Қазыбек Исаның Ұлт ұстазын ұлықтау ұсыныстары ел құптарлық іс - Нұрлан Өнербай
2021 ж. 22 желтоқсан
2415
0
Кеше Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса “Ақ жол” фракциясы атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е. Тоғжановқа Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты депутаттық сауал жолдады.
Qazaquni.kz ақпарат агенттігінде жарияланған "Тіл атасы Ахаңның жылы болғандықтан, 2022 жыл - Мемлекеттік тіл жылы болуы тиіс" атты депутаттық сауалға белгілі әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербай үн қатып, өз пікірін білдірді.
- Осы ұлтқа қызмет етуді қалай түсініп жүрміз? Әрине әркім өз саласында хал-қадірінше іс тындырып ақ жатыр. Бірақ аптаның бес күнінде сегіз сағат қана жұмыс жасап, екі күн демалыста диванда шалқалап жатып ұйқы қандыру, бұл ұлтқа қызмет жасғанға жатпас. Ол, қалтаң мен қарнының қамы, сандықтың түбіндегі бір жапырақ дипломыңның қайтарымы ғана болар. Арғы тарихымызға көз жүгіртсек, Күлтегін бабаларымыздан бастап, "ұлтымның болашағы үшін-күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым" десе, кеше Алаш арыстары да осы ұлтының болашағы үшін жанын пида етті. Ұлт болашағы дегеніміз ол - өскелең ұрпақ. Ал енді сол ұрпақты тарихын таныйтын, тілін қадірлейтін, дәстүрін қастерлейтін қазақ деген ұлттың ұрпағы екенін мақтан ете алатындай етіп, жерін сүйді санасына сіңіріп тәрбиелеу, оқыған-тоқығаны бар бүгінгі ұрпақ біздің міндетіміз. Ықылым заманнан солай болған. Қол бастаған батырлар, әділ төрелігімен ел басқарған би-көсемдер, сөз ұстаған шешендер, бәрі-бәрі ұлтының болашағы үшін қызмет еткен. Ұлы даламыздың төсінде осы бабаларымыздың үні әлі жаңғырып тұр. Тек соны санасына сіңіріп, құлағына құйып беру арқылы ғана ұлтын сүйіп, халқының қамын жейтін Отаншыл ұрпақты тәрбиелей аламыз. Жарты әлемге билік жүргізген батыр бабаларымыздың ізі сайрап жатқан арғы тарихымызды тиісті деңгейде дәріптей алмай жатсақ та, берігі тарихымыздың қыл-бұғауы шешіліп Алаш қайраткерлерінің аттарын жаңғырту басталды. Оған да тәуба. Осы ретте кешегі орақ тілді,өткір ойлы Шерағаңдардың (Шерхан Мұртаза) ізін жалғап, биік мінберлерден "Қазақ үнін" жеткізіп, ұлт болашағының сөзін сөйлейтін азаматтар бар екен. Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса бауырымның ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын ұлықтау турасында көтерген ұсыныстары ел құптарлық іс деп білем. Шүкір дейік. Өз басым қолдаймын. Қолдап қана емес, солай болуын талап етем. Мына жарық дүниеге адам болып келдің бе - азамат бол! Қазақ болып тудың ба - халқыңа қызмет жаса!
Нұрлан ӨНЕРБАЙ, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ үні