ҚАЗАҚ Президенті Қазанда ҚАЗАҚША ғана сөйледі

ҚАЗАҚ Президенті Қазанда ҚАЗАҚША ғана сөйледі

Түркі тілінің түбі бір деген осы! Түбі бір туыстардың бір-біріне оңай түсінікті өз тілдерінде сөйлегені қандай жарасымды! Ресей елінде!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстанда қазақша еркін сөйлеп, татар президенті Рустам Минниханов бауырын бауырына тартып, емен жарқын сұқбаттасып, ыстық ықыласпен қауышуы өте жарасымды болды. Сыртқы саясатта БҰҰ төрағасы орынбасарына дейін көтеріліп, әлемнің талай елінде болған Қазақ Президентінің осы уақытқа дейін қазаққа жақын Қазан қаласында болмағанына қатты ұялып, адами өкініш білдіруі сырбаз сыпайылығын көрсетті.

Жалпы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев татар елінде тек қазақша сөйледі десе де болады. Татарстандағы әйгілі “ТАНЕКО” мұнай өңдеу зауыты мен КАМАЗ автомобиль корпорациясында болғанда да, сонда тәжірибеден өтіп жатқан қазақ жігіттерімен қазақ тілінде сөйлесті. Құдай сақтап, ол жастарымыз да қазақша ағып тұр екен, жақсы әңгіме болды. Әйтпесе, шетелде емес президентіміз кейбір қазақ саясаткерлерімен, министр, әкім, депутаттарымен Ресей тілінде сөйлесуге мәжбүр болғанын да білеміз… Қазақ қазақша білсе қуанатын, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін әлемдегі жалғыз ел болған масқара мүшкіл халімізден Тәуелсіздік алсақ та, құтыла алмай отырғанымыз, ол 30 жылдың босқа жылап кеткенін білдірсе керек…

Ресейдің құрамында болса да, татар тілінде сөйлескен Татарстан автономиялы республикасы басшысы Рустам Миннихановқа риза боласың! Отарлықтан құтылғанына 30 жылдан асса да, Қазақ Елінде әлі билік пен мемлекеттік қызмет құлдық санадан құтылмай, орыс тілінде сөйлейтінін ойлап, күйінесің! Айтпақшы, кезінде бір мақаламызда жазып едік, біздің Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдағы мемлекеттік тілінің даму деңгейі Ресей құрамындағы Татарстанның татар тілінің қолданылу деңгейіндей ғана екен деп…

Қазақстан Президенті Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы құрылғанда да тек қазақша сөйлегенде де жазып едік, Рухани тәуелсіздігіміз Қазақ мемлекеті басшысы Мәскеуге барғанда Ресей Президентімен протоколға сай өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлескенде орнайды деп! Кезінде Әзірбайжан Президенті, бірнеше тілді білетін, мамандығы филолог Әбілфайыз Елшібей Мәскеуде Ресей Президенті Ельцинмен әзірбайжанша сөйлескен аудармашы арқылы…

Өз елімізде де, өзге елде де президент бас болып, мемлекеттік лауазымды тұлғалар қай ел, қай ұлт болса да тек мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс!

Айтар берсе, арман көп болып тұр…

Экономикалық қатынастарды реттеп алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызына да баса назар аударды.

– Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, достық пен тығыз байланысты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслык» орденімен марапаттады.

Жалпы, жайлы да жайдары қалыпта өткен бұл кездесуден Тұрандық тұтастықтың сәулесі қылаң бергендей әсер етті.

Түркітілдес, түгел бол!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні

https://youtube.com/shorts/gUeYtb00PGc?feature=share