Арыстағы айрықша орталық - еліміздегі алғашқы мекеме - Қазыбек Иса

Арыстағы айрықша орталық - еліміздегі алғашқы мекеме - Қазыбек Иса

2022 жылдың 22 қаңтарында Арыс қаласына Парламент Мәжілісінің депутаты, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, ақын Қазыбек Иса мен жазушы, сатирик, ақын Әкім Ысқақ бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері келді.

Сапар аясында қадірлі меймандар қала әкімі Гүлжан Мамытқызымен бірге әлеуметтік маңызы бар нысандардың қызметімен танысты.

Ал іс шара облысымызда тұңғыш рет ашылған «Тең қоғам» оңалту орталығын аралаудан басталды.

Арыс қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен ашылған орталыққа келгендер кітап оқу залында еркін тақырыпта ізденіп, интернет алаңында компьютермен жұмыс істей алады. Спорт бұрышында физикалық дене жаттығуларын жасайды. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдары бұрышында түрлі кәдесыйлар жасауды үйреніп, зағиптарға арналған үстел тенисінде бір сәт көңіл сергітеді.


Сондай-ақ, мұнда йога орталығы да жұмыс істейді. Оған қоса, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін ойнап, үйренуге барлық жағдай жасалған. Мамандардың айтуынша, орталық ашылғалы бері 3 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетілген.

Одан кейін, құрметті қонақтар Республика көлемінде алғаш рет ашылған «Ардагерлер үйінде» болды.

Ардагерлерімізге құрмет көрсету, оларға жағдай жасау мақсатында, 2021 жылы шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен ашылған орталық бүгінде қала ақсақалдарының сүйікті демалыс орнына айналды.

Бұл орталықта қариялар спортпен шұғылданып, тұз шахтасының, сенсорлық бөлме, интернет-кафе, йога, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы ойынын ойнап, массаж, кітапхана қызметін тегін пайдаланады.

- Мұндай «Тең қоғам» секілді зағиптарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын елімізде бірінші рет көріп тұрмыз. «Қарияларымыз –қазынамыз» деген қазақ даналығын іс жүзіне асырып, оларға құрмет көрсетіп жатқан Арыстықтарға алғысымыз зор. Арыстағы айрықша орталық - еліміздегі алғашқы мекеме. Әлеуметтік әділеттілік болған жерде, әлеуетіміз де нығаяды. Ынтымағы бар елдің ырысы да артады. Кешегі қаңтар қасіретінен аудан қалқы аман шығыпты. Бұл ұлттық дәстүрін ұстап, ақсақалын тыңдап, үлкенін сыйлаған елдің түтіні де түзу шығады деген сөз. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Арыс халқына Ақ жол тілеймін!-деді белгілі ақын, депутат, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса.


- Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – қариялар мен ардагерлерге, ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Арыста мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына және демалуына қолайлы жағдай туғызатын орталықтардың ашылуы қуантты. Қариясын құрметтеген елдің қашанда ертеңі биік, мерейі үстем болары анық. Балалар мен аға буын өкілдеріне қамқорлық танытып, қолдау көрсеткен Арыс халқы көпке үлгі, - деді қарымды қаламгер Әкім Ысқақ.

Өз кезегінде қала басшысы Гүлжан Мамытқызы еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, халқымыздың болашағы үшін тер төккен алдыңғы буын аға-апаларымызға деген құрмет жүйелі түрде жалғасын табатынын айтып, қадірлі қонақтарға алғыс білдірді.

Қадірлі қонақтар қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, журанлист Қосжан Мүсіреповтың 90 жылдығына арналған кешке қатысты. Ақынға ​ арналған ас беріліп, әруағына бағышталып, дұға оқылды.