Тәуелсіздікті сақтап қалу қазақ тілінің дамуына байланысты - Шыңғыс Мұқан

Тәуелсіздікті сақтап қалу қазақ тілінің дамуына байланысты - Шыңғыс Мұқан

Ел егемендік алар жылы мектеп табалдырығын аттадым. Ауылда туған соң, шаруашылықпен айналысып, қазақы ортада өстік.

7-8 сынып оқып жүргендегі бір сәт есімде қалыпты. Орыс тілі мұғалімі «орыс тілін білмесеңдер адам болмайсыңдар» деп ұрысып жатты. Біздің орысшамыз шамалы. Орыс әдебиетінде сабақты қазақша айтып береміз.

Ол кезде қазіргідей ақпараттық технология жоқ. Бірер ғана телеарна бар. Мұрнымен сөйлейтін біреу орысша дубляждаған шетел фильмдерінің таспасын жалға алып көреміз. Онда да бір сөзін түсінсең, он сөзін түсінбейсің.

Қазір ғой, смартфон қолынан түспейтін балалар қай тілде мультфильм немесе кино көрсе, тілі сол тілде шығатын.

Содан не керек, орыс тілі мұғаліміне «Біз Қазақстан деген тәуелсіз елде тұрамыз, орыс тілін үйренудің қажеті шамалы» деп қойып қалғаным бар.

Бұл сенімге мектеп бітіріп, Алматыға оқуға келгенше берік болдым. Мұндағы жағдай ауылдағыдай мүлдем бөлек болып шықты. Шынында да, «орыс тілін білмесең, адам болмайсың» деген сөз рас екеніне көзім жетті.

Амал жоқ, орыс тілін, таңдаған мамандығыма сәйкес, ағылшын, тіпті испан тілін қатар үйрендім. Сол кезде өзіме немен айналыссам да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітумен шұғылданам деп уәде бергем.

Содан, көре-біле келе, осыдан 10 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап, қазақ тілін үйренуді ынталандыру үшін орыстілді достарымды көздеп, «10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке» деген кітап жаздым.

Алайда тілді қолдануды ынталандыру үшін онда қолданатын мазмұн болуы керек екен. Ол тілде өзекті кітаптар шықпаса, соңғы фильмдерді ол тілде көре алмасаң, жаңалық ашқан ғалымдар ол тілде дәріс оқымаса, ол тілдің қай жерін қолданасың. Тіл – сол тілде сөлейтіндер түсінісу үшін қолданатын коммуникация құралы болып қана қалады.

Содан осыдан үшін жыл бұрын Mazmundama қорын құрып, әлемнің өзекті әдебиетін қазақшаға аудара бастадық. Осы уақыт ішінде жанкешті редакция 50 кітап шығарды, оның отызы биыл шықты. Мұны біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнадық. Келер жылы елу кітап шығару жоспарда бар.

Әлемде жылына 2 миллионға жуық кітап шығады. Бұл – 8 миллирдқа жуық адамзаттың жыл сайын осы дүниеге беретін ақыл-ойы, мазмұны. Әлемнің миллиардтаған халқының мазмұн жасау қуаты, шығармашылық әлеуеті Қазақстанда тұратын 19 миллион халықтан әлде қайда артық. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та, шетел тілдерінде шығып жатқан жалпы адамзаттың ақыл-ойын тұтынуға мәжбүрміз. Ия өз тілімізде, ия өзге тілде тұтынамыз. Қазақ тілінің қолданыс қуатын арттыра түсу үшін әлбетте маңызды контент өз тілімізде болғаны абзал.

Бірақ ол бір адамның, бір министрліктің, бір институттың немесе филологтардың жұмысы емес. Тіл – қоғамдық құбылыс болған соң, осы тілді меңгерген әрбір адам, әрбір маман өз саласындағы қазақ тілінің контентін дамытуға атсалысқаны абзал. Мәселен, дәрігер, оның ішінде, айталық, окулист медицинаның өзі маманданған бағытта қазақ тілінде қандай кітаптар бар, жоқ болса, соны аудартуға ықпал етсе. Қазақ тілін ғана білетін жас өркен медицинаны меңгеріп, окулист болып шыға ала ма, жоқ әлде басқа тілді қолдануға мәжбүр ме?

Бізден кейінгі ұрпақ қазақ тілінен көбірек алу үшін біз қазіргі ұрпақ қазақ тіліне көбірек беруіміз керек. «Тіл жоғалып бара жатыр» дегенге саятын даурықпа сөзбен емес, контент қалыптастырар нақты жасампаз іспен.

«Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деп Әбіш Кекілбаев айтпақшы, жауапкершілік алуды емес, беруді талап етеді.

Кеннедидің әйгілі сөзі бар, «Мемлекеттен не алдым деп емес, не бердім деп сұра» дейтін. Сол сияқты, өскелең ұрпақ өзге тілді білмей-ақ «адам болу» үшін, түптеп келгенде тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін әрбір азамат өзінен «Қазақ тіліне не бердім» деп сұрар заман туды.  

Себебі мемлекет даму үшін алдымен сол мемлекетте тұратын адамдар білімді-білікті болуы керек, ал адамдардың білімді-білікті болуы үшін олар сөйлейтін тіл мазмұнды, яғни контент көп болуы керек.

Демек Қазақстанның дамуы, тәуелсіздікті сақтап қалу түптеп келгенде қазақ тілінің дамуына тікелей байланысты.

Шыңғыс Мұқан, 

Фейсбук парақшасынан