ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫМЕН ЕМЕС, СЕБЕБІМЕН КҮРЕСУ КЕРЕК

ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫМЕН ЕМЕС, СЕБЕБІМЕН КҮРЕСУ КЕРЕК

Тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғалы, нарық деген экономикалық қатынастарға көшкелі Қазақстан халқы қымбатшылықтан көз ашқан емес. Доллардың бағамы көтерілсе де, жанар-жағармай қымбаттаса да, мұнайдың бағасы бір көтеріліп, бір түссе де, тіпті зейнетақы мен жалақы қосылса да халық тұтынатын тауарлар бағасы аспандап шыға келеді. Ең бастысы, нарық заңында жазылғандай бағаның қайта төмен түскен кезі болмапты. Сонда қазаққа тап болған бұл қандай нарық? Қарапайым халық соған түсінбей әлек...

Біздің елімізде қымбатшылықпен күрес ертегідегі жеті басты айдаһармен айқасқаннан да бетер болып кетті. Осыған қатысты неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылдағанмен нәтиже – нөл. Отыз жылда қымбатшылық атты айдаһардың жеті емес, жеті жүз басын шауып тастайтындай уақыт болды.

Қымбатшылық шеруі жалғасып келеді. Сиыр еті 2020 жылы келісі 1940 теңге болса, 2021 жылы – 2234 теңге, қой еті сәйкесінше 1970-ден 2399 теңгеге, жылқы еті 2240-тан 2557 теңгеге көтерілген. Жұмыртқа бір жылда 18, қант 26, сұйық май бірден 61 пайызға қымбаттаған. Өзге азық түрлерінде де бағаның өсуі анық байқалады. Тауар қымбатшылығына тікелей әсер ететін дизель бағасы – 24, бензин – 16, сұйытылған газ – 17 пайызға көтерілген. Сөйтіп инфляция өткен жылы 9 пайызға жетіп барған. Бұл былтырғы жылға қатысты үкімет жариялаған ресми дерек, ал шын мәнінде бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары.

Жақында Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 1 млрд. 35 млн. теңге жұмсалғаны жарияланды. Қаладағы тұрақтандыру қорының қоймасында 216 тонна азық-түлік, 2 379 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері бар екен. Қаланың 39 сауда нүктесінде азық-түліктер нарық бағасынан 33%-ға төмен бағамен сатылып жатқан көрінеді. Мәселен, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы – 80-82 теңге. Ал, сиыр еті – 1853, он жұмыртқа – 360, картоп – 185, пияз – 80, сәбіз – 145, қырыққабат – 125, қызылша бағасы 170 теңге тұрады екен. Мұнан басқа да өңірлерде мемлекеттің қаржылай қолдауымен жылда осындай шаралар өтетінін білеміз.

Солай-ақ болсын делік. Қиналған қарапайым халыққа көмектесіп жатқандары дұрыс. Сонда олар бұл көмектерін қашанға дейін көрсетпек? Бұндай бағдарлама біздің елімізге кіргізілгелі ондаған жылдар болды. Содан халықтың тұрмысы түзеліп кетті ме? Жоқ! Азық-түліктің тұрақты қорын жасап, жүздеген шаралар ұйымдастырдық деген әкімдіктердің есебі апта сайын жарияланғанмен олар қарапайым халықты арзан азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ете алмады. Ол тіпті мүмкін де емес. Бұл уақытша ғана шара. Турасын айтсақ елімізді жайлаған жаппай қымбатшылықтың мықтап орныққан салдарымен ғана күресу. Ашыққан халық көшеге шығып кетпес үшін, алаңдарда айқайлап өздерінің мазасын алмасын деп жасалып отырған айла-тәсілдің бірі деп баға беруге болады. Өйткені 5000 тонна азық-түлікпен

бүкіл қаланы жыл бойы асырай алмайтынымыз бес жастағы балаға да түсінікті нәрсе. Азық-түлік қорын жасауға мемлекеттен қаржы бөлінеді. Яғни халықтың ақшасы жұмсалады. Сонда тұтынушылар қалай арзан азық-түлікпен қамтамасыз етілді деп айта аламыз? Түптеп келгенде ол тағы да өз ақшасына алып жатыр емес пе? Олай болса оны түпкілікті шешудің басқа жолдарын неге қарастырмайды үкіметте отырған біліктілер? Өздерінің миы жетпесе халықтан неге сұрамайды? Халық арасында небір мамандар бар ақыл-кеңес бере алатын. Сол жоғарыда отырғандардың біразы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендер емес пе?! Қайда алған білімдері, неге соны қолданбайды? Сол үшін мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалды. Егер одан нәтиже болмаса оларды неге шетелге жіберіп оқытамыз? Оның көбісі лауазымдылардың және солардың таныстарының, туыстарының балалары. Бұл босқа ақша шашу, жемқорлыққа жол ашу. Сондықтан бұл бағдарламаны жабу керек. Оның орнына өзіміздің оқу орындарын дамытып, мамандарды өз елімізде дайындаған ұтымды. Мамандарды босқа оқыта бермей сұранысқа ие салаға қарай бейімдеу қажет. Қазір бізде екінің бірі экономист, заңгер. Қайда сол экономистер? Неге еліміздің экономикасын дамытуға сол білімдерін қолданбайды?

Біз алдымен аграрлы елміз. Егін егіп, мал өсіруге жер мен суымыз жеткілікті. Ол жағынан Жаратқан иемізге айтар арызымыз жоқ. Сондықтан азық-түлік жағынан ешқандай таршылық көрмеуге тиістіміз. Сол мүмкіндікті пайдалана алмай келеміз. Неге? Өйткені билік тарапынан соған деген шынайы ниет жоқ. Атышулы жекешелендіру кезінен бастап аш бөрідей талап, ауылдың тас-талқанын шығардық. Миллиондаған мал мен ауыл шаруашылығы саласындағы техника атаулы талан-таражға түсті. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әрине қарапайым халық емес, сол баяғы қолында билігі барлар еншілеп алды. Ауылды тұралатып алып, одан кейін үш жылды «ауыл жылы» деп атап, аталмыш салаға қомақты қаржы жұмсалды. Одан ауылға үш жылда үш теңге де жеткен жоқ. Тағы да сол жемқорлардың жемсауына түсті.

Қазақта «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деген мақал бар. Халыққа алдымен тамақ керек, онсыз тіршілік болмайды. Ол үшін ауыл шаруашылығын көтеріп, ауылдарды жан-жақты дамыту қажет. Бізде бәрі керісінше болды, әлі де солай. Бір қызығы, жекешелендіру науқанында ауылдарды жабу үшін ресми түрде «ликвидатор» (қазақшасы – құрту, жою) деген мамандар шығып бәрін тып-типыл етті. Одан қалды құнарлы жерлерді билік басындағылар мен соның айналасындағылар жекешелендіріп алып, қарапайым адамдарды қу тақырда қалдырды. Тіпті бұрынғы президентіміз айтқандай, шаруаны асырайтын, байлы-бақуатты ететін екі сиырын бағатын жер таппай қалды.

Ауылды дамыту керектігі туралы әр жылдарда әлсін-әлсін сөз болғанмен нақты ештеңе істелген жоқ. Бөлінген қаржылар желге ұшты, жолай тоналды. Амалының таусылғанынан болар, үлкен бір жиында сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Америкада елдің екі-ақ проценті ауылда тұрады» деп жұбатқаны бар. Сонда ол Қазақстанды Америкамен

салыстырғаны ма? Америка қайда, біз қайдамыз? Қағаз жүзінде әлемдегі дамыған елу елді басып озып, отыздықтың ортасына кірмек болғанмен, шын мәнінде сол елу елдің шаңына да ілесе алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Дамыған елдің қатарына кіру үшін елдегі халық тұтынатын тауарлардың, оның ішінде азық-түліктің де кем дегенде 80-85 пайызын өз елімізде өндіріп шығаруымыз қажет. Сонда ғана біз шетелге тәуелсіз, дамыған елге ұқсайтын боламыз. Ал бізде «импортқа тәуелсіздік», «экономиканы әртараптандыру» деген атышулы бағдарламаларымыз тек сөз жүзінде ғана қалып отыр.

Әңгімемізді алдымен ауылға қарай бұруымыздың себебі ауыл шаруашылығы халқымызды асырайтын, адамға аса қажет азық-түлікті өндіретін ең негізгі сала болып табылады. Шынын айтсақ ата-бабаларымыздан жеткен егін және мал шаруашылығын сақтап қала алмадық. Дамыған 21 ғасырда өмір сүріп отырмыз деп кеудемізді қаққанмен бұл сала бойынша даласында малы мыңғырған арғы ғасырларды айтпағанда, бертінгі кеңестер кезінде миллиард пұт астық өндіріп, бұрынғы алып одақты етпен қамтамасыз еткен аталарымыздың, әке-ағаларымыздың қолына су құюға жарамай қалдық. Бұдан кейін халыққа қол жетімді, арзан азық-түлік қайдан келсін? Бағаны нарық реттейді деп жайбарақат отырған билік ол туралы ойланбайтын да сияқты, дәлірек айтсақ ойланғысы да келмейді. Бағаны нарық реттейді дегені - сыныққа айтар сылтау ғана. Нарықтың өзі адамға қызмет ету керек, сондықтан оны реттейтін де адам болуға тиісті. Халық аштан қырылып жатса да «нарық біледі» деп қарап отыруымыз керек пе? Бұл санаға сиымсыз сылтау.

Мықты экономист, белгілі саясаткер болмасақ та биліктегілердің есіне тағы бір сала өтейік. Ақыл айтудан аулақпыз, экономика заңдылықтарын олар бізден жақсы білуге тиісті. Бұл туралы бұрындар да талай рет жазған болатынбыз. Бірақ жоғарыда отырғандар құлағына қыстырған емес. Жаңа Қазақстан құрғалы жатқанда шенеуініктердің шел басқан көздері ашылып, керең құлақтары еститін болған шығар деген үмітпен соның бәрін қайталауға тура келіп отыр.

Қандай өнім болса да әлемдік заңдылық бойынша оның «өзіндік құны» деген түсінік бар. Ол тауардың нақты бағасын анықтайды. Оған шикізатқа, материалға, оны өндіретін құрылғыларға кеткен шығын, жұмысшыларға берілетін жалақы мен салықтық төлемдер кіреді. Содан кейін барып тауардың сапасына, сұранысына, жеткізілуіне, сатылуына байланысты қосымша құндар пайда болады. Кейінгілерінің тауардың өзіндік құнына ешқандай қатысы жоқ. Өйткені бір тауар бірнеше қолдан өтіп қымбаттай беруі әбден мүмкін. Оны делдалдық дамыған біздегі тәжірибеден анық көруге болады.

Сонымен бірінші кезектегі шикізат пен материалдардан бастайық. Оны біз шетелден сатып алып жатқан жоқпыз. Құдайға шүкір, Қазақстанның жер асты мен жер үсті байлықтары жетерлік. Құрылғыларды сатып алсақ та ол пайдалану барысында өзін жүз, тіпті мың есе ақтайды, оны күнде, тіпті жыл сайын сатып алып жатқан жоқпыз. Екінші, жұмысшы күшіне төленетін

біздегі жалақының жағдайын өздеріңіз білесіздер. Тас жарып, жер қопарса да айлықтары күнделікті тұрмысына әзер жетеді. Үшінші, мемлекетке төленетін салықты жа жетістіріп жатқан жоқ. Әбден байығандар мен билікке қатысы барлар салықты мүлдем төлеймейтіні туралы ақпараттар жетіп артылады. Салық қызметкерлері оларға салық төле демек түгіл, қасына жолай алмайды. Жоласа өз бастарына бәле тілеп алады. Сонда жаңағы өндірістен түскен қыруар пайда қайда кетіп жатыр? Әрине, кәсіп иесінің қалтасына. Бұл жерде кәсіпкердің, қәзіргі сәнмен айтқанда бизнесменнің кім екеніне байланысты. Кәсіпкерлердің бәрін қаралауға болмайды. Адал кәсіпкерлер заңға сәйкес жұмыс істейді. Олар көбінесе шағын және орта бизнес саласындағылар. Ал ірі кәсіпорындар мен маңызды саланы иемденген олигархтар заңға түкіріп қойыпты. Бағаны есепсіз көтеретін де солар. Өйткені оларға байыған үстіне баи түсу керек, арандары ашылып кеткен. Ешкімнен қорықпайды, олардың тірегі мықты, жоғарыда отырған қолдаушылары бар. Дәлірек айтсақ осы бизнес жоғарыда отырғандардікі болуы ғажап емес. Көп жағдайда солай болып келеді. Миллиондаған айлығына қоса көлеңкелі бизнесінен орасан көп пайда тауып отырған жоғарыдағы мықтылар осыдан кейін қалайша «Бағаны еріксіз, есепсіз көтермеңдер!» деп айта алады? Президент Қ. Тоқаев ел байлығы 162 адамның қолында шоғырланғанын босқа айтқан жоқ. Елімізді отыз жыл басқарған бұрынғы президентіміздің туыстары мен соның айналасындағылардың есепсіз байығаны осыған нақты дәлел. Содан барып «Бағаны нарық реттейді» дегенді тоты құсша қайталаудан танбайды. Егер сол биліктегілердің айлығы отбасын асырауға жетпей жатса алаңға алдымен шығып айғайға басар еді. Қазіргі түрлі деңгейдегі лауазымдылардың басым бөлігі қалтасы қалың, бұрынғы ірі кәсіптің иелері немесе кем дегенде аудан әкімі қызметін атқарып, бюджет қаржысының қызығын көргендер болып келеді. Сенбесеңіздер олардың өмірбаяны мен еңбек өтіліне үңіліп көріңіздер.

Қымбатшылық құрсауынан қалай құтылуға болады? Алдымен жоғарыдан бастап төменге дейін жайлаған жемқорлықты жою керек. Қоғамның дамуына бірінші кедергі – жемқорлық. Жемқорлықты жою күрделі мәселе, оны біз отыз жыл бойы шеше алмай келеміз. Жерде жатқан жемқорлықтың жібінің бір ұшын тартып көрсеңіз, екінші ұшы жоғары жақтан бір-ақ шығады. Ірі кәсіпорын иелері монополистерге айналған. Олар өздерінен басқаның өндірісін тұншықтыруға тырысады. Ол үшін салық, полиция сияқты мемлекеттік құзырлы органдарды да пайдаланады. Құзырлы орындар көрінгенді тыңдай бермейді, қолында билігі барларға ғана бағынады. Жан-жақтан қысым көрген қатардағы кәсіпкер ақыры кәсібін жабуға немесе мықтыларға пара беруге, тапқан пайдасын бөлісуге мәжбүр болады. Бір сөзбен айтқанда бизнесте әділ бәсеке жоқ. Ал монополистер одан кейін білгенін істейді, бағаны қажетінше көтереді. Оған қоса қаржы жымқыру үшін өздерінің көптеген еншілес компанияларын ашып қойған. Ұрланған ақшаны оффшор арқылы сыртқа шығарады. Яғни халықтың қаржысы шетелдіктерге жұмыс істеп жатыр деген сөз. Нәтижесінде

қымбатшылық орнап, қарапайым халық зардап шегеді. Оның соңы халықты алаңға шығарады.

Осының бәрін қолда бар заңдарға сәйкес кім реттеу керек? Әрине, атқарушы билік. Жемқорлықты түбегейлі жеңу қиын, бірақ отыз жылда заңды қатайтып, онымен шынайы күрескенде белгілі бір деңгейде тәртіп орнатуға болар еді. Өкініштісі, алдында айтқанымыздай оған деген билік тарапынан шынайы ниет жоқ. Шынайы ниет жоқ жерде ешқандай істің нәтижесі болмайтыны белгілі.

Зейнолла АБАЖАН