Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың ұлттық намысы жоғары еді - Болат Мырза

Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың ұлттық намысы жоғары еді - Болат Мырза

Азаттықтың алғашқы қарлығашы Желтоқсан көтерілісіне биыл 35 жыл толып отыр.

Мен 1980 жылы Панфилов ауданындағы Қоңырөлең орта мектебін бітірдім. 1980-1981 жж Талдықорған облысы Панфилов ауданы “Октябрь” қой совхозының құрылыс бөлімінде жұмыс істедім. 1981-1983 жж Совет Армиясында әскери борышымды өтедім. 1984 жылы Алматы халық шаруашылық институтының дайындық курсына түстім. 1985 жылы жоғарыда аталған институттың 1-ші курсына қабылданып студент атандым.

Мен үшін жастық шақтың қызығы мен қиындығы мол, білім жолындағы ізденіс пен бірге, бірде аш, бірде тоқ  жастық максимализм бар дәл осы кезең өмірімде ерекше құбылыстай әсер етіп жатқан-ды...

«Уақыт, шіркін, бір орнында тұрмайды» деген рас қой. Алаңсыз шапқылап оқудың соңында жүргенде, екінші курсқа да келіп қалыппыз. Ол 1986-шы жыл болатын. Бұл жыл тек Қазақстандықтардың ғана есінде емес, бүкіл дүниежүзі бойынша тарихи кезең болды. Өйткені 1986 жылдың 16-желтоқсан күні 70 жыл қылышынан қан тамып тұрған Совет одағы, қызылдар өкіметінің қабырғасы сөгілді. Бұған себеп болған дәл сол жылы, сол күні Алматы қаласында алаңға шыққан жас қазақ студентері мен жұмысшылардың көтерілісі еді.1986 жылдың 17-ші желтоқсан күні сағат 13:30 шамасында сабақтан шығып Правда көшесі, қазіргі Алтынсарин көшесімен Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан жатақанамызға келдік. Қасымда бірге оқитын жігіттер мен қыздар бар. Келе салысымен суық хабар естідік. Бәріміз төбемізден жай түскендей абдырап тұрып қалдық. «Не болды, не болды?» деп бір-бірімізден сұраймыз. Сол кезде Қонаев атамызды орнынан алып тастапты, орнына Колбин деген Ресейдегі Ульяновск облысының бірінші хатшысын әкеліп қойыпты. Қазақстан орталық комитетінің пленумы 18 минутта шешім қабылдап, Қонаевты орнынан алып тастаған. Жиналған студенттер арасында үлкен қарама-қайшы пікірлер, дискуссия басталып кетті. Әркім өз ойын айтып жатыр.

Біреулер «жігіттер бұл дұрыс емес, Орталық комитет неге халықпен санаспайды, неге сырттан бөтен адамды әкеледі, өзіміздің Қазақстанда лайық адам табылмады ма? Бұл не деген басынғандық, жиналыңдар, алаңға барып қарсылығымызды білдірейік» деді. Қарсы біреулері «жігіттер, сабырлық сақтайық, істің аяғын күтейік, мүмкін өзгеретін шығар» дегендер болды. Біз Советтік социалистік мемлекеттің тұсында оқығаннан кейін В.И. Лениннің коммунистік идеясын, социалистік мелекеттің құрылымының принциптерін бойымызға сіңетіндей қылып шегелеп тұрып оқытатын.



Октябрят, пионер, комсомол, коммунист деген сияқты бір партиялық тоталитарлық ұйым (құрылым) болды. Кейін бұл саясаттың артында орыс ұлтының басқа ұлттарға деген үстемдігі және шовинистк пиғылы бар екенін түсіндік. Сол күні сырт жақтан әр түрлі суық хабарлар келіп жатты.

«Алаңға шыққан қыздарды шаштарынан тартып сүйреп, солдаттар сапер күректерімен бастарынан ұрып соққыға жығып жатыр» деген хабарды естігенде өзімді қоярға жер таппай алаңға шыққалы жатқан кезде, Ауылшаруашылығы институтында оқитын кластас досым Саденов Талғат келе қалды. Ол кезінде 1981-1983 жж Ауған соғысына қатысқан. Екеуіміз бір ауыздан келісіп алаңға тартып кеттік. Ол бағытқа жүретін автобустарды тоқтатып тастаған, жаяу келе жатырмыз. Жол-жөнекей әр жатақханалардан шыққан жастар қосылып жатты. Алаңға жеткенше елу, алпыс адамдай болдық. Қазіргі әнұранымыз Шәмшінің "Менің Қазақстаным" әнін айтып келеміз. Әр жерде топ-топ сақшылар (милициялар) тұр. Сағат 16:00 шамасында алаңға жеттік. Алаңға жастар тола жиналған екен. Қолдарында транспарант, лозунгілер, ондағы жазулар "Басшысын таңдау әр елдің өз еркінде", "Халық демократияны таңдайды" деген сияқты ұрандармен бейбіт шеру басталды. Орталық комитеттің мүшелері дауыс күшейткішпен бірінен кейін бірі «Жастар жатақтарыңа қайтыңдар, бұл көтеріліс заңсыз, тарамасаңдар күш қолданамыз» деп онсыз да әрең тұрған жастардың ашу-ызасына тие берді. Алаң жақтан халық «бізге Қонаевтың өзі шығып жағдайды түсіндірсін, басқа ешкімнің айтқанымен келіспейміз, Қонаевтың орнына келген Ресейдің Ульяновск облысының бірінші хатшысы Колбин деген қазақтың тілін білмек түгілі, Қазақстанның исі мұрнына бармаған адам, яғни осы ел туралы, оның салт дәстүрі, әдет-ғұрпы, менталитетінен түк хабары жоқ, бәрінен мақұрым. Бұндай адам қалай Қазақстанды басқармақ?» деп қарсылығымызды айттық.

  Бірақ ондай уәжді билік тыңдағысы келмеді. Халық пен билік арасындағы қарсыластық өрши түсті. Дәл сол күні желтоқсанның ызғарлы аязы да билікке қарсы күшейе түсті. Талғат екеуіміз халықтың арасынан ығыстай беріп, ең бірінші қатардан бірақ шықтық. Алдымызда төрт қатар қалқандарымен, қолдарында шоқпарлары бар әскери адамдар тұрды. Өзіміздей жас жігіттер түрлерінде үрей бар, амалсыздан басшысының бұйрығымен тұрғаны көрініп тұр. Сонда әлгі әскерилерге дауысым жеткенше айқайлап айтқаным - «сендердің бұйрық орындап тұрғандарыңды білем, өйткені біз де әскерде болдық, мына халық өзінің конституциялық құқығын қорғау үшін келіп тұр. Сендер осы қарусыз тұрған жігіттер мен қыздарға қол көтермеңдер, бізге биліктен адамдар шыққан соң сөйлесеміз» дедім. Сол жастардың артында үкімет үйіне дейін тізілген милициялар тұрды. Бір кезде шамамен 18:30-19:00-де алаңның Фурманов, Сәтбаев көшелері бағытынан әскери техникалар жинала бастады. Жағдайдың ушығып тұрғанын ішіміз сезіп тұр. Дегенмен біз неге болса да дайын едік. Өйткені қазақты бірлікке шақырған ұрандар жастардың рухын көтеріп, еш нәрседен тайсалмай тұрдық. Сол-ақ екен, жаңағы сол жақ қапталдан келген үлкен техникалар екпіні өте қатты су атқыштармен халықтың үстінен мұздай суық суды шаша бастады.

Осыны пайдаланып әскер де бізге қарсы тарпа бас салды. Шайқас басталып кетті. Қарусыз халықты сапер күректерімен, шоқпармен ұрып-соғып алаңның артқы шегіне дейін апарды. Сол кезде құлап қалған қыз-жігіттерді әскер мен милиция қоршап алып, тепкілеп жатты. Осы сәтті пайдаланып, біз басқа амал жоқ, қоршаудағыларға көмектесу үшін, қорғану үшін мәр-мәр тастан жасалған бардюрлерді теуіп шығарып жерге бір ұрып шағылған бөлшектерді қарсылас жаққа лақтыра жөнелдік. Сол кезде әскер мен милиция үкімет үйіне қарай тым-тырақай шегіне берді. Біздің қолымыздағы тастарымыз таусылған кезде олар бізді алаңға ығыстырады. Бұл текетірес сағат 24-00-ге дейін созылды. Алаңға халықтың ортасына кіріп кеткен бірнеше әскери техникаларды жастар төңкеріп өртеп жіберді. Ертесінде, яғни, желтоқсанның 18-і күні таңертең сабаққа келдік. Ол күні сабақ болмады. Институтта үгіт жұмыстары басталып кеткен екен. Бәрімізді жатақханаға қайтарып, әр факультеттің декандары өз студенттерін сыртқа шығармауға тапсырма алған екен. 

Жатақханада жиналыс өткізген декандар, студенттер, әсіресе, ер азаматтар, «біз бүгін осы жатақханамызды қорғауымыз керек. Өйткені тұрғындардың 70% қыздар еді. Сырттан әртүрлі қастандық жасалуы мүмкін, жігіттер қолдарыңа қорғаныш үшін темір немесе ағаш болса да қаруланып отырыңдар, қоңырау соққанда далада жиналасыңдар» деп тапсырды.Сағат кешкі 19:20 шамасында қоңырау соғылды. 20-30 жігіт далаға жүгіріп шықтық. Сол жүгіргеннен алдымыздығы Жандосов-Правда көшесінің қиылысына бірақ бардық, ішімізде мұғалімдер, декандар бар.

Ол жердегі тас жолдың беті өркеш-өркеш мұз. Мұздың үстінде жас қазақ жігіті қолын жерге тіреп ыңырсып, қиналып отыр. Жүгіріп қасына келдім. Қарасам екі санынан шалбарының сыртына дейін шылқылдап қан шығып кеткен. «Бауырым не болды саған?» деп сұрап едім, әлгі жігіт «жол күтіп отыр едім, екі волга такси тоқтап, ішінен екі орыс азаматы шығып мені жығып, құлағанымнан кейін машиналарымен бірінен кейін бірі жамбасымнан таптап өтіп кетті» деді. Байқұстың тістері бір-біріне тиіп сақылдап отыр жаны қиналып. Осы кезде «жедел жәрдем» келген екен, жүгіріп барып арт жағын ашып жылдамдатып адамды салатын носилкасын алайын деп әрекет жасап едім, әлгі жүргізуші орыс адам екен «тиіспе, жолама, өзім алам» деп айғайға басты. Сол-ақ екен арт жағымыздан төбесіндегі шамдарын жарқыратып екі ГАИ-дің машинасы бастаған екі автобус тоқтай қалды да, ішінен еңгезердей, бойлары биік қап-қара киінген, беттерінде маска, қолдарындағы дубинкамен бізді төмпештеп соға бастады.

Ешнәрсеге түсінбей абдырап қалған жартымызды тепкілеп, кейбіреуін кісендеп, біразымыз жатақханаға қарай қаша жөнелдік. Жасақтар артымыздан қуып келеді. Бірінші жатақтың есігіне келгенде кіре алмай кептеліп қалды. Соны пайдаланып қуып жеткен жасақтар дубинамен сабалап жатты. Кептелістің соңында қалған екенмін, арқамнан бірнеше рет дубинамен осып өтті. Тығылатын жер жоқ, артыма қарасам жасақтар қоршап алған, осының бәрін жатақхананың балконынан көріп тұрған біздің қыздар «мыналар (сақшыларды айтады) біздің жігіттерді ұрып, соғып өлтіргелі жатыр» деп шыңғырған дауыстарынан бүкіл қала күңіреніп кеткендей болды.

Бір кезде жасақтың арғы шетінен кім екенін білмеймін бір жігіт «бері қаш!» деп айқайлады. Не болса да көрейін деп жасаққа қарсы жүгіріп, ортасынан жарып өтіп келесі жатаққа қарай бет алдық. Артымыздан оншақты жасақ қуып келеді. Келесі жатаққа жақындағанда ол жатақтан 20- шақты студенттер шығып келеді екен, бізді көрген олар бұрыла салып есікке қарай қашты.Тағы есікке келіп кептелдік. Қуып жеткен жасақтар жастарды сабалай бастады. Әйтеуір осы жатаққа кіріп, ұсталып кетпей жанымыз әрең қалды.

Бір, екі сағат өткен соң аяғы басылып, жасақтар қайтқаннан кейін мұғалімдер келіп өз жатағымызға алып қайтты. Артынан білгеніміздей бізге шабуыл жасаған жасақтар арнайы Ресейден шақыртылған екен.

Мені бүгінгі күнге дейін қинайтын бір сұрақ, әлгі «жедел жәрдем» көлігіне сала алмай қалған жап-жас қазақ баланың тағдыры не болғанын осы уақытқа дейін білмеймін. Ол мен үшін әлі беймәлім. Мен сол кезде жеген таяқ, естіген сөз, көрген қорлық үшін еш күйінген жоқпын. "Көппен көрген ұлы той" дегендей. Жап жас жігіттермен қыздар қыршындарынан қиылып та жатты ғой. Ең бастысы сол әділетсіз арпалыстың ортасында болғаным, өзім куә болып көргенім. Сол кезде халқымыздың, әсіресе осы көтеріліске қатысқан жастардың рухы биік, еті тірі, ұлттық намыстары жоғары еді.

Сол 1986 жылғы 17-желтоқсанда басталған көтерілістің аяғы 1991 жылы Кеңес Одағының күйреуімен аяқталды. 1991 жылы 16-желтоқсанда қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, бүкіл әлемге паш етті. Бұл күнді ата- бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен еді. Енді осы атадан қалған қасиетті елімізді, жерімізді шашауын шығармай ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп, мәңгілкке сақтап қалатын өскелең ізбасарларды тәрбиелеуіміз керек. Ондай жастар бізде бар. Оларға үлкен сенім артамыз. Ұлттық рухымыз әрқашан биік болсын.

Болат МЫРЗА,

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы