ТАҒЛЫМЫ МОЛ ТӘУЕЛСІЗДІК

ТАҒЛЫМЫ МОЛ ТӘУЕЛСІЗДІК

   Кеше Елордамыздағы «Астана опера» театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жиында жасаған мазмұнды баяндамасы жарияланды.

​Президент азаттықтың мән-маңызы туралы айта келе, Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым тереңде жатқанына, сонау Көк түріктер дәуірінен бастау алатынына ерекше тоқталыпты.

​Ол «Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді, өйткені біз азаттықтың құнын жақсы білеміз» дей келе, тәуелсіздік жолында күрескен әрбір буынның еңбегіне баға беріпті. Елбасының тарихи рөлі туралы кеңірек айтып өткен.

Сондай-ақ, өткен отыз жылды шартты түрде үш кезеңге бөліп, әр онжылдықтың басты оқиғалары мен жетістіктеріне жеке-жеке тоқталған екен.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздігімізді нығайтуға әрбір отандасымыз, түрлі кәсіп иелері өз үлесін қосқанын айтып, бүкіл Қазақстан халқына зор алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бабаларымыз ғасырлар бойы Тәуелсіздікке жету үшін күрессе, ендігі ұрпақ Тәуелсіздікті қорғап, нығайту үшін күреседі» деген сөзі жүрекке жылы тиді. Ол жастардың аға буын үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Президент бұған дейін де Тәуелсіздікті нығайту дегеніміз елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру екенін бірнеше рет қадай айтып, бүкіл мемлекеттік аппаратты, бизнес қауымдастығын және жалпы жұртшылықты ел игілігі үшін еңбек етуге шақырған болатын. Ол осы ұстанымға берік екенін тағы бір рет атап өтті.    

Еліміз Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Осы орайда Президент алдағы міндеттерге тоқталып, келер онжылдық Отанымыздың жаңа белеске көтерілетін кезеңі болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты жиында егемендік туралы айтқан ой-толғамдары мені, білім және ғылым өкілі ретінде, қатты толқытты. Бұл мендегі ғана көңіл күй емес, жалпы ғылыми жұртшылықты жігерлендірген сөз болды деп санаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, ағайын!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

 ҚР Ұлттық ғылым академисының академигі, филология ғылымдарының докторы профессор