Зейнетақы айналасындағы зобалаң
2021 ж. 10 желтоқсан
1809
5
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде қарсы алуға дайындалып жатқан қазақстандықтардың мерекелік көтеріңкі көңіл күйін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры бір-ақ күнде су сепкендей басып берді. Тұрғындардың талап-тілегін таптап, қыңыр, қырсық шешім шығара салу жағынан біздегі қаржы саласы алдына жан салмайтыны бұрыннан белгілі. Банктік мөлшерлемені аспандатып, несиесін төлей алмағандардың басына бұлт үйіріп, тіпті жалғыз баспанасын тартып алу да үйреншікті жағдай. Оған таңғалудың да қажеті жоқ шығар...
Банктерден қалғысы келмеді ме, бұл жолы халықты әлеуметтік жағынан қорғап-қолдауға міндетті министрлік пен қолында азаматтарымыздың сеніп тапсырған қомақты қаржысы бар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өз салымшыларын сергелдеңге, бастарын қатырған шырғалаңға салып қойды. Жоқ жерден шыға қалған дүрбелеңге ақшаны шешіп алуға болатын жеткіліктілік шектеу мөлшерін бірден екі есеге жуық көтеріп жібергендері себеп болды. Қазір еліміздің барлық аймақтарында қордағы ақшаларын тезірек қолдарына алуға асыққандар айқай-шу шығарып жатыр. Өйткені жылдың соңына дейін ақшаларын алмаса, келер жылдың басында ондай мүмкіндіктен айырылады. Сондықтан дау-дамай мен дүрбелең тудырған жеткіліктілік шектеу мөлшерінен тыс ақшаларын алғысы келетіндер қатары соңғы күндер екі есе өскен. Олардың саны еліміз бойынша тек қана төрт күннің ішінде 83 мыңнан асқан. Көбісі баспана алу үшін ақшаларын «Отбасы банкіне» аудармақшы. Солардың бірі алматылық Бекен Жарқынбаев телеарналардың біріне берген сұхбатында өзі жылдар бойы қорға 6 миллион теңге салғанын, қолданыстағы заң бойынша тиесілі 700 мың теңгесін алып «Отбасы банкіне» аударып, баспана алу үшін алғашқы жарнасын өтемекші екенін айтады. Ал, қазір ақшаны аудармаса келер жылдың басында жеткіліктілік шектеу мөлшері көтерілгенде бір теңге де ала алмайды екен. Жылдың аяғына да санаулы күндер қалғанын ескерсек жұрттың жанталасатындай жөні бар. Банк пен Қордың есігін күзеткендердің көбінің жағдайы осыған ұқсас.
Мысалы, «Отбасы банкінің» Солтүстік Қазақстан филиалына зейнетақы қаржысын аударуға келгендер саны әдеттегіден он есе артқан. Сол сияқты Атырауда да дәп осындай жағдай. Аталмыш банктің Атырау бөлімшесі бастығы Нұрболат Батыровтың айтуынша, олардың қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері де таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Кезекті болдырмау үшін қосымша қызметкерлерді жұмысқа шақыруға тура келген.
Қолдан жасалған бұл дүрбелеңнің салымшылардың күні бойы кезекте тұруымен ғана аяқталмайтын түрі бар. Енді адамдар шұғыл түрде сатып алуға баспана іздеуге шыққан. Демек баспанаға деген сұраныс бірден өсіп отыр. Осыған орай оның құны да бірден көтеріледі деген сөз. Оған күмәнданудың қажеті жоқ, біздегі тәжірибеге сүйенсек елімізде баға төмен түспесе де, көтерілуі көзді ашып-жұмғанша болатын құбылыс екені белгілі. Баспана бағасының көтерілетінін осы саланың сарапшылары да айтуда. Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Асхат Базарбаев осы жарты жылда баспана бағасы тағы да 10-15 пайызға қымбаттайтынын айтады. Оған мына дүрбелеңнің де әсері бар екені белгілі. Осы жерде біздің үкімет халыққа қиындық тудыруды әбден шебер меңгеріп алғанын айта кетуіміз керек. Үкімет қарамағындағы түрлі салалық министрліктерде жұртқа жақсылық, жеңілдік жасай қоялық деген таза ниет атымен жоқ сияқты. Қандай шешім қабылдаса да қара халықты қан қақсатады. Сонда олар атқарушы билік ретінде кімге қызмет етіп жатыр? Бұл сұрақты тура қоймасқа амалымыз жоқ.
Қазақстан Президенті 2-қаңтарда елімізде экономикалық өсімді қайта қалыптастыру мақсатында ҚР кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойғаны белгілі. Онда зейнетақы қорынан қаржы шешіп алу мәселесі де қарастырылған. Ал 1- қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ең төмен жалақыны көтеру туралы шешім қабылдады. Яғни, бұрынғы 42 500 теңгенің орнына 60 мың теңге мөлшері белгіленді. Енді міне сол жақсылықтың соңын ала желтоқсан айының басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ зейнетақы қорынан ақшаны алу жеткіліктілік шектеу мөлшерін екі есеге жуық көтергендерін жариялады. Жеткіліктік шектеу мөлшерін екі есеге көтерсе, қарапайым арифметикалық есеп бойынша төменгі жалақы да 85 мың болу керек қой. Сөйтіп салымшылар өз ақшасына өзі қол жеткізе алмай қалды. Әрине, бұл шешім көпшіліктің наразылығын тудырды. Ақшасын алу үшін енді салымшының есебінде кем дегенде 3 миллион теңге болуы міндет. Бұрынғы меже 1,7 млн. теңге деңгейінде болатын. Алдынала есептеулер бойынша жаңа жылдан бастап салымшылардың 150 мыңы ғана артық ақшасын алар мүкіндігі бар. Бұл зейнетақы қорына ақша аударатын еңбек етушілердің үштен бірі ғана. Ашығын айтсақ осы өзгерту алдымен жас отбасыларына үлкен соққы болып отыр. Өйткені, баспана алу үшін алғашқы жарнаны төлеу мүмкіндігінен айырылады. Негізі зейнетақы қорынан ақша шешу баспана алу, емделу, балаларын оқыту сияқты нақты сегіз мақсатқа қана рұқсат етіледі. Қарапайым тұрғындар көпшілігі енді сол жеңілдіктен де құр қалып отыр. Одан кейін халық тарапынан қалай наразылық туындамасын?..
Осы жағдайға байланысты біздің биліктің қандай ойы бар екен? Бұл шешімді кімдер қабылдады? Жаңалық жария болысымен, халықтың наразылығын байқаған журналистер соны анықтауға кірісті. Басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ өздерінің жаңа шекті мөлшерін есептеуге қатысы жоғын айтып, бастарын ала қашып бір-біріне сілтеп бақты. Зейнетақы жинағының айналасындағы әңгіме үдеп бара жатқан соң министрлік пен БЖЗҚ өкілдері енді өздерінше түсінік бере бастады. Әдістемені әзірлеумен Серік Шәпкеновтің ведомствосы айналысады екен. Осыған дейін ресми сайттарында жарияланған ақпаратты жоққа шығарып, жауапты қызметкерлерін жазалағанға да ұқсайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың 7 желтоқсанында таратылған баспасөз релизінде зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін белгілеу мәселесінде министрлік құзыретіне қатысты бұрыс тұжырымға жол берілгенін хабарлады. Ал 8 желтоқсандағы жағдай бойынша әдістемеге өзгерістер енгізілген жоқ және жоспарланбаған, өйткені оның ағымдағы нұсқасы қазақстандықтарға болашақ зейнетақы төлемдерін қолайлы деңгейде қамтамасыз етудің қажетті өлшемдеріне толық сәйкес келетінін айтады. Еңбек министрлігі жеткіліктілік шегі жыл басындағы ең төменгі жалақы мөлшерімен автоматты түрде қайта есептелетінін алға тартты. Зейнетақы қорындағы салымның ең төменгі шегін айқындау ережесін Үкімет 2021 жылдың қаңтарында бекіткен екен. Министрлік соған сүйеніпті-мыс. Сонда осы жаңа әдістемені Үкімет құрамындағы қай министрлік әзірлеген? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұған ешқандай қатысы жоқ деу қисынға келмейді. Өйткені жаңа әдістемені қай министрлік әзірлесе де халықтың тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететін мәселе болғандықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған жауапты болуы керек. Бұл мәселеге олар алдымен осы тұрғыдан қарауы қажет.
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов та қарап қалмай осы жағдайға қатысты түсініктеме берді. «2021 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қол қойылды, онда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ұлғайту көзделген. Ең төменгі жалақы қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетін болады. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері және басқа да әлеуметтік көрсеткіштер өсті.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі – міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ең төмен мөлшері деп белгіленген.
Ең төмен жеткіліктілік шегі (ТЖШ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге 2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтыруларға сәйкес жыл сайын қайта есептеліп отырады және БАҚ-та жарияланады. Бекітілген Әдістемеге сәйкес, ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшелігі үшін анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін ескереді. Есептеуде ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі. Бұл көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты Үкіметтің қолданыстағы қаулысына сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТЖШ шамалары қайта есептелді. ТЖШ асатын сомасы бар азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалана алады» – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы. Бұл да жалпылама жауап.
Байқап отырғандарыңыздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ Үкімет қаулысына иек артып, ақталып отыр.
Қыспаққа түскен қарапайым тұрғындармен қоса, мәжілісмендер де шенеуніктердің мұндай жауабына мүлдем қанағаттанған жоқ. Әдеттегідей, біздегі көп партиялардың қатарынан халықтың жанайқайына тағы да «Ақ жол» партиясы ғана назар аударды. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев БЖЗҚ қоғаммен ақылдаспай зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеріп жібергенін бірден қатаң сынға алды. «Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің шекті мәнін айқындау әдістемесін Үкімет бекітеді, оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейді. Бірақ нақты сандар Қордың өз шешімімен бекітіледі. Сондықтан, БЖЗҚ төрағасының бар мәселені заңнамаға ысырып тастауы – белгілі бір деңгейдегі қулық. Әрбір шенеунік өзі шығарған шешімдерге жауапкершілікпен қарауға және оны нақты дәлелдермен растауға дайын болуы керек деп есептеймін, – деп жазды депутат телеграм каналында. «Жалпы, қазіргі жағдай Қор мен оның бүкіл қоғам болып табылатын инвесторлары арасында кері байланыстың жоқтығын айғақтайды. Меніңше, Қор мұндай маңызды шешімді формулаларды механикалық түрде толтырып, қоғаммен ақылдаспай қабылдамас бұрын оны Үкіметпен, салалық министрлікпен талқылап, қоғамдық алаңдарда ықтимал тәсілдерді пысықтауы керек еді. Себебі, бұл мәселе жинақтары БЖЗҚ-ға емес, салымшылардың өздеріне ғана тиесілі болып табылатын миллиондаған азаматтарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Қоғам бұл қаражатты жақсы басқару үшін Қорға сеніп тапсырды, ол ашық және адал жүргізілуі керек» – деді А.Перуашев. Депутат мәселені дұрыс көтеріп отыр. Өзінің маңдай терімен тапқан ақшаны әрбір азамат өз игілігіне жаратуға толық құқылы. Бұл қаражатты олар Еңбек министрлігінен немесе БЖЗҚ-дан қарызға алған жоқ.
Ақыры не керек, халықтың жанайқайы мен осыған байланысты «Ақ жол» партиясының көтерген мәселесін таскерең Үкіметіміз естімесе де, мемлекет басшысының құлағына жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуға тапсырма берді. «Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», – деп жазды бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Б.Уәли.
Сонымен халықты дүрліктіріп, бір жұмаға жуық созылған бұл мәселе де уақытша шешімін тапқан секілді. Уақытша деуге толық негіз бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, бірінші сәуір де келіп жетер. Сол кезде бұл мәселе қайта көтерілуі әбден мүмкін. Сондықтан адамдарымыздың тұрмысына тікелей әсер ететін осы сұрақты мұқият қарап, заңдық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау аса қажет. Тағы бір айта кететін жағдай бар, осы мәселені құрамында бірнеше салалық министрліктері бар біздің үкіметіміз өзі шеше алмауы таңғалдырады. Түрлі заң жобаларын дайындап ұсынатын да өздері емес пе?! Әлде оларға кез келген мәселе бойынша депутаттар үнемі сауал жолдап, Президент тапсырма беріп отыруы керек пе? Халыққа қызмет ететін негізгі атқарушы билік саналғандықтан өз адамдарының мүддесіне орай жұмыс істеуді олар қашан үйренеді?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz