Қазақстанға аралас мектептің не қажеті бар?

Қазақстанға аралас мектептің не қажеті бар?

Атам қазақтың аса бір жағымсыз, жайсыз хабарды естігенде: "Ой,АЛЛА-ай, жер астынан жік шықты,екі құлағы тік шықты" деген ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан қағидаға бергісіз қанатты сөз бар. Алайда ай мен күннің аманында бұл қанатты сөзді жарияға жар салып тағы да бір қайталауымызға не себеп болды десеңіз әлеуметтік желідегі желдей есіп елді дүрліктіріп жүрген Талғар қаласының жоғары тау жақ беткейіне (Инкубатор) шағын ауданында салынған жаңа мектепті "аралас мектеп" етіп ашамыз деген айғай-шуы қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызды. Жалпы осы "аралас мектеп"деген кімге керек? Соның астарына тереңірек үңіліп көріңіздерші өзі...

Аралас мектеп деген бұл дерт. Ұлтымыздың жазылмас жарасы.Тілімізді шұбарлап бізді шүршіт жасаудың ең тиімді әрі төте жолы.Бұл үрдістің кешегі кеңес үкіметінің кезінен келе жатқан кесел екеніне көз жеткізетін уақыт жетті ғой қаншалықты көк ми болсақ та. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда осы олқылықтың орынын толтырып,аралас мектептердің санын азайтамыз ба десек керісінше тағы да бір мектепті аралас етіп ашамыз деу ел намысын аяққа таптап,ұлттың болашағынан үмітін үзу деген сөз. Ұлттың үнін, ұлттың мұңын түсінетін адамға бұдан асқан қорлық,бұдан асқан сорлылық жоқ. 

Талғардағы жаңадан салынған осы мектептің аралас болуын жан тәнімен қалаған билік басындағы құзіретті "тұлғалар" әлі де болса ойланыңдар!  «Мектеп - ұлттың келешегі, келбеті. Бет- бейнесі мен беделі. Білімнің бастау бұлағы, ұлтымыздың жанар шырағы, негізгі қайнар көзі». Бұлақ пен бастау таза болмаса одан сусындап өскен ұрпақ та таза болмайды. Олар да қанаттары қатып, бұғанасы бекімей жатып осы дертпен яғни өзінің туған ана тілінде сөйлей алмайтын рухани дертпен ауыратын болады. Ал өзіміз қолдан жасап беріп отырған ол дертті өмір бақи емдеп жаза алмайсың. Қазақ тілінде сөйлемейтін, тіпті сөйлей алмайтын, сөйлесе де немқұрайлы,"басын жарып", "көзін шығарып" тілді бұзып шұбарлайтын шүршіттердің санын ғана көбейтеміз. Бұны бізге осы күнге дейінгі өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отырған жоқ па? Мұндай кері кеткен керенаулық пен келеңсіздік кімге керек сонда? Не үшін керек? Тәуелсіздік алдық дегенімізге 30 жыл болды десек те әлі есімізді жиып, тегімізді жауып үлгермедік қой. 

Үш ғасырға жуық жүргізілген орыстың отарлау саясаты мен ұлттың қамын ойлаған Алаш арыстарын "халық жауы" деп жаппай қырғынға ұшыратқан кеңестік жүйенің кесапатын көрген қазағым қашан оянасың? Әлі күнге дейін орысқұлдық саясаттың шырмауынан шыға алмай шыр-пыр болып жүрген мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып саналатын қазақ халқының жанын жегідей жейтін "аралас мектеп" сияқты сыртын сылап тұрсаң да ішің жылап, сылағы құлап тұратын санамызға еркімізден тыс зорлап таңған "советтік интерноционализмнің" жалған сарқыншағы осы "аралас мектеп" емес па?. Біз бүгінгі алдыңғы аға буын өкілдері келешек жастарымыздың алдында бәріміз де жауаптымыз.Бүгінге дейінгі ұлтымыз шеккен зардапты болашақ жастарымыз шекпесін десек аралас мектептерді ашу емес оның азайып жоқ болып жойылуына барынша күш- жігерімізді салуымыз керек.

Ұсынысым: Кезінде өзге ұлттардың үстемдік құрып тұрған басымдылығына қарамай ауадай қажеттілікпен ашылған Тұрар Рысқұловтай ірі тұлғаның атындағы бүгінде аядай ғана балабақшаның ескі ғимаратында қысылып-қыстырылып отырған № 9 шы қазақ мектебін толықтай осы жаңадан салынған мектепке көшіру керек та "аралас мектеп ашамыз" деген айқай шуды өшіру керек. Оған екі мектептің де орналасқан жері,аумағы,аралары өте жақын.Ескі мектептің жаңа мектепке баратын оқушыларының ыңғайына да өте қолайлы. Бойында қазақтың қаны тулаған, халқы шеккен қасіреттен хабары бар ұлтының намысы мен ұрпағының болашағын ойлайтын ұлтын сүйген ұлықтар болса осы ескертпелер мен жан айқайымызды түсініп ұсынысымызды қабылдайды деген сенімдеміз.

Камнұр Тәлімұлы, 

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері