Шапанбике шырша жаққанда...

Шапанбике шырша жаққанда...

Екібастұздағы өнер ұжымы шырша жағамыз деп, қазақтың шапанын – сонау замандарда хандар мен билер киген қасиетті киімімізді әбден мазаққа айналдырды.

Кеше, 25 желтоқсанда «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алаңында қаланың бас шыршасының шамдары жағылды. Осы шара аясында алдымен мәдениет сарайының сахнасында театрландырылған көрініс қойылды. Сахнадағы LED-экранда 2022 деген жазу пайда болып, «Эхехехей! Қайырлы кеш, халайық! Қысты қарсы алайық!» - деп шыбжыңдаған жеңілтектеу біреу жалаңаяқ атып шықты. Жалаңаяқ дегенде, аяғында кроссовки мен тобықтан жоғары лосина сияқты бір киім бар. Үстіне желпілдетіп шапан, басына қазақы қалпақ киген адамның дауысы жазбадан ер адамдікі болып естілгенімен, өзі – ойнақтай секірген бойжеткен. Ойнақтаған кейіпкерді Тазша бала дейін десең – Тазша баланың ұзын шапан киіп салаңдап жүргені есте жоқ және жамау кисе де сирағы сидимағаны анық. Би немесе шешен яки Қыдыр ата дейін десең – өлгенше секірді, оларға қимылы келмейді. Қыдыр ата да бүгінгі сәлафтарша балағын кесті деп естімеппіз.


Сахнадағы салтанаттың жалпы мазмұны орысша. Рыцарьға ұқсас кейіпкер бар, баяғы аң-құс, оны-мұнылар. Белгілі бір нақты сюжет, креативтілік жоқ. Сценарий жұтаң. Әдемі жүйе, Тәуелсіздік кезеңіндегі 30-шы шырша екендігі, тағы басқадай бір елімізде болып жатқан ерекшеліктер қамтылмаған. Аяз атаның шапаны оюлы демесеңіз, басқа пәлендей ештеңе жоқ. Сол Аяз атаға негізі оюлы шапанның аса қажеті де жоқ. Одан да қазақ ертегілеріндегі болмысы өнегеге толы қаһармандарды сомдау тиімді. Негізі, бұл Жаңа жыл біздің ұлттық дүниетанымымызға алшақтау болғандықтан, оның бойынан ұлттық нышан іздемеуге де болатын еді. Бірақ шапан киген шыбжықты шығарған тағы өздері.

Ал енді әлгі шапан киген «Икс кейіпкер» не істеді дейсіздер ғой? Шапанын салаңдатып, кроссовкасын тақ-тұқ еткізіп, сирағы сидиып сахнадағы бишілерге қосылып биледі-ай кеп дейсің. Бұл енді анық Тазша бала емес. Өйткені Тазша баланың кезінде «дискотека» жоқ еді ғой. Әйел кейіпкерлердің біріне шырамытайын десең, қазақ әйелдері де бұлайша секеңдемеген. Қысқасы, біз оны не де болса Шапанбике деп атадық, бірдеңе деп атауымыз керек қой...

Арғын Әділкерей, 

Павлодар облысы