Кез келген азаматтан мемлекеттік тілді талап етуіміз керек! - Сәуле Жанпейіс

Кез келген азаматтан мемлекеттік тілді талап етуіміз керек! - Сәуле Жанпейіс

Менің "Аманат" деп аталатын өнер мектебім Өзтүрік атындағы Алматының орталық көшесінде орналасқан. Сол жерде өзге ұлт өкілдері көптеп тұратындықтан қазір менің мектебімде әр түрлі ұлттың өкілдері музыкадан білім алады. (Оқу тегін!)

Сол балаларға вокалдан екі тілді жақсы меңгерген жас мұғалім беретін. Ол кететін болып орнына орыс қызы сабақ беруге келді. Мен әрине, қазақ тілін білесің бе деп сұрадым. Ол білмейтіндігін айтты. Мектептегі қазақ тілінің қандай екенін білмедім, консерваторияның 1 курсында Қазақ тілі пәні бір жыл бойы жүреді. Сонда Қазақстанда тұрып, қазақ тілін мемлекет есебінен тегін оқып жүріп, бұлар ең болмаса ауыз екі тілді үйренбеуі қалай?

Вокалдан сабақ беретін қызды ата-аналарға таныстырдым. Маған бір ата-ана жекеме шығып, қарсылығын білдірді, "Балаларымыз онсыз да орысша сайрап жүр. Қазақ боламыз ба, десек, мұныңыз қалай?" деді. Дұрыс! Ол кісінің талабы орынды.

Мен енді екі тілде еркін сөйлей алатын оқытушы алуыма тура келді. Себебі, бір топта бірнеше ұлттың балалары оқиды. Мектебімді қып-қызыл өзге ағайындар тұратын жерден әдейі алған едім.

Тіпті, ана тілін білмейтін кішкентай қара көз балапандар домбыра тартып, ән салып жүр. Мұнымен не айтқым келді?

Ең бірінші, тілдің мәртебесін көтеру өзімізге байланысты. Қазақстанның кез келген азаматынан мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ете білсек, мәселе шешілер еді.

Екінші, оқу орындарындағы Қазақ тілі пәніне ерекше мән беру керек! Меніңше, оның бәрі формалды түрде өтіледі.

Үшінші, мемлекеттік тілді білмейтін маманды жұмысқа алатын кезде 3 ай немесе 6 ай сынақпен алу керек. Сол уақыт аралығында мемлекеттік тілді үйрене алмаса, орынды босатсын.

Керек адам кез келген тілді 6 ай ішінде ауыз екі сөйлеу деңгейінде үйрене алады. Тіпті қытай тілінде де сөйлеп кетуге болады.

Сәуле Жанпейіс, 

Фейсбук парақшасынан