Қазақстанда орыс тілін білу артықшылық саналады - Ресей елшісі

Қазақстанда орыс тілін білу артықшылық саналады - Ресей елшісі

Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Бородавкин «Независимая газета-ға» 7 ақпан күні екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты ауқымды сұхбат берді. Сұхбат барысында ол тіл, тарих, сыртқы саясат пен экономика жайында кеңінен ой қозғады.

«Қазақстанның соңғы оқиғалардан кейін Ресеймен қатынасы қалай болуы мүмкін», деген сұраққа елші былай деді: 

«Қысқаша айтатын болсақ, Қазақстан біздің ең басты одақтасымыздың бірі және интеграциялық әріптесіміз. Бұл ең бастысы. Ал егер тереңірек айтатын болсақ, Қазақстан посткеңестік кеңістікте қалыптаса білген мығым ел. Тіпті, қаңтардағы оқиғалардан кейін де ол солай болып қала бермек. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ көптеген посткеңестік елдер КСРО ыдыраған соң бұл «статусқа» жете алмады.

Ал одақтастық қатынас жайлы айтар болсақ, ол құрғақ сөз емес, нақты істермен көрінуде. Қарқынды дамып келеді. Біздің елдеріміз бір-бірін қиын сәтте әрқашан қолдауға дайын, оны пандемия кезінде көрдік. Ресей 2020 жылы коронавирус өршіп тұрған сәтте бауырлас елге көмекке келіп, қажетті медициналық жабдықтар мен гуманитарлық көмек көрсетті. Қарағанды фармацевтика кешенінде екі ел арасындағы келісім бойынша «Спутник V» вакцинасы жасалуда.

Біздің экономикалық байланыстарымыз соңғы жылдары сапалы деңгейге өсті. Жаңа айтқанымдай, Ресей мен Қазақстан интеграциялық серіктестер. Біздің экономикаларымыз тығыз байланыста. Қарым-қатынасты орнатуда гуманитарлық құндылықтар да маңызды. Ол ең алдымен білім беру, орыс тілін сақтау және тарихи жадыны өшірмеуге қатысты.

Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін Ресейден алшақтауға тырысқан емес. Мысалы Украинамен салыстырғанда Қазақстан ТМД-ны дұрыс қабылдады. Керісінше, Қазақстан тарапынан, нақтылап айтқанда Қазақстанның Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев тарапынан Еуразиялық Экономикалық Одақты құру туралы ұсыныс жасалды. Аталмыш идеяны ол 1994 жылы жасады және Қазақстанның еш қатысы жоқ себептермен 2015 жылға дейін ұзақ жатып, ақыры іске асты.

Қазақстан ҰҚШҰ ұйымын құруды да ұсынған елдердің бірі. Жиырма жылдығын атап өтудеміз. Жақын аралықтағы тәжірибе аталмыш ұйымның құрылтайшылары қалағандай дұрыс екенін көрсетті. Дәл Қазақстан бұл ұйымның бітімгерлік күштерін өз аумағында бандиттік-террорлық күштерге қарсы операция мен елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде қолданды», - деді Елші.

Елші Қазақстан мен Ресей арасындағы қарама-қайшылықтар жайлы да айтты.

«Ресей КСРО-ның ыдырауын трагедия ретінде қабылдайды, ал Қазақстан керісінше 30 жыл бұрын Тәуелсіздік алдық дегенге акцент қояды. Тәуелсіздік қазақтар ондаған жылдар бойы ұмтылған құндылық, сондықтан олар бұл жетістікпен мақтанады. Әрине, олардың оған толық құқығы бар.

Тағы бір тарихи мысал келтірейін. Қазақтар өз тарихын «Алтын Ордадан» бастау алады деп санайды және өткен жылы «Алтын Орданың 750-жылдығын» атап өтті. Ал Ресей үшін «Алтын Орда» моңғол шапқыншылығы мен 300 жылдық бодандық ретінде қабылданады. Әрине, әркім өзінің тарихи көзқарасын ұстануға құқығы бар. Бастысы тарихи оқиғаларды саралағанда объективтілік болғаны дұрыс, тарихты бұрмалап, оның саяси мақсатта қолданып, елдер арасына сына қағуға қолданбау керек. Бұл сонымен қатар өте нәзік мәселелер болып саналатын 1916 жылғы Түркістан көтерілісі, 1920-1930 жылдары болған аштық, сталиндік репрессияға да қатысты. Тарихты тарихшыларға қалдырған дұрыс», - дейді ол.

Ресей елшісі жақын аралықта Қазақстан президенті Ресейге арнайы сапармен баратынын, сапар барысында одақтастық қатынастарды дамытып, арнайы келісімдерге қол қойылатынын айтты. Ол президент Тоқаев Ауғанстан мәселесінде АҚШ және Ұлыбритания ұшақтарын Қазақстан аумағымен ұшуға рұқсат бермеуін айтып, «бұл Ресей үшін қауіпті болар еді» деп нақтылады. Сонымен қатар, Тоқаев президенттігі кезінде НАТО ұйымдастыратын «Дала қыраны» әскери жаттығуы өткізілмегенін де айтты. Сондай-ақ, ендігі таңда ҰҚШҰ жаттығулары мен бітімгерлік күштерін нығайту жұмыстары жүргізілетінін меңзеді.

Ол Қазақстаннан Ресейге орыс ұлты қарқынды көшіп жатыр дейді. Алайда бұл қалыпты құбылыс, қандай да бір қудалау жоқ, экономикалық көзқарас бойынша болып жатыр деп болжады. Оның мәліметінше, бір жылдың ішінде Ресейге Қазақстаннан 25 мың орыс көшіп барған. Қазақстандағы орыстарға ешқандай қысым жоқ екенін, олар биліктің биік мінберлерінде барын да айта кетті.

«Қазақстанда тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдық басым», - дейді ол. «Өкінішке орай бұл құбылыс Қазақстанда да, Ресейде де кең етек жайған. Бұл мәселемен біз бірлесе күресуге тиіспіз, бір-бірімізді айыптау арқылы емес»,- дейді Бородавкин.

«Орыс тілін Қазақстанда бәрі біледі. Басым көпшілгі акцентсіз және грамматикалық қатесіз сөйлейді. Орыс тілінің ресми тіл статусы конституцияда бекітілген және оны өзгерту талпынасы жоқ. Оның үстіне Қазақстанда орыс тілін білу артықшылық ретінде саналады. Мысалы, орыс тілін білмегендер жақсы жұмысқа тұруда қиындық көреді.

Орыс тілі Қазақстанда өз позициясын ұстап тұратынына сенімдімін. Қазақстандық жастар ресейлік ЖОО-ға оқуға түсуге талпынуда, ал оған орыс тілінсіз түсу мүмкін емес. Жақын аралықта Ресей ЖОО-ның филиалдары ашылады, ал онда тек орыс тілінде оқытады. Орыс тілін көбіне Қазақстанда өзге елден қоныс аударған қандастар білмейді», - дейді елші. 

Дереккөз: alashainasy.kz