдарының тағдырына көмектескен Қазыбек Исаға, партия төрағасы Азат Перуашевке және бүкіл «Ақ жол» фракциясына толқып тұрып, жүрекжарды алғыстарын білдірді (видеода).
Ақтолқын Қожаназар:
“АҚ ЖОЛҒА” АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!
- Кешегі қаралы қаңтар кезінде Түркіменбай Сүндет деген баламыз Алматыға емханаға барып , сол жерде жедел-жәрдемге көмек берем дегенде өзінің аяғына оқ тиеді. Қағазы документтерінің барлығы бар. Аяғынан қан сорғалап жатқан кезде емханаға алып барады . Емханада үш күн болып, содан кейін СИЗО-ға, түрмеге қамайды. Содан ұрып-соғып, бір аяғын ақсатады, бір аяғына оқ тиген . Сол өзімнің ауылымда бала кезінен көз алдымда өскен еді. Қарап отыра алмадым . Әуелі Алладан, одан соң, “Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исадан көмек сұрадық. Қазыбекті бұрыннан жақсы білемін ғой, інімдей көремін. Азат Перуашевты да сыртынан жақсы білемін, "Ақ жол" партиясының нәтижелі жұмыстарымен жете таныспын. Әлиханды да білемін. Кезінде "Ақ жол" партиясын бір ауыздан қолдап, Шардара ауданы “Өтеғұл” ауылының тұрғындары дауыс бергенбіз. Ақжолдық халық қалаулаларына рахметімді айтайын деп арнайы келіп тұрмын.Біздің мәселемізге бей-жай қарамай, прокуратураға жазып, істің оңынан шешілуіне септігін тигізді. Сіздердің қолдауларыңызбен Сүндет Шымкентке барып емделіп, қазір ауылға келіп, емін жалғастырып жатыр.
Жаңа бесін намазымды оқып сіздермен кездесуге асыға келдім. Сіздерге алғыс айтамын. "Ақ жолдың" жолы ақ болсын. Қазақстанымыз дами берсін. Телефонмен айтқанымыз ұят болар , арнайы барып алғыс білдірсек деп қайын сіңіліме, Түркіменбай Сүндеттің анасына айтқан едім. Міне, ол кісі де, Сүндеттің әкесі екеуі осында келді. Сіздерге ерекше алғыс айтамыз. Көсегелеріңіз көгерсін. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. Ақ жол сіздерге. Шардарада 25 жыл тұрыппын. Ақтауды да, Көктауды да көрдік. Талай жерді көріппін.
Бірақ еш жер біздің Шардарамызға жетпейді екен! Халқы да ерекше жандар. Халқымыз “Ақ жолды” қолдайды. Тек қана алғыс айтамыз.
Қазақстанымыз дами берсін!
“Ақ жолға” Ақ жол тілейміз!
Гүлшат Қамысбаева:
ЖАНАЙҚАЙЫМ “АҚ ЖОЛҒА” ЖЕТКЕНІНЕ ҚУАНАМЫН!
- Біздің жағдайымызға алаңдап, алыстан арнайы ат арытып келген ақжолдық халық қалаулыларына алғыс білдіремін. Шынымды айтсам қатты толқып тұрмын.Жеңгем шақырған соң осы жерден тез арада табылуға тырыстым. Сіздерді теледидардан, әлеуметтік желілерден көріп жатырмын. Ел жағдайын жақсы айтып, үнемі маңызды мәселелерді көтеріп жатсыздар! Өздеріңіз куә болғандай, мен баламды іздеп, жылап бардым. "Қайда барамын?", "Баламды ол жерден қалай алып шығамын?" деген сансыз сұрақтар санамды қаптады. Жоғары білімім де жоқ.
Аллаға шүкір. Алдымнан жақсы кісілер шықты. Бағыт-бағдар берді. Жанайқайымды Парламентке дейін жеткіздім. Бір емес екі қорғаушы болды. Біздің арызымыз сіздерге, “Ақ жолға” жеткеніне қуанып отырмын. Жақсы сөздер айтып, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс.
Менің балам емделуге барған, тепсе темір үзетін азамат еді. Астанада жұмыс істеп жатқан. Əп-əдемі болып барып, аяғын ақсатып отыр. Əлі жас қой, жақсы болып қалар деген үміттемін! Ең бастысы- аман-есен алып қайтқаныма шүкір. Барлығы әуелі Алланың, одан соң сіздердің арқаларыңызда. Көп-көп рахмет.Аллаға шүкір!Ауруханаға қаралды. Үш рет ота жасалды. Қазір үйде. Бір аптадан асты келгенімізге. Осы аудандық ауруханаға қаралып, ем-домын алып жатыр. Сіздерге рахметімді айтамын. Ауырмаңыздар. Осындай жанайқайды естіп, шырылдаған қазақтың үнін “Қазақ үніне” жазып, теледидардан айтқаныңызға қатты қуандым. Ауылдың жағдайын көтеріп жатырсыздар. Рахмет сіздерге. Рахметтен басқа айтарым жоқ.
Екі ананың да шын жүректен шыққан, толқып айтқан ыстық ықыласына ел риза болды.
Қаңтар қасіретіне байланысты “Ақ жол” екі рет депутаттық сауал жасады. Осыжан бір-екі апта бұрын фракция мүшесі Берік Дүйсембинов те Алматыдағы СИЗО-18-ге барып, прокурормен кездесу кезінде жазықсыз тұтқындалған 26 жігіттің ата-анасының арызын алып, “Ақ жол” фракциясы атынан Бас прокурорға хат жолданды.
Ақ жаулықты аналардан кейін сөз алған Қазыбек Иса оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
-Бізге жан-жақтан осындай жазықсыз қамалғандардың ткыстарынан арыздар түскенде, “ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНДАР ЖАЗАҒА ІЛІНІП КЕТПЕУІ ТИІС” атты 9 қаңтардағы мақаламызда: “Жазалау “шаш ал десе, бас алуға” жалғасып, енді жазықсыз жандар, олардың көбісі жастар жазаға ілініп кетпеуі тиіс! Бізде сан қуалап, жоспар орындау деген келеңсіздіктер бұрын да болған"-деп жазып едік.
Иә, “Ақ жол» партиясы жазықсыз ұсталғандар жайында бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын.
Сонымен бірге дәл осы қаңтар қасіретіне арнап “Ақ жол” фракциясы екі рет депутаттық сауал жасағаны белгілі.
Тіпті, олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады?
Мысалы, шалғайдағы Шардарадан астанаға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түркменбай қаңтардың 5-і күні Алматыға келіп, түстен кейін Төле би-Байтұрсынұлы көшелеріндегі поликлиникада дәрігерге қаралады. Анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол #12 ауруханаға жеткізіледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8-ші қаңтар күні түрмеге алып кеткен. “Алаңда болдым” деп мойында” деп, ұрып-соққан. “Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИ-18 түрмесінде неге жатыр?”-деп, көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасы Гүлшат Қамысбаеваның видеосын көргенде шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып адвокат жалдап Алматыда жүрді біраз уақыт…
Сол кезде маған өзім құрметтейтін Ақтолқын апайымыз хабарласып, осы жағдайды қабырғасы қайыса жеткізді. Біз Азат Перуашев екеуміз Бас прокурорға хат жаздық. Көп етпей Сүндет қамаудан ауруханаға қайтарылды. Енді міне, елге келіп, үйінде ем алуда. Азаматтың Алла шипасын беріп, атқа мініп кетуіне тілектеспіз.
Қан ішкендер құтылып, қарап жүргендер тұтылмауы тиіс! Тек қылмыс жасағандар ғана жазасын алуы қажет!- деді ақын, депутат Қазыбек Иса.
Шардаралық шаруалар мен диқандар атынан сөйлеген Шардара аудандық мәслихаты депутаты Бекмағанбет Кеншин суармалы су 3-4 есе қымбаттап, 1 гектары 14 мыңға жеткенін жеткізді. Күнде сойылып жатқан малдың жүні мен терісін пайдаланбау салдарынан шығынға ұшырау мәселесіне де тоқталды. Мал шаруашылығын қолдау аясында шаруаларды терілерді бастапқы өңдеуге, сақтауға және одан әрі өткізуге арналған қымбат емес құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету орынды болар еді. Әзірше бұл шикізаттың орасан көп мөлшері шіріп, қоқысқа тасталып, қоршаған ортаны ластауда.
Азат Перуашев бұл идеяны «Ақ жол» ҚДП депутаты Ерлан Барлыбаев басқаратын Мәжілістің аграрлық комитетінде көтеруге уәде берді.
-Шардарада да шаруашылық аспектілер болды: суға тарифтер, тыңайтқыштар мен дизельдік отын бағасы, шалғайлық пен логистика мәселелері. Соңғы тақырып бойынша жергілікті кәсіпкерлер (айтпақшы, бұл идея Жетісайда да көтерілді) Өзбекстанмен шекаралық өткел ашып, осы аймақтарды «үлкен жермен» байланыстыратын темір жол салу мәселесін пысықтауды сұрап отыр. Бұл тақырыпты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге көтеруге тырысамыз”-деді Азат Перуашев.
Жалпы, бәрін айтып тауысу мүмкін емес, ең өзекті деген мәселелер осылар.