МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ АЙТЫЛУ КЕРЕК - Тоқаев

МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ АЙТЫЛУ КЕРЕК - Тоқаев

Президенттің мемлекеттік тіл туралы сөзін барлық мемлекеттік қызметкерлер тапсырма ретінде қабылдауы тиіс

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Qazaqstan” ұлттық арнасына сұқбат берді.

Президентке журналист Жайна Сламбектің алғашқы сұрағы Президенттің Мемлекет басшысының неге алдымен мемлекеттік тілде сұхбат бермегенінен басталғаны өте дұрыс болды деп ойлаймын. Бұл қоғамның үнін білдіру еді, сондықтан, сұқбатқа шынайылық сипат берді.

Президент те ашық жауап берді.

-Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің мемлекеттік тіл туралы тура айтылған, ойып тұрып ондыққа тиген осы ойлы сөзін барлық мемлекеттік қызметкерлер тікелей тапсырма ретінде қабылдауы тиіс. Сондықтан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау еліміздегі ең басты мәселе ретінде кезек күттірмеуі керек.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев қазақ тілі туралы айқын да айшықты сөздерін бұрыннан айтып келеді. Президент бола салысымен “Ең бастысы -Қазақ тілі”-деді. Халыққа жасаған ең алғашқы Жолдауында “Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс” деді. 

“Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білуі міндетті”-деді. 

Енді елдің тілейтіні “Жаңа Қазақстан” басшысының афоризмге айналған айшықты сөздері тезірек іске асуы. Әйтпесе, елбасының “Қазақ пен қазақ қазақша сөйлеуі керек” деген сөзі отыз жыл бойы орындалмай, арман күйі кеткені белгілі…

Ал Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақ пен қазақ қана емес, бүкіл Қазақстандықтар қазақша сөйлеуі тиіс болатын…

«Тілімізге келетін болсақ, біз оны сақтаймыз. Басқаша болуы мүмкін емес, өйткені тарихтың ең қиын кезеңдерінде тіл дана бабаларымыздың арқасында, халқымыздың арқасында сақталды. Бұл ретте тіл реформасын жүргізуіміз керек. Ал бұл жерде әңгіме латын графикасына жылдам көшу туралы емес.», - деді Мемлекет басшысы.

Иә, Президенттің бұл сөзі Алаш көсемі, Ұлт ұстазы, 150 жылдығын биыл ЮНЕСКО атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының: “Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады” деген қанатты сөзімен сабақтасып тұр.

Ал Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Мандела: “Тілің мен мәдениетің жоғалса, шекараңды аша сал! Ол енді сенің елің емес, неңді қорғайсың!?.”-деп сақтандырады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұхбатында көптеген өзекті сұрақтарға жауап берді. Бұл дер кезінде берілген байыпты жауаптар ел мен қоғамның даму көкжиегін кеңейтеді. Мемлекетіміз қуатты, дамыған елге айналуы керек. Ал мемлекетімізді, ұлтымызды сақтап қалу ғана емес, жаңа заман талабына сай дамыту бәріміз үшін басты мақсат болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы ел қамы үшін ереуілдеп. әлеуметтік әділеттік сұраған бейбіт шерушілерді бүлікшілердің мемлекеттік төңкеріс жасауға пайдаланып, қан төгілгені қасіретке айналғанын айтты.

"Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.

Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі", - деді Мемлекет басшысы.

"Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе.

Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату", - деді Президент.

Иә, еліміз кімнің кім екенін көрсеткен үлкен сынақтан өтті. 

Жаңа жылдың алғашқы аптасы - Тәуелсіз мемлекетімізге қатер төнген, төңкеріс жасауға ұмтылған аса ауыр күндер, “Қаңтардың қанды аптасы” болды!

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Ел басына күн туғанда - Ер басына күн туған барлық ауыр сынақты Мемлекет басшысы ретінде көтере біліп, елін аман сақтап қалды! 

Президент құқық қорғау орындарының “шаш ал десе, бас алатын” әрекеттерін қатаң сынады.

"Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды. 

Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары деп айтуға болмайды"- деп мемлекет басшысы қазір әлеуметтік желіде байқалып жатқан теріс тенденцияны тап басып айтты. Кейбіреулердің сөзіне қарасаң, қылмыскерден қайраткер жасап ала салғысы келетінін байқайсың?!. Бұған тыйым болмаса, теріс тәрбие вирус секілді жайыла беретіні анық.

Мемлекет басшысы лаңкестер мен бейбіт шерушілерді ажыратып алу керектігін ескертті.

“Ақ жол” фракциясы да депутаттық сауалында осы мәселені көтерген болатын.

Иә, біз ең алдымен әрнәрсені анықтап алып, өз атымен атауымыз керек! 

Ел қамы үшін Ереуілге шыққандар мен Мемлекетке қарсы лаңкестікті, халыққа қарсы қарақшылықтың басын айырып алуымыз керек!

Өйткені, Ел қамы үшін ереуілге шыққандар 

-елге қарсы соғыспайды, -ешкімді өлтірмейді, -ауруханаға, жеделжәрдемге, әкімшілік орындарға, полицияға, құзырлы орындарға, банкіге, дүкендерге, мәдени орындарға, халықтың мүлкіне, көлігіне шабуыл жасап, өртеп жібермейді! -Телеарналарға шабуыл жасап, ел тарихының алтын қорын өртеп жібермейді. 

-Дәрігерлерді, науқастарды, Жеделжәрдемді, Қызыл крест, Жарты ай қызметкерлерін қандай соғыс кезінде де ешкім ұрып-соғып, тонамайды!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғалары кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақыруын дұрыс деп ойлайтынын мәлімдеді. 

"Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды", - деді Президент.

Иә, қазір желілерде жел сөзге ерік бергендер екпіндей айтып жүргендей, ҰҚШҰ ұйымы әскерлерін шақыру қателік емес, мәжбүрліктен болды. Президент қалай ҰҚШҰ әскерлерін шақырмайды, егер өзіміздің Ұлттық қауіпсіз комитеті осыдан он жыл бұрын жазғанымыздай, Ұлтқа қауіпті комитет болып шығып, мемлекетке сатқындық жасаса? Қорғаныс министрлігі қорғанысын көрсете алмаса?

Ал ҰҚШҰ ұйымы елдері қарулы шабуылға қатысқан жоқ, стратегиялық нысандарды күзетті және технологиялық-байланыстық қызмет көрсетті. Өйткені 6 елден құралған әскердің өз мемлекеттері олардың атысқа араласуына рұқсат бермейді. Мысалы, Қырғыз Республикасы парламенті тек екінші отырысында ғана әскерін Қазақстанға жіберуге келісім берді.

Мемлекет басшысы шетелге заңсыз жіберілген миллиардтаған қаржыны қайтару мәселесін де қозғады. 

"Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз", - деді ол.

Бұл мәселе, деофшоризация да “Ақ жол” фракциясының он жылдан бері көтеріп келе жатқан тақырыбы. Таяуда бұл мәселені тағы да қозғап, шетелге кеткен 160 млрд долларға байланысты Бас прокуратура шетелдерге ресми сауал жолдауы керектігін жазған едік.

“Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын", - деді Қ. Тоқаев.

Президент Ресейдегі еліміздегі бүлікке байланысты: "Төңкерісшілердің мақсаты Президент Тоқаевты Қазақстаннан қуып шығу немесе тұтқынға алу" деген болжамына қатысты ойын білдірді. 

"Бәлкім, бұл Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы шығар. Бұл рас та болуы мүмкін. Олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады ғой. Қалай десек те, арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан, шетелдік сарапшылар айтқан пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Дегенмен, барлығына байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. "Сабыр түбі - сары алтын" деп халқымыз бекер айтпаған. Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым", - деді.

“Ақ жол” фракциясы да депутаттық сауалында:

“Қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қаңтардың қанды қасіреті қайталанбауы үшін, өз мүдделеріне бола Тәуелсіздікті тәрк еткісі келген мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушылар түгел анықталып, тегіс жауапқа тартылуы тиіс” деп, атап көрсеткен едік.

Иә, Ақиқат айтылып, кінәлілер жауап беруі керек! Алаң көңіл Алаш жұрты осыны күтіп отыр.

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей бергей!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні