Небір марқасқалардың балалары қазақ бола алмай, дүбәра күйі қалды - Зейнеп Ахметова

Небір марқасқалардың балалары қазақ бола алмай, дүбәра күйі қалды - Зейнеп Ахметова

Үш-төрт ұрпағы ана тілінен мақұрым қалғандар бар. Соларға қараймын да Құдайға тәубе қыламын. Атаның аманаты қанша айтқанмен орындалып жатыр. Немерелері қазақша оқыды. Ержан да кеңес өкіметінің кезінде-ақ қазақ мектебіне барды.

Ержанды қазақ мектебіне бергенде Бақытжанның жолдастары: «Сендер-ақ бүйректен сирақ шығарып жүресіңдер. Мына бала кейін түкке жарамай қалады. Қызмет істей алмайды», – дегенде Бақытжан: «Істемесе істемесін, қазақ болсын. Мен көрген қорлықты, мен көрген азапты көрмесін», – деді. Өйткені оның әкесі соғыстан кейін де Мәскеуде жүрді. Ата соғыс уақытымен қосқанда, отбасына 14 жылдан кейін бірақ келген. Жылына бір рет демалысқа келіп кеткені болмаса, әскери қызметте болған. Бақытжан нағыз әкенің керек кезінде әкесіз өскен. Ол кезде қалада қазақ мектебі жоқ. 7 жастағы баланы қай мектепке берсе, сонда оқиды ғой. Сөйтіп, орыс тілінде оқыды, орыстардың арасында өсті. Кітабының бәрін орысша жазды.

Бірақ жаздық каникул кезінде ата Бақытжанды міндетті түрде ауылға жіберетін болған. Сол кезде, мысалы Тәжібаевтың баласы, Мүсіреповтың қыздары, Мұқановтың балалары небір лагерьлерде демалады. Ал ата Бақытжанды плацкарт вагонға салып, Жуалыға айдап жібереді екен.

Сонда Бақытжан: «Мыналар менен ақшасын аяды деп жылап бара жатам, әке-шешемді боқтап бара жатам», – дейді. Енді баланың аты – бала, ауылда есекке мінеді, ауылдың балаларымен араласады.

Кейін Бақытжан айтады ғой: «Әкем қандай данышпан болған. Мені керемет демалыс орындарына апаруға мүмкіндігі әбден болды. Бірақ туған жердің, ата-бабасының кіндік қаны тамған жердің топырағына аунасын, ана тілі құлағына сіңсін дегені екен ғой», – деп. Қарап отырсақ, онымен бірге оқыған марқасқалардың балаларының ішінде дәл Бақытжандай қазақша сөйлей алатын адам болмапты.

Зейнеп Ахметова, 

Қазақ үні