ТУҒАН ЖЕР ҚҰРМЕТІНЕН АРТЫҚ НЕ БАР?!
2021 ж. 19 желтоқсан
1718
1
Биыл елден жақсы жаңалықтар жетіп жатты. Түркістан облысы Шардара ауданынан Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне сай 30 Әлем чемпионы шыққанын естіп, риза болып қалдық. Оның 25-і қол күресінен, 5-еуі ауыр атлетикадан. Батырларымыздың жеңісті жолы жалғаса берсін дейміз.
Аудан да мерекелі жылды берекелі аяқтап, ең көп мақта өндіріп, еліміз бойынша бірінші орынға шығыпты!
Сонымен бірге желтоқсан айының басында елден тағы бір жақсы жаңалық жетті. “Шардара ауданының Құрметті азаматы” атанғанымызды естіп қуанып қалдық.
“Сонда ауданың сенің депутат болғаныңды күтіп жүрген бе? Ақын ретінде бұл құрметті баяғыда алуың керек емес пе еді?!.”-деп әзіл-шынын араластырып, шымшып қалып жатқандар да табылды.
Дегенмен, Туған жердің құрметінен артық не бар?
“Ешкім өз ауылында әулие емес”деген нақылды ойласақ, ауданымыздың ақынын ардақтап жатқанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Құрметке бөлеп жатқан халыққа, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, аудан әкімі орынбасары Бауыржан Шомпиев бауырларымызға көп рахмет. Шардара аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев бастаған депутаттарға алғыс білдіремін.
Батырлар мен ақындардың мекені Шардараның даңқы шартарапқа жайыла бергей!
Көпшілікпен бірге ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен “”Қазақстан Республикасына 30 жыл” мерекелік медалымен марапатталуымыз да биылғы жылғы жақсы жаңалық! Тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ! Сондықтан бұл мемлекеттік марапаттың маңызы зор!
Мерекелі жыл берекелі жылдарға ұлассын!
Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей бергей!
ШАРДАРА*
Аңызақ пен аңызды атырабы,
Терең ойға теңiздей батырады.
Шардараның толқыны шабыт берiп,
Шағалалар алысқа шақырады.
Ән мен дәндi жерден мiн таппағасын,
Мақтанасың, болған соң мақта басым,
Алтыннан да асырса ат бағасын...
Шабандоз боп кетуге шақ қаласың...
Көк аспанның астында шағыл кешсең,
Көк теңiзге айнадай тап боласың...
Су қуатын аймаққа тартып әйгi,
Бағаналар сап түзеп, сән құрайды.
Көне кенттен көктеген
көркем қала –
Шардараның шамдары жарқырайды...
Табанымның iзi бар әр тасыңда,
Табындырып қоясың,
тартасың да...
Құмстаннан айналдың гүлстанға,
Құрыш бiлек жандардың арқасында.
Жаушықұмда жау күткен
ыза небiр,
Ұмыт болып, еңбекпен
қызады өңiр...
Қоссейiттен аттансаң құран оқып,
Ұзын Ата тiлейдi ұзақ өмiр...
Балық өрсе байлық боп
көл түбiнен,
Қызыл жыңғыл – қырдың бұл көркi бiлем...
Шөл далаға секiлдi күретамыр,
Сырдария сыр айтар толқынымен...
Маң даланың мыңғырған
маңайы мал,
Табысқанның дәл мұнда
әр айы бал...
Жиде гүлдеп кеткенде жиi келсең,
Тораңғылы тұтасқан тоғайы бар...
Сана оятар сарғайған сағанасы,
Көктеп кетер көк тiрер бағанасы.
Шыбығынан шыр жиған
шырын сорып,
Шыбықтасаң – кетпейдi
бал арасы...
Қызылқұмда сезiнiп жер ыстығын,
Барады ысып көңiлiм тегiс бүгiн.
Шама келмей шабытқа
шалқимын мен
Бас айналар бақыттан кеңiстiгiм!
Тек туған жер жазады жүрек емiн,
Тектi ақынның қадiрiн бiледi елiм.
Төрт бұрышын дүниенiң шарлап келiп,
Төрт қақпаңа* мен сенiң тiрелемiн!..
1999 жыл
* Шардара – көне парсы тiлiнде «төрт қақпа» дегендi бiлдiредi.
ЕЛГЕ КЕЛУ
Алдан шығып ауылдың өпті желі, Көзіме ыстық көрініп кетті жері. Дүрсілдеп кеп ентігіп тұрған пойыз,
Алып ұшқан көңілді жеткізеді…
Суы қазір кетсе де тым уланып… Сырдың бойы көрінді сұлуланып, Қызылқұмым саялы таудан гөрі,
Төгеді екен жаныңа жылуды анық.
Толқып тұрмын, көрмесем, торығамын.
Заңдылыққа зарланбай жорығамын.
Сортаңына жерімнің тартты ма екен,
Кейде мынау ұлыңның соры қалың…
Шыршасыз-ақ бұл өлке шырайланып,
Құла түзде құйын жүр шыр айналып.
Жүрегіме мөлдіреп құйылады,
Ерте көктем ағатын лайлы арық…
Кой соңынан қорғампаз ит ереді, Иесінің сенімін сый көреді.
Көріністен күлкілі күй келеді:
Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері,
Шарбағына ешкілер сүйкенеді…
Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр, Сиырларды сыйлайтын үнділердей…
Көңілде мұң, қайтейін, көзімде мұң,
Қимастықты шым-шымдап сезінгенмін.
Вагон санап қоштасқан пойыздармен,
Қойшы бала қырдағы өзім дедім…
Қой баққанмен қиялы астанада, Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…
Құмды ауылда қалдырып балалығын,
Тартады ол да күні ертең тас қалаға.
Тастап елді кетеді,
Мен де кеткем…
Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…
Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,
Құм ішінде жатса да көмбе көптен…
Егіспенен басталып аңыз әні,
Ала жаздай қақтайды аңызағы.
Күннің нұрын сіңіріп күйіп өскен,
Шығады ақын бұл жерден нағыз әлі…
Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,
Ауыл – анам,
Кінәмді өтейін көп…
Шаршаған соң, сағынып келіп тұрмын,
Басымнан бір сипатып
кетейін деп…
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні