Абзал Құспан: Халық үшін бастарын бәйгеге тікпейтін “халықтың қамын жегіштер” - нағыз арандатушылар
2022 ж. 03 ақпан
1654
1
Түнделетіп Талдықорғанға келдік, таңғы 8-ден жұмысқа кіріскеннен тергеу изоляторын араладық, енді материалдарды қарап отырмыз, түнделетіп Алматы арқылы Астанаға ұшуым керек, себебі ертең сағ. 9.00-де бір маңызды кездесуім бар. Оны айтып отырғаным, пост жазып, біреумен айтысып отыруға еш уақытым да, зауқым да жоқ.
Бірақ, айтпаса сөздің атасы өледі.
Мен үшін кез-келген қылмысқа қатысушылар арасындағы ең оңбағаны арандатушы/провокаторлар деп білемін.
Өйткені, олардың өздері белсенді әрекет жасамайды, үйінде отырып алып елді, бірінші кезекте аңғал жастарды айтақтап айдап салумен айналысады.
Айталық, қазіргі жағдайға қатысты, өздері митингіге шықпайды, зардап шеккендерге көмек көрсетпейді, митингіге шыққандардың қамалып, сотталып жатқанын, олардың туыстары, аналары жылап жатқанын тек өз мақсаттарына пайдаланады.
Енді осыған дәлел ретінде өз басымдағы қазіргі қоғамдық қызметіме байланысты 4 мысалды келтірейін. Жалпы, менің жеке басыма қарсы осы желіде 2-3 белсенді топ бар, олар ешқашан, ешуақытта менің дұрыс ісімді көрмейді, әркез тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір бір кемшілік табуға жандарын салады.
Сонымен;
1) 04.01.2022 жылғы менің Оралдағы митингіге қатысуымды, қатысып қана қоймай белсенділік танытып, басқаруымды, кейін 10 тәулікке қамалуымды, бәрі алдын-ала ойластырылған шаруа деді.
Мен бұны тек жеке басыма қатысты емес, Оралдағы Абай даңғылына сыймай, толқып тұрған 5 мың халықты қорлау деп білемін! Бір адам актер болуы мүмкін, әбден мүмкін, алайда митингіге шыққан мыңдаған халыққа тіл тигізу, қып-қызыл қиянат деп білемін!
2) Нартай Аралбайға интервью бергенімде қойылған сұраққа орай, қамауда отырғандардың барлығы сүттен ақ, судан таза емес деп, өзіміз қамаудан шығарған адамның біреуінің сөзіне сілтеме жасай, сол ереуілшілердің ауруханада жатқан адамдардың көзінше медсестраны зорлағаны туралы айттым. Негізі одан басқа да мысалдар жеткілікті ғой және ол баршаға мәлім, мысалы Алматыда бастары кесілген 2 адам, таяқ жеп өлген полицейлер, өртелген, тоналған ғимараттар бар, осыны жасаған, осындай қылмысқа барғандарды мен еш ақтай алмайды екем.
Ал провокаторлар не істейді? Бүкіл интервьюден тек осы жерін қиып алып Абзал Құспан бүкіл халыққа жала жапты, зорлықшы қылып көрсетті деп, кейбірі тіпті мен айтпаған “талай әйелді зорлады” - деп айтты деп өсек таратты. Кемі 30-40 минуттық видеодан тек осы жері маңызды болды оларға.
Онымен қоймай кей “білгіш” заңгерлер Абзал Конституцияның 77 бабын, яғни кінәсіздік презумпциясын бұзды деп отқа май құйыпты. Ал аталған норма қылмыс жасалғаны туралы фактіге емес, нақты бір тұлғаны айыптауға қатысты екенін иә білмеген, иә әдейі бұрмалаған!
3) Кеше 01.02.2022 ж., пресс-конференцияда журналисттер тарапынан тура қойылған сұраққа орай, “жоқ біз көрген адамдар ішінде шетелдіктер болған жоқ, ҚХР-да дүниеге келген адамдар (яғни қазақтар) көптеп кездесті, бірақ олардан СИЗО-да біздің есебімізше 1-2 адам қалды” деген сөзімді қиып алып, тағыда “ойбай Абзал қандастарға жала жапты” - деп шықты.
1. Біз көрген, ҚХР-да дүниеге келген қазақтың ішіндегі барлығы бірдей азаматтық алмаған. Тиісінше ол шетелдік болып есептеледі. Ұнаса да, ұнамаса да заң талабы сол.
2. Комиссия сол көптеп кездескен Қытайда туған қазақтарды толықтай дерлік шығарды деседе болады. Ол нені білдіреді? Ол - Қытайдан келген қазақтар (азаматтық алсын, алмасын) іс жүзінде қылмыскер емес дегенді білдіреді! Міне мәселе қайда?! Прокуратурада ол туралы “олар табиғатында иі жуас, заңды сыйлайтын, олардан қылмыскер жасаудың қажеті жоқ” - деп жанымыз шыға айтысып-тартысқанымыз далада қалып, контексттен сөзімізді қиып алып керісінше тәпсірлеуде!
4) Бір заңгерлер комиссия заңсыз құрылған, таратылуы керек деп мәселе көтергенге ұқсайды.
Соған жауабым. Бұл күнделікті болып жатқан, әдеттегі жағдай ма? Жоқ! Төтенше жағдай!
Ендеше төтенше жағдай төтенше шешімді қажет етеді!
Бастысы, біз, комиссия - арандатудың құрбаны болған, кейбірінің адвокат жалдамақ түгілі, артынан іздеп келетін туысы да жоқ, жараланған адамдарды шығаруға себепкер болып жатырмыз. Комиссияның бұл қызметінен кімге, қандай зиян, мен осыны түсінбеймін? Сол заңгерлер неге жағдайы жоқ адамдарды тегін қорғамайды? Шыққан қазақтар үшін неге қуанбайды? Әншейіндегі “әр қазақ менің жалғызым” - деп ұрандататындары қайда?
Міне желідегі осы, “мәселе көтергіш”, “халықтың қамын жегіш”, бірақ сол халық үшін өздері бастарын бәйгеге тікпейтін адамдарды мен нағыз арандатушылар деп білемін! Олардың аттарын атап, түстерін түстеп отыруды қажет деп таппадым. Бұны дауды өршіту мақсатында емес, өзім қолым тимей жатса да, қайта-қайта сілтемесін салып, сұрақ қойғандардың көңілі үшін, жауап ретінде жаздым!
Әлі де біраз жаза түсуге болар еді, әттең уақыт тапшы!
Негізі, біздің бастамамызды қолдаушылар, бізден не көмек деушілер қарасы көп әрине. Сондықтан бұны елге, халыққа өкпе деп қалмаңыздар. Аман болайық! Сабыр Адай ағамыздың қанатты сөзін, сөз жүзінде қолданып қоймай, ісімізбен дәлелдейік!
Абзал Құспан,
Фейсбук парақшасынан