РУШЫЛДЫҚ - ҚҰРУШЫЛЫҚ ЕМЕС...

Табиғатта жүз пайыз жаман­дықтан немесе жүз пайыз жақсылықтан құралған ешнәрсе жоқ. Қазақтың рушылдығының да жақсы жақтары болады. Әдетте, рушылдық сөз болғанда, біз оны алдын-ала, ғылыми тілмен айтқанда, априори «жағымсыз құбылыс» деп қараймыз. Біз «пір тұтатын» батыс әлемінде дәл осындай пікір қалыптасқан. Олар рушылдықты адамзаттың даму сатысында әлдеқашан өтіп қойған, бүгінгі таңда адам баласын тек артқа ғана тартатын құбылыс деп санайды. Дегенмен, бұл жерде адам атаулының техника мен технологияда болмаса, адамгершілік пен адамдардың мейірім-қайырымын көрсететін өзара қатынаста байырғы деңгейден тым алыстай қоймағанын ескеру керек. Сол замандағы ойшылдардың еңбегінің бүгінгі күні де өз мағынасын жоймайтындығы, адамзатпен бірге мәңгі жасай беретіндігінің де сыры осында. Сондықтан да біз оларды «классик» деп атаймыз. Латыншадан аударғанда бұл сөз «үлгі» деген мағына береді. Мысалы, күнделікті кездесетін жағдайды алайық. Сіз жұмысқа немесе оқу орнына екі талапкердің біреуін алуыңыз қажет. Бірі – қазақ, екіншісі өзге ұлт өкілі болсын. Екеуінің білімі де, тәжірибесі де бірдей, тең түссін делік. Сіз кімді аласыз жұмысқа? Кімді қабылдайсыз оқуға? Әрине, өзіңіздің қазағыңызды. Солай етуге міндеттісіз де. Өйткені, ол – қазақ. Бұл жер оның – Отаны! Оған осы жерде басымдылық берілуі заңдылық. Бұл әлемнің барлық елінде бар қалыпты жағдай. (Рас, дәл кәзіргі таңда нақ біздің елімізде бәрі керісінше, және бұл жағынан бізге ешкім тең келер емес. Орысша айтсақ, біз: «В королевстве кривых зеркал» өмір сүріп жатырмыз, шыдай тұруға тура келеді...). Рушылдық та осы секілді. Барлық жағынан екі талапкер тең түссе, сіз өз руласыңызды немесе жерлесіңізді жұмысқа аласыз, оқуға қабылдайсыз. Бұл үшін ешкім сізді жазғыра алмайды. Қай уақытта жазғыра алады? Егер сіздің бүйрегіңіз көпе-кернеу нашар талапкерге бұрып кетсе. Туысқаныңыз, өз руыңыз, өз жү­зіңіздің адамы болғаны үшін ғана. Неге жазғырады, неге айыптайды сізді? Өйткені, сіз әділдіктен айныдыңыз... Міне, рушылдық деген қазаққа ғана тән «аты жаман» ауру болса, жазылмас кесел болса, оның бірден-бір емі де – осы әділдік. Қазақтың бүгінгі таңда көгеруі, көктеуі, өсіп-өнуі, аршындап алға басуы үшін жетпей жатқан ең басты қасиет те – осы әділдік. «Басшы – білімді, ақылды, өткір, шешен, іскер, табанды болуы керек» дейміз, тағы басқа да толып жатқан қасиеттерге жауап беруі қажет деп талап етеміз. Дұрыс, бәрі дұрыс. Бірақ, ол ең алдымен әділ болуы тиіс. Басшы әділ болмаса, еңбегіңнің бәрі зая. Әділдік – үйдің іргетасы секілді, іргетасы нашар ғимарат ертелі-кеш бәрібір құлайды! «Ғұмыры» ешуақытта ұзақ болмайды. Американың ұлы жазушысы Теодор Драйзердің: «Ізгілікке негізделмеген іс баянды болмақ емес» деген сөзі бар. 1938-1952 жылдардың аралы­ғындағы ең қиын, ең ауыр кезеңде еліміздің үкіметін қиыннан қиыстырып, жоқтан бар жасайтын теңдессіз іскерлікпен басқаруы арқылы Қазақ мемлекетінің нығаюына ерекше еңбек сіңірген ұлтымыздың біртуар ұлы Нұртас Оңдасыновтың руы үшін емес, тұтас ұлты, қабырғалы қазағы үшін атқарған шаруалары нағыз әділдіктің үлгісі болып табылады. Ұлтына адалдық пен таза­лықтың өнегесін көрсетіп: «Ешкімнен пара алған жоқпын – қолым таза, ешкімді сыртынан сатпадым – арым таза, ешкімді алаламадым – жаным таза» деген асыл сөз қалдырса да, әлі күнге дейін өзінің ерен еңбегі мен биік беделінің нақты бағасын ала алмай келе жатқан Нұртас ата­мыздың жазығы жоқ еді... Қаһары мен қатыгездігі қатар Иосиф Сталиннің өзінен қаймықпай: «Қаражатыңыздың қажеті жоқ, біз Шу-Мойынты темір жолын қазақтың асарымен-ақ саламыз, рұқсат берсеңіз болды!» – деген Оңдасыновтың қылығы аңызға бергісіз ерлік емес пе?!. Жоқтан жол табатын кемең­герлігі мен істің иінін күрмейтін ілкімділігінің өзі Нұртас Оңдасы­новты сәтсіз соқпақтардан сақтап қала алмады. «Үкіметтің басында жүргенде кіндік қаным тамған туған жеріме, сол жақтың бір де бір азаматына «таза боламын» деп қол ұшын бере алмадым, көмегім тиіп көтермедім, осы – менің қазағымның қызына үйленбегеннен кейінгі – орны толмас ең үлкен екінші қатем» деген алаштың алтын айдарлы азаматы өмірінің соңында өкінген көрінеді... Отызыншы жылдары Қазақ ССР-інің Мәскеуде өтетін өнер және әдебиетінің онкүндігі мерзімінен бұрын өтетін болады. Әдетте, біздің республиканың кезегі мен орыны жазылмаған тәртіп бойынша әрқашан бесінші болады екен. Сол кезек енді Украинадан кейін үшіншіге ауысады. Уақыт өте тығыз. Мәдениет халық комиссары, ел ішінде «железный нарком» атанып кеткен Темірбек Жүргенов үш ай бойы өзі де тыным таппайды, өзгелерге де тыныштық бермейді. Ұшақ ұшпайтын, пойыз дегенің Алматыдан Оралға бір апта жүретін заманда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен небір саңлақтарды, шынайы таланттарды іздестіріп-таптырып, Алматыға алдырады. Өнер жүйріктерін іріктеген сынақ, байқаудың бәрінің барынша әділ болуын қатаң қада­ғалайды. Жамбыл мен Сәкен бастаған біздің елдің делегациясы мәскеуліктердің жүрегін жаулап алады, қазақтың тілін түсінбейтін орыстар қазақтың әні мен күйіне, өлеңіне тәнті болады, өнерпаздарымыз он күн бойы Одақ астанасының аузында жүреді. 750 адам қатысқан Украина делегациясы 17 мемлекеттік марапаттауға ие болса, 300 адаммен барған Қазақстан делегациясы 13 орден-медаль тағып қайтады. Жамбыл мен Сәкен ең жоғары Еңбек Қызыл Ту орденін омырауына тақса, Күләш 24 жасында КСРО Халық әртісі атанып, айды аспанға шығарады. Сол «темірдей Темірбек» салып кеткен адалдық, әділдік, шынайылық үрдісі, дәстүрі театр әртістерін атышулы «37-нің» тозағынан аман сақтап қалды. Өнер адамдары қанша жерден «қызғаншақ келеді» дегенмен, күніге бет көрісіп жүрген жандар бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қия алмады... Біз бүгінгі таңда мәдениет пен әдебиетте, білім мен ғылымда, саясат пен бизнесте, қысқасы, қоғамның қай саласында болсын, сол Темірбек пен Нұртастар негізін қалаған әділдік дәстүр бар деп айта алмаймыз... Алпамыс батырдың есерт­кішін жоқтасақ, не болмаса, «Елімізде Қабанбай батырдың 14 ескерткіші бар» (Дәл дерегі Қабанбай батырдың 8 ескерткіші орнатылған) деп асырыңқырап айтсақ, мұның өзі – көреалмаушылықтан ауылы алыс ізгі ниетіміздің белгісі, тек Алпамыстай алып батырдың қандастарын рухтылық пен ұйымшылдыққа шақыру ғана... Құмды біріктіретін цемент секілді мемлекетте ұлттың басын қосатын мықты идеология болмаса, алдыңғы қатарға қарабайыр «рушылдық идеологиясы» шығады. Түптеп келгенде, егер негізінде әділдік сақталса, рушылдық та жат болмыс, жаман мінезге жатпайды. Бөгенбайға, Қабанбайға, Наурызбайға, Алпа­мысқа, Райымбекке, Махамбетке, Қарасайға қарсы кім дау айта алмақ?!. Сірә, қазақтың «рушылдығы­ның» отын үрлеп, жалынын лаулатқан да патшалық Ресей мен советтің жымысқы саясаты болса керек. Шынына келгенде, қазақ – рушылдығынан гөрі, мемлекетшілдігі мен елшілдігі басым халық. Ұлтымыздың 5 мың жылдық терең тарихы – қазақтың әрбір үлкен руының хандық құрған құрылымдары бар мемлекет болғандығын айғақтайды. Біз рушылдықтың іріткі салатын емес – біріктіретін, ажырататын емес – ынтымақтастыратын жағымды қасиеттерін дамыта түсуіміз керек. Ауылдарға, мектептерге, көшелерге, түрлі нысандарға адам атын қойғанда немесе ескерткіш орнатқанда әділет­тілікті аттап өтіп, ұсақтал­май, рушылдық індетінің іріткілігіне бой бермеуге тиіспіз. Қадым замандарда елі үшін жанын пида қылған батырлар мен кешегі қыршынынан қиылған Алаш арыстарына басымдық беру – көрегендік болып табылады. Әйтпесе, бізде кеңес тұсындағы аупартком хатшысы, зауыт жетекшісі, мектеп директорының есімін ардақтау етек алып кеткен... Рушылдықтың аймақтық сырқатының да алдын алу өте маңызды. Мысалы, Махамбеттің аты батыс өңірлерінде өте көп те, ал, шығыста жоқ. Неге? Неге Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтардың атын Қостанай мен Қызылжардағы, Оралдағы, Ақтаудағы көшелерге, мектептерге бермейміз? Олардың жазығы оңтүстіктен шыққаны ма?.. 20 жылдан бері айтылып келе жатқан шиеленісті мәселелерді мемлекеттік, ұлттық деңгейде қадағалап, бақылап, реттеп отыру керек. Әр облыс, әр қала, әр аудан мен ауыл өз білгенін істемеуі тиіс. «Кайрат – чемпион, девственник №1», «Теряя невинность в Алматы» деген секілді құсқың келетін фильмсымақтарды киноэкранға шығаруға рұқсат беретін құзырлы орындар осы айтылған өзекті мәселелерді қарастыруда селқостық танытып отыр Бүгінгі таңда кімнің артын­дағы ұрпағы ақшалы болса, соның атында ғана көше бар, әйтпесе, балабақшаға, стадионға, мектепке есімі беріледі. Бас қаған Шыңғысхан: «Ақшаның алмайтын қамалы жоқ» деген екен, ақшадан «кетәрі» емес астаналық билік те жер-жердегі келеңсіздікті көрмеген сыңай танытып отыра береді. Бұл бассыздықтарға нақты жауап беретін құзырлы мекемені ен салып, белгілеу керек. Сосын, қазақтың елге ерекше еңбегі сіңген адамдарының арнайы тізімін жасау керек. Таңдалынған тұлғалардың Елордаға, облыс орталықтарына, аудандарға, ауылдарға, көшелер мен мекемелерге қайсыларының есімдерін берудің лайықтылығы анықталса игі. Астана айбатын асырар тізімнің басында Ақарыс, Тұмар ханым, Еділ патша тәрізді алыптардың есімдері тұруы тиіс. Өмірзақ АҚЖІГІТ