Тәуелсіздік күніне орай Дос Көшіммен кездесу өтті

Тәуелсіздік күніне орай Дос Көшіммен кездесу өтті

Алматы Менеджмент Университеті Тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен 14 желтоқсан күні онлайн форматта еліміздің танымал қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшіммен кездесу өтті. Кездесуге университтеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

   Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында еліміздің танымал тұлғасымен кездесу өткізудегі мақсатымыз – жастар қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылатындықтан, жастар бойында Тәуелсіздік құндылығын сыни тұрғыдан бағамдай білу, құрметтей білу дағдыларын қалыптастыру.

   Кездесу барысында кеш қонағымыз Дос Көшім жастарға «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?» деген сауалды қоя отырып, егемен деген ұғымның маңыздылығын, оның оңайлықпен келмегенін, Тәуелсіздік -құндылығымызды ұрпақтан- ұрпаққа сақтап қалуда неге мән беру керектігіне тоқталып өтті. Студенттер тарапынан қойылған «тіл мәселесі, тіл қажеттілігін қалай көтеру керек, ұлттық кодты сақтап қалуда неге мән беру керек» және т.б. маңызды сауалдарға жауап бере отырып, жастардың да пікірлерін тыңдап, Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығын сақтап, еліміздің болашағын жарқын ететін білімді, елін сүйетін жастар қолында екенін баса айтып, өз ризашылығын білдірді. 

    Кеш барысында тақырып бойынша «Кім жылдам» атты викториналық ойын жүргізіліп, Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, патриоттық тақырыпта әсем ән мен өлеңдер («Самға», «Қазақ елі», «Қазақстан») орындалып, кештің ажарын аша түсті. Кеш соңында Тілдер дамыту орталығының директоры Абайұлы Нүркен кеш қонағы Дос Көшім мен кеш қатысушыларына және осы университет деңгейінде кездесу кешін ұйымдастырған оқытушыларға (Бегалиева Л.Б., Садыр Г.А., Нуртазина А.О., Джубанова Г.Ж.) алғысын білдіріп, университет атынан Дос Көшімді «Алғыс хатпен», кеш жүргізушілері мен кеште өнер көрсеткен студенттерді сертификатпен марапаттады.  

Бегалиева Л.Б., 

Қазақ үні