Оқуға құштар мектеп

Оқуға құштар мектеп

Мектептегі оқытудың басты мақсаты – білім алушы тұлғаны қалыптастыру. Адамға рухани әсер ететін ерекше күштің иесі – «кітап» деп аталатын оқу құралы. 

Оқуға деген қызығушылықтың болуы немесе болмауы баланың кітапқа деген көзқарасының негізгі факторы және оны бағалау критерийі болып табылады. Кітапқа деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті тәрбиелеу, онымен қарым-қатынас жасауға ұмтылу, көркем мәтінді тыңдау және түсіну, көркем мәдениетті дамыту балаларды көркем әдебиетпен таныстырудың негізгі міндеті болып саналады.

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын тудыру және арттыру үшін оқылатын әдебиетті таңдаудың әдістемелік қағидаларын ұстану қажет.

Біріншіден, кітап таңдау барысында тәрбиелік мақсаттарды жетекшілікке алу қажет.

Екіншіден, жанрлық және тақырыптық әртүрлілік қажет: проза және өлең; көркем және ғылыми-танымдық әдебиет; бүгінгі және өткен күндер туралы, яғни тарихи кітап; заманауи авторлардың және классик жазушылардың шығармалары; фольклор – ертегілер, жұмбақтар; кітаптар мен журналдар, газеттер, қазақ, орыс және басқа ұлт авторларының шығармалары және аудармалары.

Үшіншіден, қолжетімділік қағидаларын, балалардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Бастауыш сыныпта Отан, еңбек, адам өмірі, жануарлар мен өсімдіктер сынды балаларға қолжетімді тақырыптарға ертегілер, әңгімелер, өлеңдер ұсынылады. Көлемі бойынша (мағыналы және әдемі көрнекіліктерге, үлкен әріптерге ие) балаларға арналған шағын кітаптар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітті. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тартуда «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ.

Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын.

«Кітап оқуға құштар мектеп» жобасының мақсаты: білім алушылардың кітап оқу мәдениетінің және кітап оқу белсенділігінің деңгейін арттыру, оқушылар, педагогтер және ата-аналар арасында кітап оқуды танымалдандыруға жағдай жасау.

 «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кел, балалар, оқылық» 20 минуттық оқу жобасы біздің мектепте де бастау алды. Үзіліс кезінде сыныпта оқушыларға арналған кітапхана бұрышынан кез келген өздеріне ұнаған оқулықты алып, сыныптастарымен оқып, сабаққа қажетті деректерді энциклопедиядан алуға мүмкін жасалған.

Кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыруда ойын әдістері де маңызды рөл атқарады. Мысалы, жазушы-ақындардың шығармаларын оқығанда келесі әдістерді қолдануға болады: 

- «поэтикалық эстафета»: ересек адам алғашқы жолдарды айтады, ал балалар (немесе бір бала) өлеңді жалғастырады; 

- «көңілді рифма»: өлеңдер оқылады, бала сөзді болжайтын жерде үзіліс жасалады.

Әр сабақ сайын бес минуттық оқу. Әр сабақтағы бес минуттық оқу кез келген сабақта – әдебиеттік оқу, қазақ тілі, математика, көркем еңбек т.б. пәндерде балалар бес минут оқиды. Сабақ қосымша кітапты немесе арнайы дайындалған кестелерді ызыңдап оқу режимінде бес минут оқудан басталады, сосын сабақ ары қарай өз қалпымен жүргізіледі 


«Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыруда сыныптан тыс жұмыстардың алар оны ерекше болып табылады. Сыныптан тыс жұмыстар тек оқу дағдыларын бекітіп қана қоймай, білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, ғылымның түрлі салаларымен таныстыруға, жаңа мамандықтарды білуге мүмкіндік береді, олардың ойлауын, байқағыштығын дамытуға ықпал етеді 

Сыныптан тыс жұмыс дегеніміз – мақсаты, мазмұны, өткізу әдістемесі, сабақты басқару нысандары мен тәсілдері бойынша әр түрлі болып табылатын кең ұғым. Мысалы, сыныптан тыс оқу және мектеп мерекелері мен кештерін өткізу – бұл сыныптан тыс жұмыстар сала. 

Сабақтан тыс жұмыс – бұл өзін-өзі басқару, сынып жетекшілерінің бағыттаушы рөлі бар балалардың белсенділігі негізінде өткізілетін жұмыстар. Мақсаты, мазмұны және әдістері бойынша сабақтан тыс жұмыс оқу процесіне жақын, бұл оның сабақтан тыс уақыттағы жалғасы. Оны жоспарлау мен ұйымдастырудағы шешуші рөл мұғалімдерге тиесілі болады. Пән мұғалімдерінің білім алушылардың бағдарламалық материал туралы білімдерін кеңейту және тереңдету бойынша жүргізетін жұмыс бұған мысал бола алады. 

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын қалыптастыруда сыныптан тыс жұмыстардың атқарар рөлі маңызды болары сөзсіз.

Бастауыш сынып білім алушыларының оқу қызығушылығын дамытуға бағытталған, сонымен қатар оқу қызығушылығының деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін «Оқылған кітап жарнамасы»; «Ертегілер әлемінде» атты сыныптан тыс шаралар жүргізуліде. Сынып оқушылары «Мақта қыз бен мысық» ертегісін бастауыш сыныптарға қойылымын сахналап берді. 

«Оқылған кітап жарнамасы» атты сыныптан тыс іс-шара. 

Бұл сыныптан тыс іс-шара жоба әзірлеуді және таныстыруды қамтиды. Өз жобасын таныстыру үшін білім алушыларға 2-4 адамнан тұратын кіші топтарға бөлініп, өздеріне ұнаған кез келген туындыны таңдау ұсынылады. Іс-шараға дайындалу үшін білім алушыларға бір ай уақыт беріледі. Қажет болған жағдайда, балалар сынып жетекшісімен кеңесе алады. Білім алушылар өз араларында міндеттер мен рөлдерді бөледі. Тапсырманы орындауға арналған қатаң нұсқаулар жоқ, балалар өздерінің шығармашылық, бастамашылдық және ақпаратты дәлелді түрде ұсына білу қабілеттерін көрсетеді. 

Тапсырмалар: 

1) оқылған көркем шығарма бойынша буклет, плакат салу немесе кейіпкерлердің шағын көрмесін жасау; 

2) кітап оқудан алған әсерлерімен бөлісу; 

3) осы шығарманың шағын үзінді көрсетілімін ойнау (білім алушылардың өтініші бойынша костюмдер ойлап табу); 

4) сыныптастар неге дәл осы кітапты оқуы керек екенін түсіндіру және дәлелдеу. 

Бұл сыныптан тыс іс-шара білім алушылардың кітапқа деген эмоционалды-құндылық қатынасын, оқырмандық дербестігін және оқырмандық ой-өрісін арттыруға бағытталған.

Ұсынылған сыныптан тыс іс-шара білім алушылардың кітапқа деген эмоционалды-құндылықты қатынасын арттыруға, жанрлық айырмашылықтарды түсінуге, оқырмандық тәуелсіздігі мен оқырмандық ой-өрісін кеңейтуге бағытталған.

Мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда ғана оқырман белсенділігін қалыптастыру тиімді болмақ. 

Қазіргі оқушылардың көркем әдебиетті оқып, өмірде қолдана алуы, шығармадан өмірлік маңызды сұрақтарына жауап табуы, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсе білуі, оның іскерлік қабілетін қалыптастырып, рухани жан дүниесін байытады. Сондықтан мұғалімнің негізгі міндеті - баланың ішкі, жеке бастамаларын ояту, автормен сұхбаттасуға саналы көзқарасын қалыптастыру.

Айжан Рахымбаева, 

Алматы облысы, Талдықорған қаласы

«Өтенай ауылындағы мектепке дейінгі шағын 

орталығы бар № 21 орта мектеп КММ»

бастауыш сынып мұғалімі