Азат Перуашев: Табиғат ресурстары халыққа қолжетімді болуы керек

Азат Перуашев: Табиғат ресурстары халыққа қолжетімді болуы керек

«Ақ жол» демократиялық партиясы парламенттік фракциясының бүгінгі отырысында Жаңаөзендегі жағдай талқыланды. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің төрағалығымен өткен жиынған партияның жергілікті мәслихаттардағы барлық депутаттары мен өңірлердегі филиалдардың жетекшілері zoom арқылы қатысты. 

«Ақ жол» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңбырбай Матаев отырыс барысында наразылық білдірушілердің негізгі талаптарын айтты. Оның мәліметтерін басқа да жергілікті депутаттар толықтырды. 

Сонымен қатар, партияның Қостанай облыстық филиалының басшысы, газбен жабдықтау саласында кәсіпкерлікпен айналысатын Махабат Жұтаев газ бағасын қалыптастыру мәселесіне, оның ішінде ЭТП (электронды сауда алаңы) рөліне қатысты өз көзқарасын айтты.

Азат Перуашев Маңғыстаудағы депутаттар мен партияның өңірдегі филиалына халықтың әділ мүддесі мен экономикалық заңдарды (өнімнің өзіндік құны сияқты) ескере отырып, мәселені шешу үшін мемлекеттік комиссияға көмек көрсетуді тапсырып, ең бастысы – ұстамдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, жерлестерге тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу екенін атап өтті.

Атап өту керек, биылғы жылдың 10-қарашасында «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясы газ, дизель және көмір бағасын шұғыл реттеу керектігі туралы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. 

- «Ақ жол» депутаттары көтерген мәселелер дер кезінде шешімін таппағаны ақиқат, қазіргі шиеленісу мен Президент тапсырмасынан кейін Үкімет жағдайдан шығудың жолын қарастыруға міндетті. Табиғат ресурстары тек шетелге сатылып ғана қоймай, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға, жергілікті халыққа қолжетімді болуға қызмет етуі керек деп есептейміз. 

Осығаны байланысты тарифті реттеу қажеттілігі туындап отыр, оған да белгілі бір уақыт керек. Өз тарапынан «Ақ жол» ҚДП бұл жұмысқа қатысу үшін өз өкілдерін жіберуге дайын, - деді Азат Перуашев отырыста.