Қазақстанда коронавирус соңғы 2 аптада 41 пайызға артты

Қазақстанда коронавирус соңғы 2 аптада 41 пайызға артты

Қазақстанда коронавирус соңғы 2 аптада 41 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Әлемде КВИ-инфекцияның өсуі байқалады. Оның ішінде соңғы аптада Америкада ауру - 100, Еуропада - 65, Оңтүстік Шығыс Азияда - 78, Тынық-Мұхит өңірінде 38 пайызға өсіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропада соңғы екі аптада 54 елдің ішінде 38 елде ауру өскен. Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 41 пайызға артты»,- деді ол. 

Министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап отыр. Соңғы тәулікте ПТР-тесттің оң нәтижесімен 4 810 жағдай және ПТР-тесттің теріс нәтижесімен 79 жағдай тіркелді. 1 қаңтардан бастап репродуктивті сан 2,4 есе өсті. 

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл» аймақта – Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және Атырау облысы, «сары» аймақта – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары. 7 өңір жасыл аймақта орналасқан», - деді Ажар Ғиният.