Семей әкімдігі патшалы ресей гербінен неге айырылғысы келмейді?
2022 ж. 17 ақпан
2334
1
Сөзімнің әлқиссасын тағы да Семейдің таңбасынан бастап отырмын. Бәрімізге аян, Семей қаласының жаңа таңбасы туралы туындаған мәселе, кешелі- бүгін көтеріліп отырған жоқ. Әлдеқашан толғағы жеткенімен әлі күнге бір шешімін таппай келе жатқан тақырыптың тынымсыз талқыланып келе жатқанына он жылға жуық уақыт болыпты. Бүгінде шешімі табылса да, жергілікті шенеуніктердің қолынан жасалып отырған кедергілерінен шешімін таппай отырған жайы бар. Семейге жаңа қала гербі қабылдау, мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру бетбұрысына да тұспа-тұс келіп отырғаны тағы бар. Герб - идеологиялық құрал екені ол да түсінікті. Неге Семей қаласының жаңа таңбасына ерекше тоқталып отырмын?! 2013-2016 жылдары Семей қаласының әкімдігінің жаңа қала таңбасына жарияланған екі байқауда үздік шықтым. Бірақ екі жолғы сол өздері ұйымдастырған байқауларды өздері заңсыз деп тапты. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Айдар Садырбаевтың жеке басыма жасап отырған қиянатына бұдан әрі шыдау мүмкін емес болғандықтан тағы қолыма қалам алып әділет іздеп шарқ ұруға мәжбүр болып отырмын. Түсінікті болу үшін бәрін де орнымен баяндайын. 2021 жылы 30 наурызында Үкіметтің №195 Қаулысымен Мәдениет министрлігінде геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды. Аталған орталықтың құзыретіне өңірлердегі қала, облыс, аудан таңбаларын анықтап бір жүйеге түсіру жатады. Өткен жылдың маусым айында маған Семей қаласының әкімдігі ішкі саясат маманы өздері қоңырау шалып хабарласты. 2016 жылы қала гербіне арналған байқауда үздік деп танылған жобамды қайта сұратып алды. Жазған құлда жазық бар ма, үшінші рет тапсырдым. Семей қаласының ішкі саясат бөлімі және ШҚО ішкі саясат басқармасының ресми жауаптарынан анықтағанымдай жобалар геральдикаға жауапты Мәдениет министрлігінің сұратуымен жолданған екен. Әкімнің орынбасары А. Садырбаевтың жеке қабылдауында болғанымда: «Егер Семей қаласының жаңа таңбасы жоғары жақтан бекітілсе ешқандай кедергі жоқ.» дегені де жаныма жылылық силаған еді. Менің екі жобам ғана емес, қаламыздағы танымал суретші, профессор Н. Өтепбаев ағамыздың да бірнеше жобалары да жіберіледі. Осыған орай, 2021 жылы 25 қарашада Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі Сараптама кеңесінің отырысы болды. Аталған кеңестің күн тәртібінде Семей қаласының өзгертілген жаңа гербінің жаңа нұсқасы да қаралды. Менің дайындаған жобам мемлекеттік комиссияда да топ жарып шықты. Мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінен тұратын он сегіз кеңес мүшелері Семей қаласының жаңа гербін қолданысқа енгізуді бірауыздан қолдады. Аталған комиссиясының қабылдаған шешімі бойынша №3 Хаттамасы 15.12.2021 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің басшысы Қ. Бораштың №ПР-27721 хатымен бірге ШҚО әкімдігіне жолданды. ШҚО әкімінің орынбасары Е. Нұрбаев (хат нөмірі №3/22963-И, 15.12.2021ж) Семей қаласының елтаңбасын қабылдау шарасын жүргізу бойынша авторды қабылдап жұмыстар ұйымдастыру жөнінде Семей қаласының әкімі Б. Байахметовтің атына тапсырма берілді. Осы жерде түсініксіз жағдай орын алды, Семей қаласының әкімдігі тағы да қабылдаудан бас тартты. Онда неге Мәдениет министрлігіне жолдаған? Әлде екінші адамның жобасы өтуі керек пе еді?
Ағымдағы жылдың 1 ақпанында қала әкімі Б. Байахметовтың тікелей қабылдауында болдым. Осы уақытқа дейін қаланың жаңа қала елтаңбасының қабылдануына ашық қарсылық танытып келген әкімнің идеология жөніндегі орынбасары А. Садырбаев қабылдауда әкім Б. Байахметовтың алдында ешқандай мардымды жауап айта алмай қара терге түсті. Сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтіріп әкімге «байқау болған жоқ, ол тек құрылған жұмыс тобы болатын..» деп жалған ақпарат берді. Орынбасар менің сол 2016 жылы өткен байқаудың болғаны жөнінде әкімдіктің ресми мөрін соққызып алғанымды да ескермепті. Айғақты әкімге де көрсеттім. Мемлекеттік лауазым иесінің бұл әрекеті - мемлекеттік идеология лауазымында жалған ақпарат беруден мүлде арланбайтын мемлекеттік қызметкер отырғанын көрсетті. Мемлекетік лауазымды адамның жасап отырған Әдеп кодексіне жат бұл әрекеті менің бойымда мемлекеттік қызметкерге деген теріс пікірді қалыптастырды. Оның үстіне барлық құжаттарды көрсетіп орынбасарының кері әрекеттерін дәлелдеп отырсам да қабылдау соңында әкім Б. Байахметов өзінің орынбасарына 9 ақпан күніне белгілеп «заңдылығын анықта» деп тапсырма берді. Ішкі саясат бөлімінің маманы «қаланың зиялы қауымы жаңа қала таңбасын қабылдауға қарсы..» деген желеу де келтіре кетті. Мұндай ақпаратқа сене алмай қаламыздың 84 жастағы ақсақалы, 40 жыл идеологияны басқарған М. Жанболатов ағамыздан бастап қаламыздың зиялы қауым өкілдерінің жеке пікірлерін білуге бел байладым. Кездесу барысында Молдабек ағамыз: «Бұл көтеріліп отырған мәселе - Семейдің руханиятын қайтарудың басы!» деп жоғары бағасында берді. Қаламыздың басқа да ғалым оқымысты зиялы қауым өкілдерімен де кездестім. Барлығы да бірауыздан қолдап отыр. Сонда не кедергі? Меніңше, әкімдікте отырған, жаңашылдықты жандары қаламайтын, өзгергісі келмейтін шенеуніктердің қолдан жасап отырған кедергісі деп қабылдап отырмын. Қала орталығында әлі күнге ілініп тұрған патшалық империалистік гербті қала гербі мен мұндалайды. Оған әкімдік неге үнсіздік танытуда? Әкімдіктің шенеуніктері кімді аңсайды? Семей әкімдігі бір тоқтамға келіп, жоғары құзырлы органдардың жауаптарын, шешімдерін негізге ала отырып 9 ақпанда нақты шешім қабылдайтын болар деп топшылаған едім. Бірақ ол үмітімде тығырыққа тірелгендей...
9 ақпан күні әкімдіктің Али Нұрғалиев деген маманы хабарласып: «әкім қала таңбасының заңдылығын анықтауды үшін тағы бір айға шегерді..» деген жауап айтып отыр. Қала әкімі Б. Байахметов пен орынбасары А. Садырбаев Мәдениет министрлігінің мемлекеттік Сараптамалық кеңес мүшелері, жауапты геральдикалық зерттеулер орталығы, Семей қаласының жаңа қала таңбасын қолдануға рұқсат берген Хаттамасын басшылыққа алудан неге бас тартуда? Семей қаласының әкімдігінің пікірінше, жаңа қала елтаңбасын қабылдауға рұқсат берген сараптамалық кеңес заңсыздыққа жол берген болып шығып отыр ма? Семей қаласы әкімдігі өздері үздік жоба деп танып жіберді ғой. Әлде, бас идеолог тағы байқау ұйымдастырып мені мазақ жасап, Конституциялмен қорғалған ар-ожданымды таптауға кезекті құлшынысын танытқысы келіп отыр ма? Семей қаласының әкімі мен орынбасары Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған қала гербтеріне жауапты құзырлы жоғары органның шығарған шешіміне күмәндары болса ол шағымдарын Мәдениет министрлігіне жолдауы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ашық Үкімет құруды тапсырды. Ашық Үкіметтің талаптары - Халық алдында есеп беруге міндетті мемлекетті құру, азаматтардың мемлекеттік басқару саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мен жаңа технологияларды мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру үшін қолдану болып табылады. Әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек" деді. Олай болса, Мемлекет басшысының тапсырмасы жергілікті жерде неге өз дәрежесінде орындалмай отыр? Әлде бұл мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құруға деген тапсырмасына дегенде немұрайдылық па? Неге Шығыс Қазақстанда әділетсіздік жиі орын алып отырса да мемлекет тарапынан ешқандай реакция жоқ?! Бір қаланың қарапайым қала таңбасын қабылдата алмай әділет іздеп шарқ ұрып жүргеніме он жылдың жүзі болыпты. Мемлекеттен ешқандай кедергі болмаса да жергілікті жерде көзге көрінбес кедергіні жасап отырғандар кімдер?! Басқа облыс-қалаларда еш ың-шыңсыз қабылданып келді, неге Семейде осынша қарсылық туындап отыр? Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?... Қала әкімі өз орынбасарының қолдан жасап келген қарсы әрекеттері дәлелденіп тұрса да неге қайта соған шешуді тапсыруы қалай?. Қазақтың: - «қарғаның көзін қарға шұқымайдының» дегені осы ма? Жеке пікірім.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тарихи орталық деп таныған Семей қаласының жаңа қала таңбасына мемлекеттік құзырлы орыннан рұқсат беріліп отырса да Семей әкімдігі қарсылық танытуда? Мұны қалай түсінеміз?
Ерлан Шаяхметұлы,
Қазақ үні