Қаржылық «қауіпсіздік көпшігі»
2021 ж. 27 желтоқсан
1788
0
Ақша – қай заманда болмасын дамудың басты құралдарының бірі. Көп дүние ақшамен өлшенеді, бағаланады. Табысты болу, оны сақтау, жинау және тиімді жұмсай білу – қазіргі заманның басты талабы. Бұл ретте тәуекел мен тосын жағдайларға толы өмірде қаржылық «қауіпсіздік көпшігінің», яғни ақшалай қор жинаудың маңызды екендігі айтпаса да түсінікті.
Мамандардың айтуынша әрбір адам айлық табысының 10-15 пайызын болашаққа деп жинап отыруы тиіс. Ал қолда бар ақшаны айналымға салып, көбейтудің жолдары жетіп артылады. Мысалы, биржа арқылы акция, облигация сатып алуға болады. Бұл қаржы құралдарының табыстылығы едәуір жоғары болуы мүмкін. Бірақ тәуекелі де жоғары болатындығы сөзсіз. Сондықтан форвард, фьючерс, своп секілді қаржы құралдарын айтпағанның өзінде, акция мен облигацияларды сатып алу үлкен біліктілікті, қаржылық сауаттылықты талап етеді.
Ақшаны әр түрлі валюта сатып алу арқылы жинауға да мүмкіндік бар. Бірақ мұны жақсы табыс көзі деп айту қиын. Өйткені валюта бағамы әр кез құбылып отырады. Сондықтан «жеткілікті қаржылық білім болмаса, тәуекелге барып, күрделі қаржы құралдарына ақша жұмсауға болмайды», - дейді мамандар.
Ақшаны үйде сақтап, жинауға да болады. Бірақ барынша қолжетімді болғанымен, мұндай әрекеттен пайда көре алмайсыз. Үйдегі ақша инфляцияның себебінен біртіндеп құнсыздана береді. Оның үстіне пәтер тонағыш ұры-қарылардың қаскүнемдік әрекеттерін де жоққа шығаруға болмайды. Сақтықта қорлық жоқ, үйдегі ақша қолды болып кетпесі үшін, ең болмаса банк ұяшықтарына салып сақтаған дұрыс.
Ал ең дұрысы банк салымы. Ол қай кезде болмасын қарапайым азаматтар үшін ақша жинаудың ең тиімді, ең қарапайым тәсілі. Ол өзінің танымалдығын әлі де жоғалтқан емес. Биыл COVID-19 пандемиясына қарамастан, жеке салымшылардың депозиттері нарығы үшін оң сипатта қалыптасты. Екінші деңгейдегі банктердегі депозиттердің көлемі өсуде. Бұл үрдіс 2020 жылдан бері жалғасып келеді. 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың салымдарының жиынтық көлемі 12,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 1,9 трлн теңгені (+17,7%) құрады.
Банк салымдары бойынша тағайындалатын пайыздық сыйақы мөлшерлемелерінің көлемі елдегі экономикалық ахуалға және Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатына байланысты. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз кезегінде салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін бекітерде Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін және депозит нарығында қалыптасқан орташа мөлшерлемелерді ескереді. Ал банктер өз кезегінде осы мөлшерлемені және өздерінің шығындарын (ақшалай қор жиналымын, операциялық шығындарын, тәуекелдерін және т. б) ескере отырып, салымдар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді бекітеді.
Айта кетелік, биыл банктерде теңгелік депозиттерге қатысты максималды мөлшерлемелер бір жыл ішінде (мерзімсіз депозиттер бойынша) 9,0% (жинақ салымдар бойынша) және 14,0% аралығында өзгерді. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме 1% деңгейінде сақталды.
2018 жылдан бастап Қазақстанның банк саласында ұлттық және шетелдік валютадағы салымдар «Мерзімсіз», «Мерзімді» және «Жинақ салымдар» болып үш топқа жіктелген. Соңғы екеуінің толықтырылатын және толықтырылмайтын, яғни үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар.
Мерзімсіз салымдар - кез келген уақытта үстінен ақша салуға және одан азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға мүмкіндік беретін өте икемді салым түрі. Бұл салым қомақты табыс әкелмесе де ақшаны құнсызданып кетуден қорғайды. Ал сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі аяқталғанша сақталады.
Мерзімді салым - пайыздық сыйақысы мерзімсіз салымға қарағанда жоғары, үстінен ақша салуға және мерзімінен бұрын ақша алуға мүмкіндік беретін, әр түрлі мерзімдерге ашылатын икемді теңгелік салым. Тек мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен алу барысында сыйақысы төмендетіледі. Бірақ шот жабылмайды.
Жинақ салым – сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары, қысқа және ұзақ мерзімдерге ашылатын, мерзімінен бұрын алуға болмайтын теңгелік салым. Егер салымшы оны белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап ететін болса, ақшасы толығымен қайтарылады, ал сыйақысы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерлемемен (0,1%) төленеді. Бұл үшін банкке алдын ала өтініш беру қажет. Әрі қарай банк жинақ салымды салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Сондықтан бұл салым ақшасын банкке белгілі бір мерзімге салуды жоспарлаған және оны уақтысынан бұрын алмайтындығына сенімді салымшылар үшін қолайлы.
Банк салымдарының ең үлкен артықшылығы – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен (Қор) қорғалатындығында. Қордың қызметі бірінші кезекте салымшылардың мүдделерін қорғауға және салымдарды саралаудың негізгі қағидаларын сақтауға бағытталған. Қор тарапынан кепілдік берілген өтем сомасы салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Дәлірек айтар болсақ, бұл шекті сома: шетел валютасындағы барлық депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден; теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банк шоттарындағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңгеден; теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды. Бұл жерде бір айта кетер жәйт, шетел валютасында ашылған салымдар бойынша өтемді Қор банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төлейді. Одан әрі валюта бағамының өзгергендігіне қарамастан өтем сомасы қайта қаралмайды. Сондай-ақ салымшының бір банкте салымдардың түрі мен қандай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі депозиттері бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңгені құрайды. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша кепілдік берілген шекті сома ескеріледі.
Гүлмира САДЫҚ,
qazaquni.kz