Өмірлік таңдауы – нағыз шекарашы болу!

Өмірлік таңдауы – нағыз шекарашы болу!

Еліміздің басына үйірілген қара бұлттың көлеңкесі Алатаудың басына да төнді. Күн көзіне шомылған Алматы көшелері түнекке оранды. Жаңа 2022 жылдың басы қазақстандықтардың есінде бірінен бірі өткен жайсыз жаңалықтарды естіртуімен қалатын болды.

Төрткүл дүниенің назарын өзіне қаратқан Қазақ елі қаңтардың алғашқы күндерінде есеңгіреп қалғандай болды. Апорттың отаны атанған асыл қаламыз Алматының ортасында салынған ойранның соңы жақсылықтың нышаны еместін. Экономикалық әлеуетімізге келтірілген шығынды санамағанда, айдың күннің аманында қаншама азаматтарымыз жер жастанды. 

Алматының төріндегі ҰҚК Шекара академиясының 2 офицері мен 3 курсанты осы қаралы күндердің құрбаны болды. 

 Академия басшысы полковник П.К. Поливановтың сөзінше: «Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түнде әскери қызметшілер мен курсанттар Алматы қаласының әкімдігінің қорғанысында тұрды. Қиқулаған адамдар тобы баса-көктеп ғимаратқа кіре бастады, қолына түскенді қару еткен сарбаздар көптің нөпіріне шыдай алмады. Оқ атуға тыйым салынған болатын. Ал, шабуылдағандар тарпынан дауыс-жарықтық және түтін шашатын гранаталар қолданылды. Алған соққылары мен түтінге тынысы тарылған Шекара академиясының кафедра бастығы полковник Кабдинов Андрей Вячеславовичтің жүрегі сыр берді. Ол нағыз жауынгерге тән ерлікпен өзіне сеніп тапсырылған тапсырманы орындау барысында көз жұмды. Біз осындай әріптестерімізбен мақтанамыз, нағыз педагог ретінде өз курсанттарына да үлгі бола білді». 

 Андрей Вячеславович 1974 жылы 14 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Шекарашы әкесінің жолын қуған ұлға әскери өмір ерекше ыстық еді. Жылдар жылжып өтіп, тәуелсіз елдің аспаны астында ержеткен Андрей ҚР ҰҚК Әскери институтына түсті. Арманына берік ұланның болашағы жарқын болды.

Шекарашы қызметін Күршім шекара отрядының «Матвеевка» заставасынан бастаған Андрей Вячеславович бұл қызметтің қайнауынан болаттай шыңдалып шыға келді. Аз уақытта өзінің кәсібилігін, нағыз маман екенін дәлелдеп шықты. 

Шекара өмірінің қыр-сырын меңгерген маманның Алматы қаласындағы ҰҚК Шекара академиясының білікті педагогтары қатарынан табылуы заңдылық еді. 

Өзімен бірге қызмет істеген әріптестері де бірауыздан Андрейді мақтай жөнеледі. Достығы мен адамгершілігіне тәнті болғандарын жасырмайды: «Шекара академиясының курсанттары да Андрей Вячеславович десе ішкен астарын жерге қоятын еді. Әрқайсымыздың жүрегімізге жол таба білетін, әзілмен қағыта айтып жөн сілтейтін, білмей қалғаныңды барын салып түсіндіріп жіберетін білікті педагог еді». 

Қарамағында 7 жыл қызмет еткен кафедра оқытушысы Евгений Дыбов оның қандай басшы болғанын бір адамдай біледі: «Андрей Вячеславович мені үнемі таң қалдыратын. Өзгеден ғана емес, өзіне де қатал талап қоя білетін офицер еді. Қандай істе болмасын әбден бүге-шегесіне жетпей тоқтамайтын. Жаңашыл болатын, әсіресе Академияға арналған жаңа техниканы әбден зерттеп барып қана, соңғы нүктесін қоятын. Бойындағы күш-қайраты мен ізденімпаздығы еліміздің Шекара қызметіне, оның ішінде осы қызметтің «қара шаңырағына» айналған оқу орнына берері көпті».  

Суыт хабар естілер күні Андрейдің жары Олеся да қатты қобалжулы еді. Жандары жақын адамдардың арасындағы тылсым байланыс бірнәрсе сездіргендей еді. 

Төрт жасқа енді толған Даниэлланы құшақтаған күйі терезеден көз алмай ұзақ отырды. Сүйіктісінің жағасына жармасқан қолдар Олесяның да тынысын тарылтқандай болып кетті. Арпалыс пен жанталастың ортасына түсіп қалғандай. Кеуде тұсы зырқ етті, әлі құрыған буындары денесін әрең ұстап, тұрып қалды: «Мүмкін емес, менің Андрейіме ештеңе болған жоқ. Иә, ол жүрегін соңғы кезде жиі айтатын, бірақ, қызымыз үшін ол тірі қалуы тиіс!». 

Сезімтал әйелдің ойы сан-саққа жүгірді. Есітіліп жатқан атыс дыбыстары мен түнмен бірге түнекке оранған қала ғимараттарына қарап, сенімі сетіней берді. 

2022 жылғы 9 қаңтарда ҰҚК Шекара академиясының оқу алаңында қаза тапқан офицерлер және курсанттармен қоштасу рәсімі өтті. Ботасынан айырылған аналар мен жанарларын жас жуған жесірлері, бір күнде есейіп кеткен балаларының жәутеңдеген көздеріне қарау мүмкін емес. Соңғы рет қол алысқандай табыттарына жақын келіп, сипап өткен әріптестері де ішкі толқыныстарын әрең ұстап тұрғандай.

Өмірлері арманға толы боздақтарымыздың ерлігі елеусіз қалмайды.  

Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Президентінің №753 Жарлығымен жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу мен экстремистік және террористік топтардың көзін жоюда көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі үшін Кабдинов Андрей Вячеславович II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды (қайтыс болған соң).

Құрманғазин Рүстем, 

ҰҚК баспасөз қызметі