«Қанды қаңтар» құпиясы қашан толық ашылады?

«Қанды қаңтар» құпиясы қашан толық ашылады?

Бүгінгі күнгі еліміздегі басты мәселе қаңтар айының басында орын алған қанды оқиға айналасында өрбіп жатқаны белгілі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды талап етіп шыққан бұқараның бейбіт шеруін теріс пайдаланып, арам пиғылды саяси бүлікке айналдырған лаңкестердің іс-әрекеті әлі де толығымен тексеріліп, ашылып біткен жоқ. Кінәлілерді құрықтау барысында құқық қорғаушылардың бейбіт шеруге шыққан жазықсыз жастарды қамап, адам төзгісіз қинап-қыстау көрсетіп жатқаны туралы жер-жерлерден жедел хабарлар жетуде. Осыған байланысты қоғам белсенділері өз қарсылықтарын білдіріп, мұндай заңсыздықты, гестаполық әдісті тоқтатуды, «қанды қаңтар» оқиғасын құпияламай ашық айтуды талап ете бастады. Жақында ҚР Ішкі істер ми­нистр­лігіне қарасты Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы оқиғаға қатысты еліміздегі қозғалған қылмыстық істер жайлы азды-көпті хабардар етті. «Тәртіпсіздік барысында 7 аңшылар дүкеніне шабуыл жасалып, тоналды. Олардан 1 564 азаматтық қару ұрланды», – деді С. Әділов. Оның айтуынша, мемлекет басшысы лаңкестік актілер себептерін және ұйымдастырушыларын анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға жүктеген. Осыған байланысты, аталған санаттағы және онымен байланысты барлық қылмыстық істер арнайы прокурорлар басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының құзырына беріліпті. Қалған қылмыстық істер бойынша тергеуді ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық тергеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары жүргізуде. «Осы қылмыстардың негізгі үлесін, яғни 70 пайызын немесе 1 356-сы негізінен тәртіпсіздіктерден туындаған бүлік барысында Алматы қаласының сауда нысандарына жасалған ұрлық туралы істерді құрайды. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 іс оларды ұрлау фактілері бойынша тергелуде. Сонымен қатар, 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12-сі автокөлікті айдап кету, 24-і – қарақшылық және тонау, 23-і құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану әрі олардың өміріне қауіп төндіру фактілері бойынша тіркелді», - деді Тергеу департаментінің бастығы. Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұс­талып, уақытша оқшаулау абақ­тысына қамалып, оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталған. Тер­роризмге қарсы операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515-і табылды. Барлық адам­дардың ұрлауға қатысы болмауы мүмкін екенін ескере отырып, тауып алған қаруды ерікті түрде тап­сыруға шақырды. Бүгінге дейін 31 қару ерікті түрде тапсырылғанын атап өтті министрлік өкілі.

«Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 әртүрлі үй-жайға шабуыл жасалды. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, соның арасында 12-сі әкімшілік ғимарат пен 27 полиция нысаны бар», – деді С.Әділов. Оның мәліметінше, ең көп зардап шеккен бизнес нысандары екен. «Бұл нысандар зақым келтірумен бірге толықтай тоналды, яғни олардың саны – 1 395. Одан өзге 700-ден астам автокөлік зақымдалып, жойылды, соның 500-ден астамы полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ, 116 жеке адам көліктері бар», – деді Тергеу департаментінің бастығы. Бейбіт шеруге шыққан, ешбір қылмысқа қатысы жоқ 1083 адам босатылған. Қазіргі уақытта өндірістегі қыл­мыстық істер бойынша арызданған залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд. теңгеден асыпты. Зардап шеккендердің арыздануы барысында бұл сома тағы да өсуі мүмкін.

Байқап отырғандарыңыздай бұның бәрі құрғақ фактілер. Оның дәлдігі мен анықтығына күмән тудырмай-ақ қоялық. Бірақ халықтың көкейінде бұдан да басқа көптеген сұрақтар бар екені белгілі. Әсіресе полицейлер тарапынан болған зорлық-зомбылыққа халықтың наразылығы өте жоғары.

«Шаш ал десе, бас алатын» полицейлер жазаларын алуы керек» –деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, полицейлер тарапынан түрлі заңбұзушылықтар болған. Тіпті, азаптаулардан өліп кеткендер туралы ақпарат бар екен. «Мысалы, бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түрікпенбай қаңтардың 5-і күні түстен кейін Төле би – Байтұрсынұлы көшелері қиылсындағы емханада дәрігерге қаралып, сараптамасын алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол №12 ауруханаға жеткізіледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8-қаңтар күні түрмеге алып кеткен. «Алаңда болдым деп мойында» деп ұрып-соққан. Ешқандай митингке қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИЗО-18 түрмесінде неге жатыр деп көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасының видеосын көр­генде, шыдап тұру мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып, адвокат жалдап, Алматыда жүр енді» деп жазды депутат. Оған қоса халықшыл депутатымыз Қазыбек Иса мемлекеттік төңкеріс жасаушыларды бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек екенін талап етіп, «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов­ке және ҚР Президенті жанын­дағы Адам құқығы жөніндегі уәкіл Э.Азимоваға депутаттық сауал жолдады. «Қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты. Жалпы 4500-ден астам адам зардап шегіп, 4353 адам түрлі жарақат алған. Қасиетті қазақ тарихына мұндай қара таңба салған қанды қасірет қайталанбауы үшін, мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиіс! Әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шығушыларды бір бөлек қарастыру керек. Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр... «Ақ жол» партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты осындай талаппен бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын. Сонымен бірге арыздар көбейгендіктен, Президент жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілдіктің арнайы топтарына жергілікті мәслихат депутаттарын қосуды ұсындық» – делінген депутаттық сауалда.

Халықтық бақылау ғана заңсыз­дықтың жолын кесе алатынын білдіре келе «Ақ жол» партиясы мынандай ұсыныстарын жеткізді:

1. Мемлекеттік төңкеріс жаса­мақ болғандар толық анықталып, жауапқа тартылуы қажет.

2. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу жөн деп санаймыз.

3. Шабуыл жасаған бүлікші­лер мен бейбіт шерушілерді екі бөлек қарастыру керек

4. Тергеуді заң жолымен әділ өткізу керек: қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, адвокаттарға жол ашылуы тиіс. Жаралыларды ауруханаларға жатқызу қажет.

5. Адам құқы мен бостан­дық­тары сақталып, тергеудің әділ де, ашық өтуін тексеру үшін Адам құқы жөніндегі уәкілдігі жанынан комиссиялар құрып, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу керек.

6. Халықтан түсетін ақпарат­тар бойынша адам құқықтарын қор­ғау жұмыстары нәтижелері ашық жариялануы тиіс.

Ақжолдықтардың бұл ұсыны­сын көпшілік те қолдап отыр. Өйткені осы мәселе халықтың көкейіндегі сұрақтар. Жалпы депутаттарды – халық қалаулылары дейміз. Сондықтан олар өздерін жоғары орынға сайлаған халық мүддесі үшін жұмыс істеуге мін­детті. Бірақ сол депутаттарымыз халықтың сенімін ақтап жатыр деп айтуға ауызың бармайды. Мысалы, Мәжілістегі мандаттың 71 пайыздан астамын иеленген «Нұр Отан» партиясындағы 76 депутаттың жазықсыз қамалған қарапайым халықты қорғаған жанайқайын естімедік. Не бары он екі ғана депутаты бар ақжолдықтар орын алған оқиғаға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ашық айтып келеді. Бұл ғана емес, еліміздегі өзге де мәселелер талқыға түскенде «Нұр Отан» партиясы депутаттарының ерекше белсенділік танытқанын байқамаппыз. Тек бірді-екілі депутаттар ғана анда-санда бар екендіктерін көрсетіп қояды. Саны жағынан көп болғандықтан біз солардың ғана дауысын естуге тиісті емес пе едік? Билік партиясы өкілдері халық мұңына мүлдем құлақ аспайтынын үнемі көріп келеміз. Соған қарағанда, олар басшыларының айтқанынан шыға алмайды.Сонда оларды халық не үшін сайлады? Ондай қуыршақ депутаттар кімге керек? Қазақстан халқы Ассамблеясынан да 10 депутат мандатқа ие болып отыр. Олардың да дауысы естілмейді. Мәжілістен осыншама орын беретіндей ҚХА өз алдына автономиялық жеке республика ма?

Реті келгенде айта кетейік, бұл біздегі сайлаудың жасанды екенін, әділ өтпейтінін көрсетеді. Партия­лық тізіммен өтетін сайлаудың берген нәтижесі осындай. Сайлауды ұйымдастыратын билік болғандықтан, қалауларына қарай дауысты қолдан жасайды. Әйтпесе, халық арасында беделін жоғалтып болған «Нұр Отан» партиясы өкілдері Мәжілістегі депутаттық орынның 71 пайызына ие болмас та еді. Жақында Орталық Сайлау комиссиясы төрағасы орнынан алынды. Бұл да көзбояушылық, одан ештеңе өзгермейді. Сайлау жүйесіне түбегейлі реформа қажет. Осы таяу күндерде Семей қалалық мәслихатының екі депутаты Айдос Қисаменов пен Дулат Қажмұханбет «басшылыққа сенімі жоғалғандықтан» «Нұр Отан» партиясы құрамынан шығып, депутаттық мандатынан бас тар­татынын мәлімдегені жария болды. «Партия жұмысында көзбояу­шылық көп екенін айтқан Айдос Қисаменовтің сөзіне қараған­да, қаңтар оқиғасы кезінде «партия беделінен айырылып, аймақ басшылығы қол қусырып отырған». Дулат Қажмұханбет те қаңтар оқиғасы кезінде партиядан көңілі қалғанын айтты. «Нұр Отан» партиясының аймақтағы басшы­ларына (олар қала мен облысты да басқарып отыр) өзіндік ой-пікірі, жеке көзқарасы бар тәуел­сіз депутаттар керек емес. Оларға өзіне қарсы келмейтін, облыс әкімі Даниал Ахметов не айтса, соны орындайтын адамдар керек, – деді Қажмұханбет» – деген хабар әлеуметтік желілерде таратылды. Жалпы Семейде 153 адам «Нұр Отан» партиясы қатарынан өз еркімен кеткен. Осының өзі партияның беделінің қандай екенін көрсетсе керек.

Елдегі әр кезде орын алатын келеңсіз жағдайлар не себепті туындап отыр деген сұрақ та көпшілікті көптен бері мазалап келе жатқаны белгілі. Оның басты себебі – билік пен халық арасы тым алшақтап кетті. Билік кетсе оның орнына екіншісі келеді. Ал халық құрып кетсе мемлекет те құлайды. Мемлекет құласа биліктің де құны бір тиын. Осы бір қағиданы біздің биліктегілер қашан түсінеді екен? «Халық үніне құлақ түретін үкімет» дегеніміз әлі де жалаң ұран ретінде қалып отыр. Халықтың қамын шынайы ойлайтын үкімет біздің түсімізге де кірген жоқ. Билік биікте, өзінше бір әлемде, қарапайым халық қара жер бетінде өзінші тыраштанып тіршілік кешуде. Ашықтық мүлдем жоқ, биліктің халықтан жасыратын құпиясы көп. Сондықтан да бізде жемқорлық жүгенсіз кеткен. Билік басындағылар жең ұшынан жалғасып ұлт байлығын тонауда. Оған топ-тобымен ұсталған лауазымдылар дәлел. Елімізді отыз жыл басқарған тұңғыш президентіміздің туған-туыстары мен айналасындағылардың заңсыз шексіз байығанын халық көрмей отырған жоқ. Соған орай қарапайым адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым төмендеп кетті. Сондықтан да олар алаңға шығып талаптарын айтуға мәжбүр. Ашықтық жоқ жерде билік пен халық арасында өзара сенім болмайды. Сенім болмаған жерде бірлік пен тірлік қайдан болсын?!. Осының бәрі мемлекетімізге, турасын айтсақ тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді. Оны біз қаңтар айында басымыздан өткердік. Құдай қолдап, қатерлі кезеңде Тәуел­сіздігімізді сақтап қалдық! Енді осыдан сабақ алып, алдағы уақытта аяғымызды аңдап басқан абзал.

Қаңтар қасіретінен кейінгі тексеру, тергеу, жазалау науқаны жүріп жатқан қазіргі уақытта көпшіліктің көңілі әлі де бір сәтке тыншыған жоқ. Кім жазықты? Кім жазықсыз? Кімдер оққа ұшып, кімдер соққыға жығылды? Кімдер әділ жазасын алды? Кімдер әділетсіздіктің құрбаны болды? Осыншама ұйымдасқан бүліктің артында кімдер тұр? Олар қашан анықталып, лайықты жазасын алады? Сұрақ көп, бірақ нақты жауап жоқ.Неге? Халықты бүгінгі күні осы тектес сұрақтар мазалайды...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz